Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.
Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.
Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.
Қазақ кәсіпшілігінің бірі – балық шаруашылығы саласының қазіргі жағдайы мен даму келешегі туралы «Halyk Balyk» компаниясы директорының орынбасары және бас технологы, ихтиолог Мейрамбек Жалғасбекұлы Пазылбековпен сұхбаттасқан едік.
– Мейрамбек Жалғасбекұлы, өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз. Балық шаруашылығы өз мамандығыңыз ба, əлде атадан қалған отбасылық сүйікті іс пе?
– Мен Мейрамбек Пазылбеков 1984 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде дүниеге келдім. Ұлтым қазақ, төрт баланың әкесімін. Әйтеке би кентінде орналасқан 226 мектеп-гимназияның түлегімін.
Балық шаруашылығы – жоғарғы білімім бар кәсіби мамандығым. Бұл мамандықты 2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бітірдім. Кейін, 2011 жылы «Балық шаруашылығы» мамандығы бойынша магистратураны, ал 2019 жылы білімімді әрі қарай жалғастырып PhD тәмәмдадым. Сондай-ақ шетелде, яғни Чехияда тағылымдамадан (тәжірибе) өттім.
Менің балық өсіру мамандығыма сүйіспеншілігімді оятқан – менің атам. Жалпы балық деген дүниені өзімнен бөліп қарай алмаймын. Ол мамандыққа жүрегіммен, жан-тәніммен берілгенмін.
– Балық шаруашылығын қашан бастадыңыз, қанша уақыттан бері айналысып келесіз?
– Қазақстанда балық ресурстары өте көп. Елдің экономикалық дамуында балық шаруашылығының алар орны ерекше. 2008 жылы оқуымды тәмәмдаған соң, мамандығым бойынша балық шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келемін.
Соңғы үш жылда, жеке кәсіп ретінде осы салада қызмет етудемін. Қазақстандағы ең үлкен шаруашылықтың бірі саналатын Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан «Halyk Balyk» балық өсіру компаниясы директорының орынбасары және бас технолог қызметін атқарып келемін.
– Балықтардың қандай түрлері бар, олардың саны қанша?
– Жалпы Қазақстанда 130-ға жуық балық түрі тараған. Бірақ, бассейнге байланысты әр аймақта балық түрлері сан алуан. Біздің жеке компаниямызда өсірілетін балықтың түріне келсек, мұнда бағалы балықтар өсіріледі. Бірінші кезекте бекіре тұқымдас балықтары. Оның бес түрі бар және олар гибридті формалар. Таза түрлерден орыс бекіресі, Сібір бекіресі. Сүйрік гибридті формаларға орыс бекіресі мен Сібір бекіресінің буданы, яғни ролекті атауға болады. Сондай-ақ қортпа (белуга) мен сүйріктің буданы «бестер» деп аталады. Екі гибридті форма.
2022 жылдан бері үлкен жобаның бастамасы ретінде жойылып бара жатқан балық түрін қайта қалпына келтіру және жандандыру мақсатында Қазақстанның Қызыл кітабына енген, Сыр өңірінің – Арал бекіресін өсіріп жатырмыз. Ол үшін үкіметтен арнайы қаулы шығартып, рұқсат алдық.
Сонымен қатар, Қазақстанда бұрыннан өсірілетін бағалы балық түрлерінің бірі – тұқы (карп) тұқымдастар. Олардың түрлерінен шаруашылығымызда кәдімгі сазан, карп және Ақ амур мен дөңмаңдай өсіріледі. Бұл – біздің су маржандары. Байлығымыз осы. Одан бөлек, қолдан өсірілетін құнды балық – форель, қазақша бақтақ деп атайды. Бұл тұқы тұқымдас балықтардың барлығы аналық үйірі бекіре тұқымдас балықтардың аналық үйірі, яғни маточное поголовие шаруашылығымызда бар. Уылдырықты өзіміз аламыз, өсіреміз. Ал, бақтақ уылдырығын Еуропадан ұрықтанған күйінде әкеліп, шаруашылығымызда инкубация жасаймыз. Басқа да барлық балық түрлерін шаруашылығымызда инкубациялап, шаруашылығымызда личинка шығаратын мүмкіндіктер мен технология жасалған.
Уылдырықтан балық жасау үшін күндіз-түні ұйықтамай, оны баптау керек. Судың температурасын, тазалығын, деңгейін, оттегісін барлығын мұқият қарап отыру керек. Кішкене ғана ауытқушылық болса, бүкіл өсіріп жатқан еңбегіңіз зая кетуі мүмкін.
– Балықтарды және олардың жемін қайдан аласыз?
– Балықтарды ешқайдан сатып алмаймыз, қайта басқа шаруашылықтарға сатамыз. Бірінші кезекте елімізге, сосын көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанға тірі күйінде экспорттаймыз. Көп жағдайда балық отырғызу материалы (рыбопосадочные материалы), яғни шабақтарды сатамыз. Бізден сатып алған ірілі-ұсақты шаруашылықтар оны әрі қарай тауарлы балыққа дейін өсіреді. Оларды шығару үшін бүкіл аналық балықтардың үйірі, ересек аналықтар шаруашылығымызда тіршілік етеді. Бұл – артықшылығымыз.
Форель балықтарға еуропалық балықтың жемін сатып аламыз, импорттаймыз. Себебі, елімізде оларға сәйкес сапалы құнды азық әзірге өндірілмейді.
– Елімізде балық шаруашылығымен айналысатындармен тəжірибе алмасып тұрасыз ба, болса олар кімдер?
– Біздің шаруашылық 1962 жылы құрылған. Биыл 60 жылдығы болады. Сондықтан Қазақстандағы ең үлкен шаруашылықтардың бірі деп айта аламын. Керісінше кейіннен ашылған ұсақ шаруашылықтар біздің шаруашылығымыздан тәжірибе алады. Оларға телефон және әлеуметтік желілер арқылы тәжірибемізбен бөлісіп отырамыз. Кейбір жандар шаруашылығымыздан практикалық сабақтар алып кетеді.
Ал біз өз кезегімізде шетелдерден үйренеміз. Өйткені балық шаруашылығы саласында Еуропа оқ бойы озық тұр. Биыл Еуропада және Өзбекстанда болдым. Олардың тәжірибесі мен өндірісін көзіммен көріп, шаруашылығымызда кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, пайдалы әрі жаңа тың технологияларын қолданып жатырмыз.
– Балықтар елімізге немесе шетелге экспорттала ма?
– Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстаннан шетелге жылына 30 мың тонна көлемінде балық экспортталады. Бірақ, олардың 99%-ы табиғи қордағы жабайы, яғни өзінен-өзі көбейіп өсетін балық қоры. Оның басым бөлігі біздің көксерке балығы, негізінен Еуропаға экспортталады. Көксеркеге Еуропада сұраныс өте жоғары. Өйткені құрамында холестирині мен қылтаны аз, деликатес ретінде еті ақ әрі дәмді болғандықтан үлкен сұранысқа ие. Себебі, еліміздегі табиғи су айдындардың басым бөлігі таза және суды ластайтын өндірістер қатты дамымаған.
– Қызығушылық танытқан демеушілер болды ма?
– Елімізден қызығушылық танытқан демеушілер болған емес. Алайда, біздің Арал бекіресін өсіруді бастағаннан бері маған көптеген шетелдіктер, әсіресе Ресей мен Еуропа елдерінен түрлі басылымдар хабарласып, қатты қызығушылық танытып жатыр. Бірақ, әзірге нақты ұсыныс болмады. Балық өндірісі бойынша еуропалықтар Қазақстан балық шаруашылығына инвестиция құюға екі ойлы болып тұр. Себебі біздің министрлік балық шаруашылығы бойынша оларға қолайлы жағдайлар жасамаған секілді.
Қазақстанда 2020 жылы қабылданған балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бар. Бұл бағдарламаның іске асып жатқанына биыл үшінші жыл. Аталған бағдарлама іске асырылып жатқанымен, бірақ әлі күнге дейін аквамәдениет туралы заң жоқ. Бұл заңның жобасы енді әзірленіп жатыр. Аталған заң жобасының жұмысшылар тобында бармын және оған өз үлесімді де қосып жатырмын.
– Бұл шаруашылықтың қандай қиындығы мен қызықтары бар?
– Балық шаруашылығы – менің сүйікті мамандығым. Таңдаған өмірлік жолым болғандықтан, бұл салада 15 жыл қызмет етіп келемін. Сондықтан мамандығымды басқа кәсіпке айырбастамаймын. Басқаша айтқанда, «балық шаруашылығының фанатымын» десем болады, яғни қызығушылығым мол.
Жалпы балық шаруашылығының қиындығы – күннің ыстық-суығына қарамай, жылдың қай мезгілі болмасын суда қолмен жұмыс істеуге тура келеді. Бұл – кәсіптің негізгі қиындықтары. Бұдан басқа да қиындықтар бар. Мысалы, заңнама аясында көрінбейтін келеңсіз кедергілер секілді.
Айталық, мал және егін шаруашылығы саласында мемлекеттен қаржылай қолдаулар болады, ал балық шаруашылығында іс жүзінде ондай қолдауларға ие болған адамдар жоқтың қасы. Бірен-саран болмаса, қарапайым азаматтарға қолжетімсіз. Сондықтан әзірге бұл шаруашылықтың шығыны көп, пайдасы азырақ болып тұр. Өйткені, нарықта броконерлік балық белең алып тұрған кезде, қолдан өсіріп, қымбат жем берген балықтар бәсекеге түсуге дайын емес. Ал бәсекеге түспеген дүние өз бағасынан төмен саудаланса, кәсіпке де кері әсерін тигізіп, көптеген кәсіпкерлердің бұл саладан кетуіне мәжбүр болады.
2018 жылдан бастап еліміздің Балық шаруашылығы комитетінің балық шаруашылығын цифрландыру бойынша уәдесі әлі күнге дейін іс жүзінде қолданысқа ие болмай келе жатыр. Сондықтан атқаратын жұмыс өте көп. Заңнамалар бойынша мемлекет кәсіп пен ғылымның арасында байланыс орнатуы қажет. Ғылым, билік және кәсіпкерлер бірге әрекет етуге тиіс. Мұндай үш тарапты сабақтастық орнатпайынша, балық шаруашылығында нәтижелерге қол жеткізеді деп сеніммен айта алмаймын. Алайда біз ақыл-кеңесімізді беруге дайынбыз.
Бұл шаруашылықта Қытай мен Өзбекстанның моделін қабылдау керек. Олар үлкен шаруашылықтар құруға ұмтылмайды, керісінше саны көп ұсақ-орта шаруашылықтар құрады. Біз де солай дамытсақ, нәтиже берер еді. Қазақстан территориясында Каспий теңізін есептемегенде жалпы 5 млн га аса су айдыны бар. Территориямыз өте үлкен, 45 мыңнан астам көліміз бен 7 мыңнан астам өзеніміз бар. Соның барлығының табиғи ахуалын пайдаланса, онда шын мәнінде балық шаруашылығын дамытуға болады. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет. Ғылым жағынан технологиялық кеңес беру қолдаулары қажет. Сол кезде нәтиже болады деп айтар едім.
Қазіргі таңда балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға арналған бағдарламасы толық іске асады дегенге сенімім аз. Бағдарламада 270 мың тонна тауарлы балықты қолдан өсіру индикаторы бар. Бұл – бүгінгі таңда мүмкін емес дүние!
– Қандай жетістіктеріңіз бар?
– Менің өмірдегі ең үлкен жетістігім – тұрақты түрде осы салада маңдай терімнің төгілгенінің арқасы. Халық арасында мені «қазақтың балықбегісі» деп атайды. Еліміздің қай жерінде болмасын бір ерекше балық ұсталса, болмаса бір балық ауырып немесе жағдайы ауыр халде болса, халық маған телефон немесе әлеуметтік желі арқылы хабарласып, хал-жағдайын жеткізуге тырысады. Мұны халықтың маған артылған сенімі деп есептеймін..
Қазіргі таңда «Halyk Balyk» компаниясының үлкен бір жетістігінің бірі – Қазақстанда тұңғыш рет бекіре балықтарының ішінде альбинос балығын өсіру. Әдетте бекірелер қара уылдырық берсе, альбинос ақ уылдырық береді. Ол Еуропада, Біріккен Араб Әмірліктерінде өте бағалы тағам. Кейбір сауда нүктелерінде оның килограмы отыз мың долларға дейін бағаланады.
2022 жылы алғаш рет шаруашылылығымызда төрт килограмм ақ уылдырық алдық. Оны орысша «Царская икра» немесе «Алтын уылдырық» деп атайды. Бұл мен және балықшылар, яғни балықбегілер әлемі үшін үлкен жаңалық деп айтуға болады. Бұл туралы телеарналарда айтылды. Ал министрлік және ғылым тарапынан ешқандай әсер болмады. Себебі олардың жасамаған нәтижелерін өндірісте, шаруашылығымызда көрсеткендіктен болар… Бірақ, мұндай нәтижені әлеуметтік желіге жариялаған кезде мені оқитын көптеген еуропалық әріптестерім дереу хабарласып, құттықтап, мұны үлкен жетістікке бағалады.
Биыл, сәуір айынан бастап балықтардан уылдырық алып келеміз. Әзірге Қырғызстанға экспорттап жатырмыз. Алла бұйыртса, оны тұрақты түрде жалғастыра береміз. Ендігі мақсатым – ақ альбинос бекірелердің ұрпағын өсіріп, санын көбейту. Өйткені, альбинос өте құнды, табиғатта сирек болатын құбылыс.
Біз көптеген балықтың түрлерін табиғатта жойып алдық. Соның бірі – Арал бекіресі. Оны сақтап қалу – борышымыз. Жалпы бекірелердің түрі көп. Мысалы, Сібір бекіресі, Сахалин бекіресі, парсы бекіресі, орыс бекіресі… Сол секілді қазақтың Арал бекіресін сақтап, оны келесі ұрпаққа жоғалтпай жеткізу – үлкен арманым.
2022 жылдан бастап шаруашылығымызда елу данадай Арал бекіресі өсіп келеді. Мүмкін оған бес немесе жеті жыл керек шығар. Келесі уылдырықты алып көбейту мақсатында олар да көзді ашып-жұмғанша өсіп кетеді. Бес жыл көп емес, әрине. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, біз табиғаттан Арал-Сырдария су алабынан елу бес жыл бұрын бұл балық түрін түбегейлі түрде жойып алдық. Алайда, оны Балқаш-Іле су алабынан аздап кездестіруге болады. Бүгінде Қызыл кітапқа енген бұл балық түрінің қазіргі жағдайы – жойылу қаупінде тұр.
– Мейрамбек Жалғасбекұлы, алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Өте орынды сұрақ, алға жоспар құрмаған кәсіпкер ешқашан да нәтижеге жетпейді. Мектептегі ұстазымыз ұлы мақсат қоюды үйреткен еді… Шаруашылығымыз дамып, халықаралық деңгейге көтерілсе биылдан бастап жаңадан балық шаруашылығына келген кәсіпкерлерді үйрету мақсатында балықбегілерге арналған тәлім беру қысқа курстарын ашу жоспарымда бар.
Курста шаруашылығымызға келіп, бізбен бірге жасаған дүниелерімізді үйреніп, бірге балық өсіріп, қажетті балық шабақтарын сатып алып және оларды әрі қарай нәтижеге жеткенше ақыл-кеңесіміз бен қолдау алады, нәтижеге қол жеткізеді. Ал тек сатып алып, өз шаруашылығына апарып қырып алса, ол азаматтың бұл кәсіптен де көңілі қалатыны белгілі. Ұстанымымыз – «Halyk Balyk» компаниясының сенімді серіктес ретінде жұмыс істеуі.
Ең үлкен арманым әрі жобамның бірі – Қазақстанда жойылып бара жатқан Арал-Сырдария су алабында бұдан елу бес жыл бұрын жойылып кеткен Арал бекіресін сақтап қалу, көбейту және оны қазақтың бренді ретінде әлемге таныту, паш ету. Жоспарым – Арал бекіресі арқылы қазақтың балық шаруашылығын әлемге танытып, шетелмен өте тығыз байланыс жасау.
Еліміздегі және шетелдік мамандар мені жеке таниды. Шақыртулар алып, олармен бірге балық шаруашылығын дамытуды жоспарлаймыз. Олардан үйренеріміз де, біздің де береріміз бар.
Он екі мүшең сау, ақыл-есің дұрыс, кәмелет жасқа толдың ба – еңбек ету қажет. Төрт балам соны көріп өссе, олар да еңбекке жақын болады. Оларды кіші жастан бастап еңбекке баулып келемін…
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Сабина КӘКІМЖАН