Жауап: Есептілік үшін емес, елеп-екшеу үшін бір шолып өтер болсақ, мемлекет тарапынан жасалған мемлекеттік тілге қатысты бірқатар іргелі қадамдар жасалыпты. «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мемлекеттік тілді қолдаудағы ең басты қадам – мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының саны – 351-ге жетті, бұл көрсеткіш қазір қарқынды түрде артып келеді. Білім сапасын көтеру мақсатында аталмыш орталықтарын аккредиттеу жүйесінің әдіснамасы әзірленіп, сынақтан өткізілуде. Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия құрылып, заңнамалық және тәжірибелік саладағы нақты шараларды жүзеге асыра бастады. Ал, терминология, ономастика саласындағы жұмыс нәтижелері бірден қолданысқа енгізілетіндіктен, оларды көпшілік көзбен көріп отыр деуге негіз бар. Мемлекеттік тіл жанашырларына қолдау, көтермелеу шаралары да ұйымдастырылуда.
Бірақ, мемлекеттік тіл мәртебесі өз деңгейінде орнығып болды деуге әлі ерте. Алда әлі де еңсерер елдік қадамдар жетерлік. Бірақ, «елдік» дегеннен шығады, мұндай мақсатты тек ел болып қана еңсеруге болады. Ендеше, елдігімізге келейік.
Елдік тұрғыдан алғанда, мемлекет азаматына мемлекеттік тілде сөйлеуді біреу келіп үйретуге міндетті емес. Мемлекеттік тілде сөйлеу ең алдымен әрбір адамның өз қалауынан, жеке басының қадір-қасиетінен, тіліне, тарихына, отанына деген құрметінен туындайды. Яғни ең басты фактор – жеке тұлғаның рухани қажеттілігінің, өзіндік ізденісінің болуы. Абай тілімен айтқанда, «жан құмары» қажет.
Біз сезінуге тиіс бір шындық бар. Мемлекеттік тіл белсенді қолданылмаса, оның маңызы төмендей бастаса, мемлекеттіліктің тұғыры берік болмайды. Өйткені» жоғарыда атап өткеніміздей» мемлекеттік тіл – ел азаматтарын біріктіруші және мемлекетті алға жылжытушы негізгі күш. Оның өркендеуіне еліміздегі барлық ұлт өкілдері мүдделі болуға тиіс.
Тілден өзге ешбір ерекшелік ұлтты ұлт ретінде сақтап қала алмайды. Тіл – мәңгілік құндылық. Сол құндылықтың құны жойылмауына әрбіріміз сөйлеу арқылы үлес қосатынымызды түсінуіміз қажет. Тілдің қолданысының кемуі дәстүрлі рухани құндылықтар қолданысының кемуіне алып келеді. Рухани құндылықтар кем қолданылған сайын әлсірейді, жұтайды, ақырында ұмыт болады. Ешбір қоғам өкілін өз ұлтының рухани құндылықтарынан тыс жат құндылықтар толыққанды тұлға ретінде қалыптастыра алмайды. Сондықтан да, тіл – тұлға санасын қалыптастырушы фактор. Тіл сапасы жоғалса, адам сапасы да жоғалады.
Ал. өз тілін түзете білген әрбір азамат мемлекеттік тілдің тіршілігінің жалғасуына елеулі үлес қосады. Біздің әрбір қадамымыз тілді жандандыруға бағытталған саналы қадам болуға тиіс. Барлық рухани байлығымызды, қасиетті құндылықтарымызды, аңызымыз мен ақиқатымызды, тарихымыз бен танымымызды, барша ізгі сезімдерімізді сеніп тапсырған мемлекеттік тіліміз осы аманатты абыроймен арқалап келеді. Сол қара нардай қасиеті үшін біз қазақ тілінің қадіріне жетуге тиіспіз. Тарихымызды жасаған және тарихымызбен бірге жасасқан тіліміздің бізден талап етері біреу ғана – ол мемлекеттік тілде сөйлеу.