Тағы бір жауыр болып кеткен мәселеге өкінішке қарай Үкімет аз назар аударуда. Ұлттық құндылықтарға, имандылыққа, қазақ тілі мен мәдениетіне және әлеуметтік әдептілікке қарсы бағытталған мазмұндағы ақпарат құралдары бар. Олар – коммерциялық еркіндік, «последний крик моды» және заманауи демократияны жақтаушылар атымен бүркемеленген телеарналар, газет-журналдар, ғаламтор-сайттар, әлеуметтік парақшалар және тіпті сатылымдағы қағаз кітаптар.
Осы мәселені қолға алу үшін Үкімет (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Парламент және Бас Прокуратура) тарапынан нақты ұлттық редакциялық саясат яғни ұлттық мәдени бақылау қажет. Бұл – цензура емес! Ол әлеуметті сауатты әрі салауатты ақпаратпен қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Барлық дамыған елде осы сарындағы мәдени саясат бар және тағы барша азаматтық қоғам аталмыш үрдістерді өздерінің бақылауларында ұстап отыр.
Мәселен, АҚШ-та бірде-бір журналист Американың қара нәсілді азаматына “Черный” деген сөзді қолданса, штаттың билігі немесе федералды биліктің тікелей қаулысымен сол журналисті қызметтен босатады немесе соттайды. Израильде Ұлы Отан соғысы жылдары лагерьлерде мерт болған еврейлер тақырыбына, жалпы ұлттық тақырыптарға қатысты кереғар пікірді білдірген азамат сотталады екен. Ал Германияда кез келген азамат «нацизм жақсы» деген сөз айтса, бірнеше минуттан кейін-ақ ол абақтыда қалай отырғанын аңғармай да қалады. Сол сияқты, Қытайда «қытай экономикасының кемшіліктері» деген сөздердің өзі Гонконгтың өзінің бірнеше азаматтарын әкімшілік жауапкершілікке тартқызды. Бұл – өмір шындығы! Демек, олар өзінің cуверенитетін қорғау жолында “права человека” деген лозунгты жамылған “национальный предательдерді” әділ жазалайды.
Осыған орай келесідей ой туады. Кей жағдайда ең демократиялық елдердің өздерінде де кейбір ақшақұмар, арамдау әрі – барынша жұмсақ айтқанда – патриот емес журналисттердің «сөз еркіндігі» деген бүркеме ұрандарынан гөрі Конституциялық тәртіптің сақталуына және заңның орындалуына көбірек басымдылық беріледі. Мойындау керек, оппозиция атын жамыла отырып, ұлттық бірлікке, мемлекеттің тұтастығына, қауіпсіздігіне қарсы сыртқы және ішкі күштерге жасырын қызмет ететін БАҚ өкілдері Қазақстанда да жоқ емес. Алайда, аталмыш проблеманы шешу үрдісі кей жағдайларда толыққанды қолға алынбай отыр.
Ұлттық мүддені қорғаудың тек практикасын ғана емес, теориялық негіздемесін де күшейту керек деп ойлаймын. Шекараны және ішкі тәртіпті қорғау маңызды, ал нақты МӘДЕНИ-АҚПАРАТТЫҚ ИДЕЯЛЫҚ деңгейде ел және мемлекеттік мүддені қорғау одан да маңызды! Қазіргі аумалы-төкпелі заманда халықаралық аренада Ресей мен АҚШ-тың, Қытай мен АҚШ-тың және т.б. алып елдердің экономикалық әрі ақпараттық текетіресі болып жатыр. Осындай тыныш емес жағдайда, Қазақстанға өзінің ақпараттық кеңістігінің шекараларын нығайту маңызды.
Өткенде «Хабар» арнасынан деректі фильм көрдім, ол жақта Мемлекеттік шекараны демаркациялау 1990-шы және 2000-ші жылдары қаншалықты қиын болғандығы баян етіледі. Ал болашақ мемлекеттік тұтастық пен ұлттық бірлік үшін өзіміздің ақпараттық әлеміміздің кеңістігін бекітіп және айқындап алу қазіргі таңда одан да маңызды. Сонда ғана, түрлі секталардың жағымсыз ықпалы мен дәстүрлі ұлттық құндылықтарға қарсы бағытталған «Батыс үлгісіндегі» пропаганда және көрші мемлекеттермен, тіпті өз Отандастарымызбен араздыстурға бағытталған ақпараттар легін тоқтата алар едік!
Не десек те, Ресейдің ақпараттық кеңістігінде рухани иммунитет бізден жақсырақ қадағаланып жатыр. Өткенде Ресей арнасын қосып қалсам, Вяземский мырзаның (асаба емес, МГИМО профессоры!) “Умницы и умники” бағдарламасы жүріп жатты. Тіпті, ең басты іріктеу кезеңіне бүкіл Ресейден тек үздік оқитын оқушылар ғана іріктеледі екен. Ойлаңыз, бұл – ең алғашқы һәм бастапқы кезең! Демек, ол бағдарламаның деңгейі аса жоғары және интеллектуалды сайыс салыстырмалы түрде әділетті өтеді.
Соған ұқсас Максим Галкиннің “Лучше всех” деп аталатын дарындылар додасы асқан айрықша интелегентті жобасын ауыз толтырып әбден мақтауға тұрарлық. Және осы сынды бағдарламалар оларда жеткілікті. Ал енді сол күні кешке қазақ бағдарламасын яғни қателеспесем атауы – “Қызық екен” (тек бос ыржыңға толы) және тіпті “Миллион кімге бұйырады” бағдарламасын қосқан кезде бір орасан зор сәкессіздікті байқадым. Менің ойымша, зияткерлік сайыстарға көбінесе зиялы қоғам өкілдері қатысуы тиіс! Алайда бұл шарт мүлде орындалмай жатқан секілді. Интеллектісі бар қатысушылардың орнына түрлі кафе әншілері, мейрамхана бишілері, әрі кетсе ауданға лайықты парикмахерлер мен көк базарда шемішке сатуға ғана миы бар сахна өкілдері көрініс табуда. Бағдарламаның зияткерлік стилі қайда? Білімді жарыстырсақ, XXI ғасыр көшбасшысы секілді әрі білгір, әрі шешен адамдарды алу керек емес пе? Ақиқатын айтсам, осындай сапасыз, атына затына сай емес тележобалар көбеймесе, азаяр емес.
Тағы бір өкінішті, мұңды жайт – біздің жалпы отандық ақпараттық кеңістікте қазақ халқының мәдени имиджіне нұқсан келтіріп жатыр. Қазақ азаматтары Ресей азаматтарынан білімсіздеу, қараңғылау деп ойлағым келмейді. Ендеше, неге жоғарыда мен атап өткен қазақ бағдарламалары дәл сондай ренішті ойды қасақана тудырып жатыр?
Біз білетініміздей, 2019 жылдан бастап Президент жанында Ұлттық Сенім комитеті пайда болды. Дәл сол үлгіде ұлттық руханият комитетін де құру керек. Ол комитет белгілі бір деңгейде Қазақстандық жазушылардың, сценарийстердің, кинорежиссерлердің, тілшілердің, театр көркемдік жетекшілерінің шығармашылық бағытын реттеп отыруы керек. Бұл Мәдениет және Ақпарат министрлігіне қосып берген цензура емес, бұл теледидарымызда зиянды бактерия сияқты тым көбейіп кеткен МЫЛЖЫҢ ӨСЕКШІ ҚАТЫН және АНАЙЫ ЫРЖАҚ САЙЫСТАРЫ іспеттес контенттің, “Келін”, “Борат” іспеттес ұлтқа қайшы туындылардың, ғаламтордағы ұятсыз блогерлер мен арсыз әншілердің ұлттық намысқа нұқсан келтіретін диструктивті шоу-әрекеттерін алдын алудың, болдырмаудың жалғыз жолы!
«Борат» (2009) – ол градусник. Ұлт температурасын тексергісі келді. Үре ме, тістеп ала ма деп! Режиссері Коэн – иудей де емес, мұсылман да емес, католик те емес, жалпы шетелдік емес, ол «наднациональный (ұлттық дәстүрлі құндылықтарды әдетке жоққа шығаратын) корпорацияның» өкілі. Ол – постмодернисттік жаһанданған Әлемнің нарықтық елесі. Бұл өнердегі мәңгүрттік құбылыспен күресу өте қиын. Себебі, олар гуманизмді емес, трансгуманизмді насихаттайды, адам туралы емес тек биороботты мақұлдайтын корпорациялық жүйе… Шыңғыс Айтматов 1997 жылы «Кассандра таңбасы» романында жаһанданудың шектен тыс құбыжық формаға айналатынын дәл болжап кеткен екен. Бүгін «В своем Отечестве нет пророка» деп Інжілде дұрыс айтылғанына аса таң қаламын.
Бүгінгінің “Гитлерлері” – Бораттар. Мақсаттары – ұлтсыздандыру, “Сен бәріне ортақ планетаның адамысың!” дейді. Ал анығында мысалы, паспортыңа қытаймын деп жазуың үшін бір провинциядан екі пәтер беруге дайын шығар. “Лишь бы” сол жақта қалсын. “Бораттардың” көрермені бар – бізде. Шаштары “зеленый”,” фиолетовый”, әсіресе солар сүйсіне көреді. Әрине, молданың, мұғалімнің баласы көрмейді. Алайда, оның құрдастары көреді. Швейцария – Еуропаның қақ ортасы, Қазақстан – Еуразияның қақ ортасы. Сондықтан жастарға отансүйгіш болуға негіз көбірек. Шетелге қашпай, Қазақстанды шетелден де озық қылайық. “Озық ел” деген ұғымды қазақы мағынада түсінейік. Біз үшін дамудың шыңы – “Теплый туалет” емес. Біз үшін рухани кемелдік маңызды. Рухани жаңғыру – науқаншылдық емес, ҚАЗАҚЫ әдептілікті тәрбиелеу. Мәселен, сіздің балаңыз ұлттық театрға баруды ма әлде Макдональдсқа баруды таңдар ма еді?! Ол сізге байланысты…
Ұлттық идеологиямызды шарқ ұрып әлі іздеудеміз. Ресейдің қазіргі ұлттық идеологиясы – Еуразияның “миы” болу болса, біз “жүрегі” болайық! Сол болсын – ұлттық идеологиямыз. 30 жыл бойы “Қазақ дамымай қалған, мәмбет” деп миына құйып тастаған. Сол жастарға қазақ үшін бірдеңе жасайық десең мырс күледі. Бар болғаны блогер не айтады соған сенеді. Құдай біледі олар не деп айтады?! Өзбекстанда өзбек жаман десең заңмен қудаланады, ал бізде Борат “спокойно гуляет”. Готовить баурсаки может и швед, но нікәкөй швед не сможет твой “ырым-жоралғы” понять как свою.
Біздің “Нұр Отан”- ға әуелі өзіне қазақылану керек. Салт-дәстүрді – солар сақтауы керек. Конституциямызға енгізіп алуымыз керек. Мәселен, Үндістан, Пәкістан, Қытай, Татарстан сияқты. Және дәл солардай біз де ата дәстүрімізді берік сақтауымыз қажет. Әйтпесе, есіктен сығалап әлі тұр. Идеология керек деп көп қақсадық. Мысалы, көршіміз Ресей “Біздің дәстүр әлем дәстүрлерінен жоғары тұрады!” деп Конституцияларына бекітіп алды… “Нұр Отан” жастарға енді зейін қойып жатыр. Келешекте қазақ жастары қандай болады? Астарын ұғынса, бұл – үлкен сұрақ! Үлкен саясат. “Нұр Отан” қалсын, бірақ күшейсін. Әрине, бытыраңқы екенін халық көріп тұр, бірігуі керек.
Әлбетте, қызық, өзбек молда, түрікмен молда деген түсінік бар. Қазақ молда деген тек анекдотта айтылады. Бұл да – дінді әлсірету үшін ғой. Бірақ, кей молдалардың сымбаттары “такой что” ешқашан ораза ұстамаған сияқты… Жіпке шырмалып қалдық. Әшкерелеу болатын сияқты. Қазақстан қақиып тұр, “лишь бы” шырмалып қалғанымызды біліп қоймаулары үшін. Керісінше мұндайда – мінекей, жіпті шештім дегеннің орнына! Бір ғана тілек – әлемдік саяси аренада біздің Тәуелсіз Қазақстанның өз ойы болса дейсің. Ол үшін Қазақстан оригиналды, креативті ойлау жүйесі бар, тудыра алатын шығармашыл жастардың потенциалын шұғыл пайдалана бастауы қажет.
Бүгінгі қоғамда тым либералды әрі кейбір аса шала қазақ азаматтарының ұстанымдарын ұқпаймын. Олардың санасы үшін қазақы мәдениет тек қана мұражай ұғымымен ғана сәйкестенген, қазақ өнері тек қана ауылдағы той ұғымымен пара-пар, ал ұлттық дәстүрлі құндылықтар тіпті бейне бір мазар іспеттес нәрсе. Әрине, заманауи болу қажет, ғылымның соңғы жетістіктерінен үздіксіз хабардар болып тұру керек, ең озық әрі ең соңғы техниканы игеріп отыру қажет, жаңаша ақпараттық құралдарды пайдалана білу керек әсте оны ешкім жоққа шығармайды да.
Әйткенмен, қазақ болмысы мен “XXI век” деген екі ұғымды бір-біріне қарама-қарсы қою мүлде дұрыс емес. Егер, менің оппонентерімнің бүгінгі қазақ мәдениетінің жағдайына көңілдері толмаса, онда олар “жығылғанға жұдырық” деген философияны ұстанбасын. Керісінше, мемлекеттік қазақ тілін үйреніп, классикалық қазақ тіді туындыларды бойына сіңіріп, қазақы өркениеттің дамуына барлық мүмкін, мүмкін емес те үлесін қоссын! Егер, сонда да нәтиже шықпаса, онда бәлкім иә менің көзқарасым тура болмағаны.
Азайып бара жатқан қазақылықты тағы бір түгендеп алайық деген ниетпен, қолыма қалам алдым. Кейбір оқырмандарға аталмыш мақалам тым ұлтшыл, асқан ескішіл әрі аса ұраншыл болып көрінуі ықтимал. Ал түсінігі бар ШЫН ТОЛЕРАНТТЫ оқырман бұл мақаланың ұран емес, жанайқай екенін бірден аңғарар. Мақаламның түбінде – ұлтшылдық емес, өз ұлтына деген айрықша сүйіспеншілік пен өзге ұлттарға деген жанашырлық жатыр.
Бүгінгі ұлттық құндылықтар ертеңгі күні ұлтымыздың яки ұлт руханиятының және жалпы адами салауатты, сау сана-сезімінің сақталуының кепілі болуы үшін барша БАҚ өкілдерінің қызметін бақылау керек. Әрі Өнер ошақтарының шығармашылық үрдісін, бағытын реттеп отыру абзал. Әйткенмен, ең әуелі ұлттық идея, мемлекеттік идеология негізінде төл мәдени нақты саясат ережелерін жасау қажет. Біз қандай елміз?! Шынымен, Швецияға келе жатқан ба? Әлде Өзбекстан сықылды төл тамырын сақтап қалған елге бара жатқан ұлтпыз ба?
Қазақстан қазір мың үйір жылқысы бар бай, бірақ, қарауылы жоқ үйір сияқты. Саулық – сақтықта. Біздікілер сол баяғы 30 жылдық санамен жүр: “Америка – дос! ” деген. Керек десеңіз, Америка Мексика мен Канадаға да – дос емес. Бізде 30 жылда ірі конфликттер болған жоқ. Құдай сақтап отыр. Бірақ, XXI ғасыр – Қазақстан үшін қауіпті. Шетелдіктерге біздің мұнай “желательно” жермен бірге керек! Елдегі елшіліктердің ұйымдастыратын кештерінің бәрін мұқият бақылау керек. Базардағыдай өсек таратып жатқандары да болуы ықтимал. Қазақтар мен дүнгендер 30 жыл тату-тәтті шай ішіп отырды. “Вдруг” Қордайдан шу шықты. Қазір де барлық сыртқы күштер – іштен жұмыс жасап жатыр. Бұған 2016 жылы-ақ Ақтөбедегі теракттен кейін көзім жетті.
Мен Қырыммен болған жағдайды “Бос шабаданды бір жерден алып, екінші жерге қоя салды” деп бейнелеймін. Әрине, әуелдегі иесі, тілі жоқ. Сондықтан, санаспайды. Ал бізде бүгін “Ой, Ресей басып кетпесінші, Қытай аяғымен жаншып кетпесе екен! ” деген тек өлместің күні дерсің. Алаңдайсың. Айта алмайсың…
Ал қазақ тілінің мәртебесіне қатысты тілегіміздің түбін сол қазақтардың өздері әлі-ақ ұқпай жүргендерін “комментарий”-лерден көріп, жағамды ұстадым. Дем жетпей қалды. “Мемлекеттік тілді біліп қайтеді?! Өз жұмысын жақсы білсе болды ғой! ” деген түрлі-түрлі шолақ ойлайтын Қазақстан азаматтары қасақана тарихты білмейтін оқыстан сауатсыз, надан һәм намыссыз, рухсыз болып отыр ма? Әлде, анығында өздері табиғаттарынан сондай санасыз ба?! Сонда бұл қазақтар жеті бабасына жалғанбай қалған ба!? Бәлкім, біз тарихымызды ұлттық тұрғыдан насихаттай алмай отырмыз?
Онша белгілі емес тарихи мысал: 1987 жылы Ресейдің бір жас әлі танымал емес қоғам қайраткері Михаил Швыдкойға түн ортасында пәтерінде ұйықтап жатқанында қоңырау шалынды. Ол Францияда тұратын таныс француздың тілші қызы еді. (Француз қыз орыс тілін жақсы білетін еді) Әңгіме алты минуттан көп болмады. Мазмұны мынадай: тілші қыз үлкен қобалжу үстінде болып: -“Мен Ресей мәдениетінің болашағы үшін қатты алаңдап отырмын.” Швыдкой мәселенің мән-жайын түсінбей: – “Бізде бәрі тамаша, тыныш, әсіресе, мәдениет саласында. Сен неге сондай қорытындыға келдің?” Тілші қыз: – “Кеше Парижге Горбочев келіп, сұхбат беріп кетіпті. Сол сұхбақа сенсек, жақын арада КСРО-да цензура мүлде алынып тасталады екен.” Швыдкой таңқалып: – “Қайта жақсы емес пе?” Тілші қыз: – Біздің француз тілінде цензура деген өте сауатты реттеу деген мағынаны білдіреді, демек менің түсінуім бойынша сендердің мәдениеттерің құлдырайды, өйткені, мүлде реттеусіз қалады. Швыдкой сенбей, күліп қана жауап қатпай қойды.
Дегенмен, 2019 жылғы өзінің авторлық телебағдарламасын жүргізіп жатқан кезде әлгі оқиғаны есіне алып, сол сөзбен эфирді аяқтайды. Бұл оқиға ойлантарлықтай екен. Расында да, әдебиетте, кинода, мейлі басқа өнер саласында болсын “Толықтай еркіндік. Ешқандай реттеу керек жоқ!” деген зиянды һәм даулы ұран қайдан шықты екен?! Соңғы 30 жылдың ішінде қазақ мәдениетіне, қазақ әлеуметіне, тіпті қазақ мемлекеттілігіне зиянды аталмыш ұран неліктен бүгінгі күні әлі де естіліп жатыр. Сонда біздің Үкімет, әсіресе Мәдениет министрілігі ұлттық өнер мен ұлттық ақпараттық кеңістікті реттегеннен гөрі, мың отар қойды бос жібере салғандай көрініп кетеді кейде. Демократия – жақсы сөз, десек те, процедуралық реттеулер ұдайы керек-ақ!
Не үшін орыстарды ұлы дейді? Олар өз-өздерін қадірлейді, сыйлайды. Қазақтар да өз-өзін сыйлауды үйренсе, ұлылық та келеді. Дмитрий Пучковтың “Я помню. Расскажи мне о войне…” авторлық жобасы бар. Автор онда өз тарихтарын түгендеп жатыр. Олар саяси тұрғыдан қарастырса, біз ұлттық тұрғыдан қарастыруымыз керек. Шетелдің зиянды ықпалын азайту үшін төл мәдени саясатты, ұлттық ТӘРБИЕНІ Үкімет деңгейінде (Білім министрлігі, Мәдениет министрлігі және Ақпарат министрлігі), тіпті Ата заң деңгейінде ресми тұрғыда бекітетін уақыт әрине, келіп жетті. Ең алдымен, ұлттық идея, мемлекеттік идеология негізінде төл мәдени нақты саясат ережелерін жасау қажет-ақ.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы – өте орынды. Әрине, 20 жыл бұрын қолға алынса, тіпті ғажап еді. Рухани жаңғыру – рухани тірілу. Ол сырттан келмейді, іштен жасалынады. Әйткенмен де, біздің үгіт-насихат, жарнамаларда неге әлі де ұлттық мәнер жоқ? “Шедрая душа” деген жарнама бар еді ғой. Бірден орыс рекламасы екені аңғарылып тұрады. Француздардың да жарнамасын алсаң да, сол ұлттық мәнер бар. Оларда қоғам біркелкі әрі жарнама саласы да әбден қалыптасқан. Біздің қоғамға жаңа Өзбекәлі Жәнібековтер, Абдолла Қарсақбаевтар, Әлкей Марғұландар, жаңа Ақжан Әл-Машанилер мен Ақселеу Сейдімбектер, жаңа есімдер қажет-ақ. Біз тойға қатысты пайдалатын амалдарымызды, олар білімге қолданады. Тойыңды бәрі көреді, біліміңді ешкім көрмейді. Бізге білімнен – той маңызды!!! Мәселен, “Россия К” каналы балет, ал біз “Күлпәш” көріп отырмыз. Деңгейін көтеретін де шығар. Ал олар әрі ақша тауып жатыр, әрі үгіт-насихатын жүргізіп отыр.
Қырғыздар Калифорнияда гәлөш сатып жатыр десе де, күлмеңіздер. Қандай боран тұрса да, олардың ақ қалпақтары (өзбек тақиясы, түрікмен тымағы) ұшып кетпейді. Неге қазақ халқы бөрік, тақияны тек наурызда ғана киеді? Әр өзбек тақиясын, әр қырғыз қалпағын күнде киеді. Неге олай? Ұлт тәрбиесіне наурыз мейрамының әсері қандай? Наурызды біз қалай тойлап жүрміз, әншейін мерекелердің бірі ретінде ме, әлде басты мерекелердің бірі ретінде ме? Қадірі, маңызы жағынан тәуелсіздік мейрамы іспеттес көре аламыз ба? Онда неге сол ғұрыптарды тірілте алмай жатырмыз? Ойланыңыз.
Неліктен біздің Қазақстанның атауын білгенімен, мәдениетін, өзіндік болмысын бүкіл әлем әлі де білмейді? Осы бір мәселенің түп-төркініне көз жүгіртсек. Алғашқы әрі негізгі себеп – ол тарихымызда орын алған ірі-ірі трагедиялармен байланысты. Айталық, басты күрделілік – қазақ хандығы толыққанды мемлекет ретінде XV ғасырда құрылып бітті. Сол кезеңде Еуропа елдерінің дамуының шарықтау шегі белсенді түрде жүріп жатты. Ал Үнді, Қытай, Парсы елдері өзінің өркениетін біріншіден қалаға негізделген экономикадан бастаса, екіншіден тауар айналымы біздің дәуірімізге дейін басталған тұғын.
Мінекей, осы жағдаяттарды ескере отырып, біздің мемлекеттің бірнеше салалардан кенже қалғандығын осыдан-ақ аңғаруға болатындай. Оған қоса Жоңғар шапқыншылығы біздің бастауымызбен орын алмаған болатын. Дегенмен, елдің мәдени дамуын және өркендеуін едәуір тежеді. Ал Ресей империясының Орта Азияны отарлау кезеңінің зардаптары турасында тіпті айтпаса да түсінікті. Бұл – бірінші себеп.
Екінші себеп – алдымен, тәуелсіздік жылдарында ойымыздағы қарқынмен қазақ тілінің қоғамның барлық құрылымын біріктіруші күшке тиісті деңгейде айналып кете алмауы. Яғни, тым болмаса қазақтар арасында мемлекеттік тілді толыққанды меңгеруге әлі де ұмтылып келеміз. Мінекей елбасымыздың “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!” деген пікірі осыдан туындаса керек-ті. Ал тіл мәселесі бар жерде, мәдени мәселелер болуы заңдылық.
Жоғарыдағы мәдени-әлеуметтік қиындықтарды қалай жылдамырақ шешуге болар еді? Ең алдымен, қазақ тілінің біріңғай және стандартталған ресми оқулығы қажет. Сондай-ақ, сол оқулық (оның іргетасы болған бағдарлама) барлық деңгейде барша оқу орындарында белсенді түрде пайдаланылып, кеңінен қолданыла бастауы шарт. Солай ғана бізде біртіндеп ұлттық мәдениетке ыңғайлы тілдік орта қалыптасады.
Елбасымыз кезінде атап өткендей, біздің басты ұстанымдардың бірі – патриоттық сезім және дәстүрлі құндылықтар болуы ләзім. Сонымен қатар, бұл ұстаным тым болмаса министрліктерден бастап дұрыс мағынада түсіндіріліп, жоғары лауазымда отырған қызметкерлердің ой елегінен өтуі тиісті. Бұл үрдіс қандай жағдаятта мүмкін болады? “Қазақ мәдениеті қандай болуы керек?” деген сауалға нақты жауап табылған жағдайда. Демек, әңгіме біздің ұлттық мәдени кодтты анықтауда болып тұр! Осыған күш салайық.
Біздерге бүгінгі заманға сай етіп халық дәстүрлі музыкасын, жалпы халық ауыз әдебиетінің сан алуандығын, тарихи маңызы бар ұғымдар мен географиялық нысандарды, ұлттық мәдени бейнелер һәм кейіпкерлер, тарихи ұлы тұлғалар мен нышан-символдарын аса сауатты және заманға сай жаңашыл формада насихаттап үйренсек. Демек, ол насихат тек қана ұраншылдық сарынмен шектеліп қалмауы керек, әрине.
Мәселен, егер сіз (қай ұлттың өкілі болмасаңыз да) Американың ресми азаматтығын алғыңыз келсе, онда сіз міндетті түрде (солардың ата заңына сәйкес) американдық мемлекеттік туға ант етуіңіз керек болады. Басқа жолы жоқ. Бұл – азаматтықты “нация” деңгейінде олардың ұғынуының көрінісі.
Кейбір азаматтар келіспеуі мүмкін: «Германияда түрік болсын, еврей болсын тағы басқа ұлт өкілі болсын кімсің деген сұраққа «германиялықпын» деп емес, «неміспін» деп жауап береді ғой» деген мысалды алға тартуыңыз мүмкін. Ол бір жағынан дұрыс та шығар, алайда жүз пайыз неміс немісше сөйлейді емес пе! Ал біз тіл мәселесін толықтай шешпей жатып, басқа ұлт өкілдеріне «қазақстандық» емес, «қазақпын» деп айтқыза алмаймыз. Бұл жерде асығыстық керек жоқ.
Бұл жерде келесі тәсіл керек: балабақшадан бастап, докторлық дессертацияны қорғауға дейінгі аралықтың барлығын толыққанды қамтитын ұлттық білім жүйесі керек (Финляндияның өз ұлттық білім жүйесі бар, Қытайдың өз ұлттық білім жүйесі бар және т.б. ) Бұл тек қазақ тілінде ғана оқыту емес, бұл тура сол үш тіл арқылы-ақ ұлттық құндылықтарды және төл мәдениетті нәзік түрде (этнопсихологияны толықтай ескере отырып) насихаттау. Яғни, сен Абай жолын оқуға міндеттісін деп емес, “Абай жолының ең қызық тұстары қандай?”, “Абай жолының жазылу тарихы қалай жүрді?”, “Мұхтар Әуезовке “Абай жолы” романын жазу идеясы қалай келді және қалайша жүзеге асты?” деген сынды қызықтыратын сұрақтарды алға қою арқылы үйретсек, онда ертең отансүйгіш әрі сауатты азамматтардың бір демде қалай арта түскендігін аңдамай қалар едік. Бұл білім саласына қатысты.
Ал өнер саласына келсек, жауыр болып кетсе де тағы қайталап айтайын: Қазақстанның әр қаласында бір жаңа ұлттық киностудия ашу керек, ол киностудия дәлме-дәл Қазақфильмдей алып мекеме болмаса да, жас сценарист, жас режиссер және басқа да жас шығармашыл мамандардың екінші үйіне айналатын шығармашыл орта, жеке бір өнер ордасы сыңайлы болуы тиіс. Әйтсе де, жастарға жол деп бұл үрдіс бақылаусыз және реттелмеген күйде қалмауы керек. Керісінше, жергілікті бюджеттен берілген әр тиынды тиісті өз орнына жұмсалуын қатаң қадағалай отырып, Қазақстан халқының рухани жаңғаруына жағымды ықпалын, өзіндік оң септігін тигізерліктей фильмдер түсірілуі үшін арнайы көркемдік сараптамадан өтіп отыруы қажет. Кейбіреулер қарсы шығуы да мүмкін, бізде цензура болмауы тиісті дегенге келтіріп.
Әйткенмен, бұл шығармашылықты шектеу мақсатында жасалмайды, керісінше шығармашылық деңгейін және сапасын шыңдау мақсатында құрылған тиімдірек әдіс екендігін мойындайық. Оның үстіне ол сараптама мүшелері тек мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, ең үздік жазушылар, режиссерлер және сыншылар болмақ. Осы жолға түсе алсақ, сөзсіз қазіргі фильмдердің сапасы мен мазмұны күрт өсіп кетер еді. Сарапшылардың талаптарының арасында тек “бейәдеп” кадрлардың болмауын ғана емес, жаңашыл, бірегей әрі тың идеялардың бар болуын талап етілетінін де ескерген жөн.
Мәселен, Қытайдың, АҚШ-тың, Израильдің барлық киностудияларындағы продюсерлерінің екі басты талабы бар: ұлтты кемсітетін кадрладың болмауы және кинотуындының жарамсыз деңгейде болмауы. Егер фильм аталмыш екі талаптың біріне сай келмесе, ол фильм ешқашан жарық экранға немесе ғаламтор бетіне шықпайды.
Жоғарыда айтқандарымды қорытындылай келсем, мәдениет – өте күрделі сала. Ал жеке мемлекеттің ұлттық мәдениеті одан да күрделірек ұғым. Экономика ғана емес, мәдениеттің де даму деңгейі сол ұлттың қаншалықты деңгейде өркениеттілігін не өркениетті еместігін айқындап береді.
Мен жасаған бірінші қорытынды: ұлттық мәдениеттің болуының ең басты шарты – ұлттық тілдің болуы және сол тіл шын мәнінде күнделікті тәжірибе жүзінде мемлекеттік тіл болуы шарт.
Екінші қорытынды: әр мемлекеттің өзіне ғана тән ішкі мәдени саясаты болуы керек. Онсыз мәдениет қалай және қай жаққа қарай бағыт алу қажеттігін білмей адасып қалады. Сондықтан бүгінгі ең озық мемлекеттердің әрқайсысы өзінің төл мәдениетін сақтап, дамытпаққа жан-жақты әрі ұдайы ұмтылуда. Және мұны өздерінің бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты ретінде көпшілігі қабылдайды. Сол себепті, бізге де ұлттық мәдени саясатты қалыптастыру қажет.
Бәлкім, соңғы кездері қолға алынып жатқан “Рухани жаңғыру” бағдарламасы ол жағынан қазақ қоғамының алдынан көптеген мүмкіндіктерге жол ашар. Тек сол мүмкіндіктерді өз орнымен сауатты түрде әрі тиімді жолдармен пайдалана алсақ екен. Үшінші және ең басты қорытынды: ұлттық мәдени жаңғыру – сәтті орын алу үшін ол ортақ әлеуметтік келісімге негізделуі керек. Бұл дегеніңіз, әр халықта өзінің ең асыл санаулы ұлттық құндылықтары болады және осыған орай сол елде толықтай бұлжымас келісім орын алған деген сөз.
Қайталанбас ұлттық өнер, бірегей ұлттық мәдениет және шұрайлы да терең сауатты мемлекеттік тіліміз барша елімізді бір арнаға тоғыстырып, біріктіре алса екен. Міне сонда ғана біздің төл мәдениетімізді өзге ұлттар (олар қай құрлықта болмасын) танып қана қоймай, құрметтер еді. Біздер өз мәдениетімізді басты ұлттық құндылықтарымыздың бірегейі ретінде және мемлекеттік рәміздердің бірі іспеттес қабылдай бастауымыз қажет.
Қазіргі таңда қазақ тілін үйретудің заман талаптарына сай толыққанды да әмбебап жеке технологиясы жоқ. Осы әділетсіз түрде қаңырап тұрған бос орынды толтыру үшін, біз жаңашыл оқыту технологиялар жинағының негізінде өзіміздің жаңа методикамызды жасадық. Оның үстіне, бұл методиканың имиджі мен дизайны – өте қазақы! “ХХI ғасырдың шешені”(2019) арнайы шешендік курстарының, “Қазақ тілінің сиқырлы үйі”(2018) кешенді жобасының, “Kazakh Stand up cабақтары”(2019) жобасының да авторымын. “Cуть латинизаций казахского языка в понимании молодежи”, “Cуть латинизаций казахского языка в понимании молодежи” часть 2 «МНЕНИЕ ТАСБОЛАТОВОЙ», “Әдеп әже мен Дәстүр ата”, “Шімән апаның қазақ тілі сабақтары”, “Нужен Университет Национального Воспитания. Но какой?”, “Неге біздің Республикада әлі де жеке ірі Қазақ Ұлттық Төл Қолөнер Академиясы жоқ?!” ұсыныс мақаласы, “ТРЕТЬЯ МИРОВАЯ ИНФОРМАЦИОННАЯ ВОЙНА. Как выжить РЕСПУБЛИКЕ КАЗАХСТАН в 21-веке?!” документально-публицистический жанр, “ЖАТАҚХАНАДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ КОНСЕНСУС” өткір әлеуметтік комедиясы, “ӘЖЕ ЖӘНЕ БЛОГЕР”, “Ғаламторға дейінгі ғаламтор” онлайн авторлық мини-блогтар жобасы деген сынды қазақылықты, ұлттық тәрбие мен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттайтын әлеуметтік-тәрбиелік тақырыптарды заманауи формада әрі философиялық әзіл арқылы жас көрермендерге жеткізу мақсатында актуалды роликтердің, деректі фильмдердің, бағдарламалардың, сценарийлерін тапсырысқа жазып беріп жүрдім. Бір ғана тақырып – ұлттық құндылықтар. Бірақ, біздің кейбір журналистер немесе қантын көп салып жібереді немесе тұзын көп салып жібереді. Ортасы – ақиқат.
“Нұр орда” интернационалды мектеп-лицейінде мұғалім болып жүргенімде орыс тілді шәкірттеріме материал таппаған соң стандартты қазақ тілінде қысқа-қысқа телебағдарлама, пьеса, сайыстар мен ойындардың сценарийлерін, жеңіл тілде, қызықты, оригиналды мәтіндерді ерінбей өзім жазып жүрдім. Ғаламтордағы қазақ тілді контентке көңілім толмайды. Стандартты ағылшын тілі бар. Стандартты орыс тілі бар. Стандартты қазақ тілі неге жоқ?
2018 жылдан бері орыс тілді аудиторияға, шетелдіктерге қазақ тілін “Үштұғырлы тіл жағдайында үш тілді тиімді оқыту әдістемесі”(2018), ” “Риза Ысқақтың этно-арт педагогикалық әдістемесі”(2019), “Ризаның жаттығу жинағы” шағын кітапшасы арқылы өзімінің авторлық әдіс-тәсіліммен оқытамын. “МЫ НАУЧИМ ГОВОРИТЬ НА КАЗАХСКОМ ЯЗЫКЕ ДАЖЕ ФРАНЦУЗА!!!” деген ұранды ұстандым. Мақсатым – қазақ тілді қоғам құруға өзіндік үлес қосу, мемлекеттік тілді мемлекеттік деңгейде насихаттау. Мен үшін мақсат ол – парыз.
Не деген парадокс, мемлекеттік тілін мемлекеттік қызметкерлері білмейтін бірден-бір тәуелсіз мемлекет біз болғандықтан, мен 2018 жылы орыс тілді аудиторияға, шетелдіктерге қазақ тілін үйрету арнайы курстарын ашуды қолға алдым. Тек мен күтпеген бір мәселе болды. Өзім шығармашылық жұмыстарымнан қолым тимес деп, басқа тәжірибелі ұстаздармен сұхбат жүргізіп, іріктемек болдым. Иә, сөз жоқ, 32-40 жыл еңбек өтілдері бар. Әйтсе де, сабақтарын аса қызықсыз, жадағай өткізеді. Баяғы қырық жылғы тәсілмен. Ал бізге қиял не үшін берілді? Ми ше? Ойлап табуың үшін, тудыруың үшін. Әр шәкіртіңнің бойындағы ерекшелеітер мен кемшіліктерді сканерден өткендей көріп отыруың керек қой. Әлгі түсірілім алаңындағы біздің операторлар сықылды. Мыс, рух жоқ! Жанарларында от, жүздерінде нұр жоқ. Өзіңде нұрың болмаса, сені ешқандай аудитория тыңдамайды, өтпейді, құлағына да ілмейді. Бір түсінгенім мақсаттары көбірек ақша табу. Болды. Бітті. Ал біздің ана тілі сонда кімге керек? Мына түрімізбен қазақ тілімізді алда тек “Шалқар” радиосынан ғана тыңдайтын күнге жетер қауіп тұр. Ана тіліміз – ауыл тілі емес, Орта Азиядағы ең белді тіл емес пе!? Тек қызықтыра алмай жатырмыз.
Бізге тілді тірілту қажет емес, тек тілге деген қызығушылықты тірілту керек болып тұр! Бұл – күрделірек! Иврит тілі 100 жыл бұрын ғана жоқ еді, соны тірілтті. Бір-бір әріптен іздеп, біртіндеп-біртіндеп тірілтті. Қазір сұраныс бар, ұсыныс жоқ. «Самұрық Қазынадан» да жыл сайын қазақ тіліне қыруар миллиондар бөлініп жатыр. Нәтиже қайда? Тіпті, 80 пайыз cөйлеп кеткен ешкімді көрмедім. Түсірген видеоларында грамматикалық қате өріп жүр, форма мен стиль жағын, техникалық сапасын айтпай-ақ қояйын.
Ана тіліміз әлемдік деңгейге көтерілу үшін ол тілді ең алдымен біздің өзіміз басқа әлемдік тілдермен бірге, бір деңгейде қолдануымыз керек. Тағы бір аспект, жастардың инициативасын қолдау – Үкімет программасы. Осы бағдарламаға сәйкес біз де шағын кәсіп ретінде сол бастамаға ілескіміз келді. Мен 2 жыл қатарынан әкімдік пен мемлекеттік тілді дамытумен айналысуы тісті мекемелер мен қорларға авторлық жобаларымды жетектеп, алып-ұшып жүгірдім. Олар тек идея көшіру, ұрлаудан ғана асқан шеберлік танытты. Мейлі тек белгілі бір пайданы ғана көздеген таныстарыңа базадағы 500 мың адамды бере беріңдер. Одан ешкім қазақша сөйлеп кетпейді. Нендей өкінішті, оларға нақты нәтиже қажет емес еді, демек, бұлар біздің қазақ тілге әуелден-ақ ғашық та емес. Десек те, мен тілге қатысты айтып кеткен кемшін тұстарының бәрін бірден түзей жөнеліпті. Бұған да шүкір еттік.
Шығармашылық жастарға тіпті қиын, оларды анықтаудың бізде орталықтандырылған, жүйеленген ортақ, әмбебап тәсілі жоқ. Әйтпесе, байқауларда ылғи тың жаңалығы жоқ бәз баяғы шаблондар ғана жеңеді. Ютуб каналда Ресейдің бір орыс блогері қызықты мазмұны бар, техникалық сапасы мен технологиялық жоғары деңгейдегі видеосабақ түсіріпті. Ал біздікілердің жасағанын көрсең жаға ұстайсың! Біреулер «тапсырысқа істеп жатыр, істеп жатыр» дейді халық оны білмейді де, жеткізбей ме халыққа. Жарнамасы неге жоқ? Мағжан Жұмабаевтың «Мен саналы жастарға сенемін!» деген қағидасы дұрыс. Саналы жастар белгілі бір мөлшерде кез келген ғасырда бар.
Бала кезімнен таксистерден бастап, кәсіби мамандарға дейін (диктор, тележурналист, актер-актриса, дубляж актерлері, әншілер) “Үніңізде ұлттық мәнер бар екен. Актрисасыз ба?” деп жиі сұрап таңғалатын. Өзге ұлттар: орыс, түрік әріптестерім: “Сізді дауысыңыздан таныдым. Есте қалып қояды екен нәзік, жіңішке үніңіз” дейтін. Мәселе – ұлттық үнімде ғана емес, қазақ тілінің қасиетінде еді. Ол қасиетті игермегендер қаншама!?
Мен ағылшын, орыс, түрік тілдерінде сөйлесем де, бәрібір, әсер бөлек, жанданбаймын, дем бермейді, нәрленіп, ем алмаймын. Ал ана тілімде көсілемін, рақаттанып, арқаланып, бейне бір поэзия оқығандай тілдесемін. Көз алдыма картиналар келіп тұра-тұра қалады. Қиялдасам да тек қазақша қиялдар ем. Жүрекпен сөйлеймін, ал менің жүрегімнің тілі – әлбетте, қазақ тілі – cенсің.
Киностудияда қызмет еткенімде Душанбеден келген режиссер “Риза, сіз дубляж актрисасы болғыңыз келмей ме?” деп сұрағанында “Жоқ, ондай жоспарым жоқ” дедім. Қасымдағы құрбыларым да 21 күн ішінде-ақ орыс тілін араластырмай, диелектсіз, өзім секілді табиғи түрде көркем әдеби таза қазақ тілінде, сол стильде оқыстан сөйлеп кететін. Сондықтан, “Дауысыңызды бір жерден естідім” дейтіндерге де әбден үйренгенмін. Актерлер түсірілім барысында “Редактор Риза, біз сізді образға дайындалып жүрген шығар десек. Өзіңіздің дауысыңыз сондай ма?”, “Сіз шығармашыл табиғатыңызбен пьесаға дап-дайын кейіпкерсіз ғой. Ризаның өзі бір жүрген дубляж ғой. «Шәкен Айманов атындағы Қазақ фильм» киностудиясы деп басталатын баяғы ескі фильмдердегі дауыстарға ұқсайды” деп актерлер мен орыс тілді қазақ ер азаматтары жиі қалжыңдайтын. Ұстаздарым Әкім Тарази мен Роза Мұқанованың шеберханасында тәлім алғанымда жазушы-драматург Роза Қажығалымқызы барлық пьесаларды 3-4 сағат бойы маған оқытып қоятын. “Риза оқығанда театрда отырғандай боламын.” деп оң бағасын бергені де бар. Қазақ тілінің қасиетін бойына табиғи түрде түгел сіңіріп өскен қыз балаға бұның бірі де түк қиыншылық тудырмайды. Тек рухынды көтере береді, көтере береді.
Мен қазақ тілінде сөйлеген сайын рақаттанамын. Ана тілімнің әуенін естимін, мәселен, кинотеледраматург, публицист, педагог, қазақ тілді жобалар авторы, редактор-журналист болғандықтан ғана емес. Мені қазақы етіп жаратқан. Белгілі журналист сыңарым Роза ЫСҚАҚ бала кезден бері “Риза, сен тым қазақысың!” дейді. Екі жұртымның да бабалары би-болыс, әйдік шешен болғандықтарынан да емес, сері әкем дәстүрлі әнші, айтыскер ақын болған соң да емес еді, негізінен сыңарым екеуімізге де бірдей әуелден-ақ тұнық, қоңыр әрі әуезді қазақы дауыс берілген.
Жаратқан маған қалам, ақ шығармашылық берген. Шығармашылықта – Алламның нұры бар. Халық адамы болу – әуелден маңдайға жазылады. Сол себепті, сөз Иесі, шығармашылық адамы ретінде жүз пайыз қазақ қазақ тілін жүз пайыз білулері үшін кішігірім ғана қызметімді жасап жүрмін. Қаражат үшін емес, қазақ тілі – менің миссиям, менің жолым болғандығы үшін. Ана тілімізді оқытатын ұстаздардың тек сауатты, білімді және жүректерінің ақ, кең болулары жеткіліксіз. Оларда – дуалы ауыз, рух пен бойларында Алламның нұры болуы ләзім. Сонда ғана ағартушылық жолына өмірін арнай берсе болады. Қазақ тілін шәкірттеріме өз рақатым үшін ғана оқытып бастадым. Біліп тұрсың ба, үйретуің керек. Білген амалыңа жауап бересің. Сауап артыңнан барып тұрады. Нұр-Сұлтан қаласының сексен пайызы – шала қазақтар, оларды қазақ тілінде ойлана алатын деңгейге жеткізу – менің міндетім.
Мемлекеттік тіліміз – көркем әдеби қазақ тілі – көне Түркі тілінің көп «перзенттерінің» бірі ретінде – жер көлемі бойынша он ең ірі мемлекеттер арасында қолданылатын тілдердің ішіндегі ең көне тілдердің төрттігіне кіреді (хинди тілі – көне үнді тілінің ізбасары, қытай тілі – көне қытай тілінің ізбасары және орыс тілі – көне славян тілінің ізбасары). Жүрегімнің тілі, сен – ағылшын тілі сықылды құрғақ әрі сауда-саттықтың тілі емессің, ең көне төрт тілдің бірегейі, ең бейнелі, ең әуезді, ең интеллектуалды тілсің. Жақында Шымкент қаласына алғаш іс сапармен бардым. Мен бұл қалаға бірден ғашық болдым. Себеп? Шымкенттің ағаштары да, жапырақтары да қазақша сөйлеп тұрды. Жүрегім нәр алды. Риза болдым. Мемлекеттік тілді үйренем деушілерді сонда бір айға жіберсе, шала қазақ түгілі, кез келген қытайың судай ағып, бұлбұлдай сайрап кетер.
Әрине, маңыздысы – пайдалы болу. Қазақ ұлтының руханиятына, рухани жаңғыруына – рухани тірілуіне мүмкіндігімше атсалысып келемін. Қазақ мәдениетін әлем танитындай деңгейге жеткізуге әлбетте, қолымнан келгенше үлесімді тигізу – тілегім.
Қадірлі оқырман, қазақылықты түгендеуді Риза ЫСҚАҚПЕН бірге әлі де жалғастыратын боламыз. Қазақ қоғамында келесідей бейресми пікір бар. Қазақылық 3 кезеңге бөлінеді: шала қазақылық, таза қазақылық және қазақылықтың ең жоғарғы сатысы – шеттен оралған қандастарымыздың қазақылығы. Сіздің ойыңызша, осы қалыптасқан пікір қаншалықты шындыққа жанасады? Қандастарымыз оралғанымен, салт-дәстүрлер оралды ма? Бұл – кезекті мақаламның тақырыбы болсын.
Риза ЫСҚАҚ