Бұл жөнінде біздің 2016 жылдың сәуір айында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатымызда егжей-тегжейлі айтылған болатын. Дегенмен сауалыңызға қатысты қысқаша түсінік беріп өтейін.
Бірінші кезекте ҚР «Білім туралы заңында» белгіленген білім берудегі зайырлылық қағидаттарына назар аударған жөн. Зайырлылық – Ата Заңмен бекітілген мемлекет тұрпаты, сондықтан Конституция негізінде жасақталған Білім туралы заң да зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алады.
«Білім туралы» заңға сəйкес білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі білім берудің зайырлы сипаты болып табылады. Аталмыш заңға сәйкес білім беру ұйымдарында діни ұйымдардың құрылымдарын құруға және олардың қызметін жүргізуге, діни ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, педагог қызметкерлердің білім беру үдерісін діни насихат жүргізу мақсатында пайдалануына тыйым салынады.
Сонымен қатар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының4-тармағында «діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады» деп атап көрсетілген.
Екіншіден, зайырлы мемлекет заңнамалары белгілі бір діни бірлестіктің мақсатын емес, тұтас азаматтық қоғамның мүддесін көздей отырып жасалады. Заң талаптары мен тыйымдары барлық дін өкілдеріне ортақ. Яғни мектептегі зайырлылыққа қатысты ұстанымдар тек ислам дініне ғана емес, басқа діндерге де тікелей қатысты болып табылады. Мектеп формасына қатысты талаптар хиджаб киюді ғана емес, өзге де діндер элементтерін пайдалануды шектейді. Өйткені кез келген атрибутика, символ, элемент белгілі бір дәрежеде өзі қатысты болып табылатын сенімді насихаттауды білдіреді. Барлық діндердің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететіндіктен зайырлылық қағидаттары жеке бір дінді ерекшелеуге жол бермейді.
Үшіншіден, барлық дін өкілдерінің ортақ заң талаптарына бағынуын талап ету көп конфессиялы еліміздегі ішкі тұрақтылықты сақтаудың бірден-бір тетігі. Дінаралық қақтығыстардың орын алмауына мемлекет азаматтары да мүдделі болып, оған заң нормаларын сақтау арқылы үлес қосуы тиіс.
Төртіншіден, осы аталғандардың барлығы заң талабы, мемлекет басшысының шешімі болып табылады. Ал ислам шариғаты тұрғысынан алғанда, заңға және басшыға мойынсұну міндетті. Ал оларға қарсы шығу исламда бүлік шығарушылық ретінде айыпталады. Құранда «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә» деген аят бар («Бақара» сүресі, 191-аят).
Қазақстан Республикасында діни сенім бостандығы қамтамасыз етілген. Өзге дін өкілдерімен қатар мұсылман азаматтар да бес парызын өтеп, діни құлшылықтарын кедергісіз жүзеге асыруда. Ал мектеп қабырғасында хиджабқа рұқсат берілмеуі білім мекемесінің ішкі тәртібін зайырлылық қағидаттарына сай сақтау мақсатында ғана жасалады. Мектептен тыс орындарда бұл мәселеге қатысты ешқандай тыйымдар көзделмеген. Сондықтан мектептегі хиджаб мәселесін көтеруші азаматтар сенім бостандығына мүмкіндік беретін заңға және басшыға бағынудың әрі азаматтық міндет, әрі мұсылмандық парыз екенін түсінгені жөн.
Бесіншіден, мектеп қабырғасында жүрген шектеулі кезеңде хижаб кимеу қыз баланы мұсылманшылықтан шығармайтынын шынайы мұсылман толық түсінуі тиіс. Дін формаға емес, мазмұнға сүйенеді, яғни кез келген дін үшін сырттағы киім емес, жүректегі иман маңыздырақ (бұл жөнінде жоғарыда аталған сұхбатта толық баяндалған).