Даму және шет елден инвестиция тарту Қазақстанның басты басымдықтары болып табылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Euronews телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Қазақстан дамуының және инвестициялардың алдағы бағыты қандай?», – деп сұрады телеарна тілшісі ҚР Президентінен.
Тоқаев Қазақстан жан басына шаққанда шетелдік инвестицияны тарту бойынша Орталық Азияда, тіпті одан тыс шеңберде бірінші орында тұрғанын және халықаралық институттар Қазақстанның халықаралық рейтингін көтергенін атап өтті.
Президент энергетика саласының аса маңызды екенін айта келе, Қазақстан онымен бір мезгілде төтенше маңызды материалдар әзірлеуге үміт артып отырғанын жеткізді.
«Осы тұрғыда Еуропалық одақпен келешектегі ынтымақтастығымызға үміт артамыз. Осы аса нәзік және стратегиялық маңызды салада жақсы серіктес болуға дайынбыз. Бұл да біздің басымдықтарымыздың бірі», – деп атап өткен Қ.Тоқаев, Қазақстанға бұл салада халықаралық ынтымақтастық және көбірек инвестиция қажет екенін қосып өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Еуропалық одақ дәл осы төтенше маңызды материалдар саласында жақсы серіктес болып, үлкен жетістікке жететініне сенім білдірді.
Бұдан әрі ҚР Президенті энергетикалық бизнес ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін баса айтты.
«Қазақстан энергетикалық ресурстарға өте бай және мұндай экономикалық дамудан бас тартудың қажеті жоқ. Әрине, біз елдің энергетика саласына қосымша серпін беру үшін тиісті инвестицияларды саламыз», – деді Тоқаев.
Сонымен бірге Қазақстан басшысы 2060 жылдың соңына дейін көміртегі бейтараптығына толық қол жеткізу туралы елдің өршіл мақсаты туралы еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ол үшін қазақстандықтар өз ойларын түбегейлі өзгертуі керек.
«Бұл бүкіл әлемде экономикалық дамудың жалпы үрдісі екенін мойындаймын және Қазақстан одан қалыс қалмайды. Онымен бір мезгілде біз қоршаған ортаны қорғауға аса мән береміз. Иә, Қазақстан бұрынғыдай энергетикалық балансы көмірге тәуелді ел болып қалып отыр. Бірақ алдағы болашақта жағдай айтарлықтай оңынан өзгереді деп ойлаймын», – деді ол.