Шымкент орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Мектепке жол-2024» қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Бас мүфти оқушыларға білім-ғылымның мәртебесі, артықшылығы жөнінде насихат айта келе, оларды жаңа оқу жылымен құттықтап, сабақтарын жақсы оқуға шақырды.
Игі шараға қатысқан Шымкент қаласы Дін істер басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев пен шаһар бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы да балаларға құттықтау лебізін білдірді.
Айта кетейік, қала мешіттері мен «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен 1000 оқушыға мектеп сөмкелері мен қажетті (дәптер, қалам, сызғыш, церкуль, бояу, түрлі түсті қалам, түрлі түсті журнал, сурет дәптер, қалам ұштағыш, желім т.б.) құрал-жабдықтар үлестірілді.
Сауапты шара тамыз айының соңына дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау, Тұран аудандық мешіттерінде жалғасады.