Сіз сілтеме жасап отырған «Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар» мәтінінің 19-тармағында «Мектеп формасының түсін, үлгісін таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айқындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі» деп көрсетілген. Сонымен қатар, 20-тармақта «Мектеп формасына өзгерістер енгізу туралы шешім қоғамдық кеңеспен келісу арқылы қабылданады» делінген.
Бұл ережелерді жергілікті мектеп басшылығы немесе қоғамдық кеңесі хиджаб киюге рұқсат бере алады деп түсіну дұрыс емес. Өйткені мектеп үлгісіне қойылатын негізгі талаптар Білім және ғылым министрінің аталған бұйрығымен бекітілген, ал мектеп ұжымы мен қоғамдық кеңес сол талаптар шегінде ғана таңдау жасай алады.
Бұған қоса, Талаптардың 13-тармағында мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтыны атап көрсетілген. Бұл мектепте хиджаб киюге үзілді-кесілді тыйым салынатынын білдіреді.
Мектеп әкімшілігі форманың түсі мен үлгісін қоғамдық кеңеспен келісе отырып таңдайды, ал оны тіктіру, сатып алу мәселелерін ата-аналар өздері шешеді.
Сонымен қатар, Талаптардың 21-тармағына сәйкес, ата-аналар және өзге заңды өкілдер білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын киюіне жауап береді. Яғни, ата-аналар оқушының мектеп формасын сақтауын қамтамасыз етуге міндетті.