Чартерлік рейс, Алланың қалауымен, Мекке мен Мәдинаны небары 4-5 сағатта бағындырады. Бұл – бүгінгі заманның зор жетістігі. Осыған дейін қажыларымыз Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері арқылы ұшатын. Ондағы әуежайларда 18-20 сағат аялдап, бір тәулікке жуық уақытын шығындайтын. Енді, міне, Алла Тағала отандастарымыздың жолын одан сайын жеңілдетіп қойды. Таңертең елден ұшқан қандасымыз түске таяу, Алланың қалауымен қасиетті Қағбаны көру бақытына ие болады. Адамзаттың айшылық алыс жерді әп-сәтте бағындыруы – Раббымыздың бізге берген шексіз мейірімі һәм мүмкіндігі деп айтар едік.
Кешегі Тілеуке Құлекеұлы (Шал ақын) бабамыздың:
«Мекке менен Мәдина жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі», – деп жырлағаны есімізде. Ал бүгінгі ХХІ ғасырдың технологиялық жетістігі Мекке мен Мәдинаны жақындата түсті. Аллаға шүкір дейміз.
Қажылық һәм рухани дайындық
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Кімде-кім Алла Тағала ризашылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса, анасынан туылғандай пәк болып қайтады», – деген.
Қажылыққа бармас бұрын ұлы құлшылықтың парыздары мен шарттарын, міндеттері мен әдептерін білу, қажетті дұғаларды мүмкіндік болса жаттап алу, соған амал ету – өте маңызды. Бүгінде облыстық мешіттер жанынан арнайы қажылыққа дайындық курстары ашылып, осы салаға машықтанған дін мамандарының дәрісі жүйелі өткізіліп келеді. Бұдан бөлек, Алматыдағы «әл-Мәдина» мешіті жанынан ашылған арнайы қажылық орталығы тұрақты жұмыс істеуде. Орталықта болашақ қажыларға теориялық әрі тәжірибелік тұрғыда дәріс ұйымдастырылып, қажылық амалдары жан-жақты түсіндіріледі. Қағбаны қалай тауап жасау қажет, ихрамды (ақ матаны) қалай орану керек, т.б. сұрақтарға практика тұрғысынан жауап беріледі. Мүмкіндігі бар кісілерге осы орталықтан арнайы дәріс тыңдауға кеңес береміз.
Қажылық алдында рухани дайындықпен қоса, денсаулығымызға да мән беріп, медициналық тексеруден өтіп, алдын-ала қажетті ем-дом алғанымыз абзал. Өйткені, климат ауыстырған адам науқастанып қалуы мүмкін.
Жылдағы дәстүр бойынша, осы жылы да Қазақстан Қажылық Миссиясының құрамымен 4-5 дәрігер қажылық сапарға аттанады. Бұдан бөлек, әрбір қажылық компаниясының жеке дәрігері болады. Олар Мекке мен Мәдинада қандастарымыздың денсаулығын бақылап, қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Қасиетті екі қаладағы Қазақстан Қажылық Миссиясы жанынан стационарлық пункт ашылып, орталық отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Бұл – жыл сайынғы қажылық маусымындағы дәстүрлі жұмыстарымыздың бір парасы.
Қажылықтан кейінгі жауапкершілік
Қажылық – Исламдағы ұлы құлшылық, бес парыздың бірі. Қажылыққа барған адам Құдайдың қонағы болып саналады. Алла қалаған пендесіне қажылықты нәсіп етеді. Халқымыз қажылық парызын өтеп келген кісіге ерекше құрмет көрсеткен. Оны қадірлеп, төріне шығарған. Бұл игі дәстүр қазір де жалғасын табуда.
Ұлық сапар мұсылман баласынан рухани һәм материалдық, жалпы жан-жақты дайындықты талап етсе, қажылықтан кейінгі өмір де адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Қажылықтан кейін мұсылманның өмірінде жақсы жағынан үлкен өзгерістер орын алуы керек. Қажылыққа барған адам айналасындағы адамдарға үлгі көрсететіндей дәрежеге жетуі тиіс. Дініміз мұсылманнан осыны талап етеді. Ал халқымыз қажының аузынан салиқалы сөз естіп, бойынан көркем амалдарды көргісі келеді. Егер пенде осы дәрежеден көрініп жатса құба-құп. Бұл өзге адамның Исламға деген көзқарасын түзеп, имандылық жолына деген ынты-ықыласын, қызығушылығын арттырады.
Мұсылман бұл дәрежеден көріне алмаса – бұл діннің кемістігі емес, кемел дінді ұстана алмаған пенденің кемшілігі деп ұғу керек. Сондықтан мұсылман кез-келген ортада сөзі мен іс-әрекеті арқылы өзінің асыл діні туралы жағымсыз ой қалыптастырып алмауға өте-мөте сақ болуы тиіс. Сол секілді қажылар да ұлық сапардан оралған соң «қажы» деген атқа сай өмір сүруге тырысуы ләзім. Біз отандастарымызды осы нәрсеге аса мән беруге үндейміз.
Бір ізгі ғұламаның: «Исламға пайдаларың тимесе де зиян келтірмеңдер», – деген сөзін әрқашан қаперде ұстасақ көп жақсылыққа жол ашамыз.
Қажылыққа бизнес көзімен емес, құлшылық тұрғысынан қарау қажет
Маған қажылыққа барып келген кісілер тарапынан қажылық компанияларының қызметіне қатысты шағымдар мен өтініш хаттар келіп түседі. Бас мүфти лауазымына тағайындалған сәтте қажылықпен айналысып жүрген фирма жетекшілерінен қажылықты бизнес көзіне айналдырмауды талап еттім. Халықтың қажылыққа деп жинаған қаржысын оның өз игілігіне толық жұмсауды тапсырдым. Алайда осы салада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания басшыларының қажылық маусымында барынша табысқа кенеліп қалуды көздейтін әрекеттері байқалады. Әрине, біз нарықтық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Оны да ескеруіміз керек. Алайда, ақша табу – басты мақсатымызға айналып кетпеуі тиіс. Біз фирма өкілдерінен осыны талап етеміз. Оларға қажылыққа бизнес көзімен емес, құлшылық тұрғысынан қарауымыз қажет екенін әрбір жиналыста қатаң ескертіп отырамыз.
Мүфтияттың төл қажылық компаниясын аштық
Қажылық саласындағы қызмет сапасын жоғары деңгейге көтеру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан арнайы «Tawaf travel» қажылық компаниясын аштық. Түркия, Малайзия, Индонезия, т.б. мұсылман мемлекеттеріндегі тәжірибеге назар аударсақ, қажыларға қызмет көрсету жұмысымен сол елдің мүфтияты, яғни мұсылмандар діни басқармалары айналысады. Ал бізде небары 2500 қажыға 20-ға жуық компания қызмет көрсетеді. Олардың отандастырымызға қызмет көрсету деңгейі де әр түрлі. Бірі біздің талабымызды орындаса, бірі өзіне жүктелген міндеттерді толық атқара алмай жатады. Біз мүфтияттың талабын орындай алмаған ондай фирмамен келісім-шартты бұзуға мәжбүр боламыз.
Биыл, Алла қаласа ҚМДБ-ның «Tawaf travel» қажылық компаниясымен 300 адам қажылық өтейді. Бұл көрсеткішті жыл сайын арттырып отыру жоспарымызда бар. Мақсатымыз – өзге фирмаларға «Tawaf travel»-дің қызмет сапасын үлгі ету, сол арқылы қажылықтың ұйымдастыру жұмыстарын жан-жақты жетілдіру.
Қажылықтың сыйы…
Хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Күмәнсіз, Алла Тағала сендерге қажылықты парыз етті, қажылықты орындаңыздар және кісі өз үйінен үлкен немесе кіші қажылық парызын орындау үшін сапарға шықса, аяғын адымдап жүрген сайын күнәлары денесінен ағаштан түскен жапырақтар секілді төгіледі. Ал, Мәдина қаласына жетіп, менімен амандасса, онымен періштелер де қолын алып амандасады…».
Ал Алла Елшісінің тағы бір хадісінде: «Қабыл болған қажылықтың сыйы – жәннат», – делінген.
Алла Тағала күллі мұсылман бауырларымыздың қажылық парызын толық орындап, отанына аман-есен оралып, отбасы, ағайын-туыстарымен қауышуын нәсіп еткей! Әмин!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти