Парламентте қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасындағы мемлекеттік қызметшілердің діни әдебіне байланысты бірқатар жаңа талаптар енгізілген соң түрлі сұрақтар туындап отыр.
Атап айтқанда, азаматтарды «түзетулер мемлекеттік қызметкерлердің ораза ұстауына рұқсат етпей ме?» деген сұрақ мазалаған екен.
Осы сұрақтарға байланысты «Kazislam.kz» порталына Дін істері комитетінің төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев жауап берді.
«Жалпы, ұсынылатын нормалар мемлекеттік қызметкерлердің дін саласындағы негізгі құқықтарына, мысалы жұмыс уақытынан тыс діни іс-шараларды және рәсімдерді орындау немесе оларға қатысу құқықтарына әсер етпейді.
Менің ойымша, мемлекеттік қызметкерлердің ораза ұстауына заң жобасындағы түзетулер кедергі келтірмейді. Дегенмен, бұл жерде шектен шығып кетуге болмайды. Мысалы, ең алдымен ораза ұстау мемлекеттік қызметкердің жұмысына кері әсерін тигізбеуі керек деп санаймын. Сонымен қатар, ораза ұстаған адам «мен оразамын, аузым берік», – деп өзіне жүктелген міндеттерден бас тартпауы керек. Осы шарттар орындалған жағдайда біреудің ораза ұстап-ұстамағанында ешкімнің де шаруасы болмайды» – дейді Балғабек Әбдіқайымұлы.
Айта кетейік, Заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің өз қызметін діни мүддесі үшін пайдалануға жол бермеу талаптары нақтыланған.
Жобаға мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексіне негізделген үш шектеу енгізілген. Атап айтқанда:
– өзінің қызметтік мүмкіндіктерін діни бірлестіктердің мүдделеріне пайдаланбау;
– өзіне бағынышты қызметшілерді діни қызметке мәжбүрлемеу;
– діни бірлестікті құрушы немесе оның мүшесі болмау.
Тиісті нормаларды «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына енгізу ұсынылып отыр.