Сұрақ: Мектепте немесе университетте намаз оқуға бола ма?
Жауап: Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 7-бабына сәйкес діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында діни құлшылыққа жол берілмейді.
Яғни, зайырлылық қағидаты бойынша мемлекет пен дін істері бөлінген. Мемлекеттік оқу мекемелерінде діни құлшылық, діни жоралар, рәсімдер мен ғибадаттар, сонымен қатар діни уағыз-насихат айтуға тыйым салынған.
Бұдан басқа қандай жерлерде діни құлшылық жасауға болмайды?
Осыған қоса, Қарулы Күштер мекемелері, әскери құрылымдар, сот, құқық қорғау органдары секілді жерлерде құлшылық жасауға тыйым салынған. Бұл мекемелер мемлекеттік институттарды қалыптастырғаны үшін діни жоралар, діни ғибадаттар және діни рәсімдер бұл салаларға араласа алмайды. Яғни дін, мемлекеттің қызмет көрсететін аймақтарына кірмеуге тиіс.
Қай жерде діни рәсімдерді орындауға болады?
Діни рәсімдері, діни мекемелердің аумағында, ғибадат үйлерінде, арнайы құлшылық ету орындарында және үй жайларда орындауға болады.