Хазіреті Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) бір күні бал жегісі келеді. Мәдинада жақсы бал болмағандықтан, жұбайы барид (пошта) арқылы басқа қаладан бал алдырмақшы болады. Ислам тарихындағы ең алғашқы пошта байланысы осы болған екен.
Екі-үш күннен кейін бал әкелініп, Хазіреті Омардың (р.а.) алдына тартылады. Балды жеп көрген халифа Омар (р.а.) жұбайынан: “Мына балды қайдан алдың? Дәмі ерекше екен” деп сұрайды. Жұбайы: “Бағалбектен (қаланың аты) алдырттым” деп жауап береді.
Хазіреті Омар (р.а): “Не арқылы алдырдың?” деп тағы сұрайды. Жұбайы: “Мына аттар арқылы барид (пошта) етіп жіберіп, алдырдым” дейді.
Сонда Хазіреті Омар (р.а.) балды базарға апарып саттырып, түскен ақшаға бәйтул малдың (қазына) аттарына жем-шөп алғызып бергізіпті. Онысы, қазынаның аттарын хақысыз пайдаланғаны үшін жасаған шарасы болыпты.
Әлбетте, әркім сабақ алатын оқиға…
Себебі кейбіреулер мемлекеттің, мекеменің заты деп көлігін, басқа да мүліктерін, қаражатын рұқсатсыз пайдаланған кезде, Хазіреті Омарды (р.а.) еске алса, абзал болары ақиқат.
Алла Тағала баршамызға адал еңбек етіп, адалдан нәпақа табуды бұйырсын!
Қуат ҚАБДОЛДА