Зайырлылық қағидаттары еліміздегі барлық мемлекеттік мекемелерге, соның ішінде мемлекеттік мектептерге таралады. Ол әрдайым діни талаптардан жоғары тұрады.
Жыл сайын кезекті оқу жылы басталар алдында бозбала қыздардың мектепке мұслымандық орамал тағып келу мәселесі дауға айналады. Осы мәселені толығырақ қарап, азаматтардың осы тақырыпқа қатысты ең жиі қоятын сұрақтарына жауап берсек.
Орта білім беру ұйымдарында білім алушылардың сыртқы түрі Білім беру ұйымдарының ішкі тәртіп қағидаларымен, білім беру ұйымының Жарғысымен, сондай-ақ Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптармен реттеледі, оларда орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді, мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі деп белгіленген. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады.
Әр мектептің ішкі талаптары бойынша оқушы қыздардың мектеп формасын белгілеп, соны киюді міндеттейді. Киімде діни абрибутикалар болмауға тиіс. Мектеп қабырғасында хиджабты киюге тыйым салу оқу орнының ішкі тәртібін зайырлық қағидаттарына сәйкес сақтау мақсатында енгізілген. Бұл тыйым салу мектептен тыс жерлерге таралмайды.
Бірыңғай мектеп формасына қойылатын талаптар сақталмаған жағдайда ата-аналар қандай жауапкершілікке тартылады? «Діни қызметі және діни бірлестіктері туралы» Заңының 3 бабының 7 тармағына сәйкес, ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, балалары мектеп формасын сақтамайтын ата-аналарға қатысты әкімшілік жаза шаралары қолданылуы мүмкін. Атап айтқанда, ата-аналардың немесе өзге заңды өкілдерінің білім беру саласындағы заңнамада көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісті түрде орындамауы 10 АЕК көлемінде айыппұл салуына әкеп соғады.
Баланың мектепке барудағы басты міндеті – білім алу. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да өз сөздерінде айтып келеді. Ол біздің мемлекет дін бостандығына кепілдік бергенімен, зайырлы ел екенімізді еске салады. Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттелетінін ескертеді. «Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені, білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді. Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті – ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету. Сондықтан да, мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын», – дейді министр Аида Балаева.
Конституциямыздың 19-бабында: «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» делінген. Кішкентай қыздар мектепте сапалы білім алу үшін баруға тиіс. Балиғатқа толғаннан кейін дін ұстану не ұстанбау оның өз қалауымен жүзеге асады.
Жасұлан БАҚЫТБЕК