ҚМДБ Маңғыстау облыстық өкілдігі Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық–драмалық театрында «Мейірімді Мұхаммед» атты Мәуліт кешін ұйымдастырды.
Рухани іс-шара шымылдығын ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы мен Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы ашып, кеш қонақтарын мүбәрак мерекемен құттықтады.
«Өнер қырандары» театры ғибратты оқиғаға толы діни қойылымдарымен көрермен көңіліне ой салып, ерекше әсерге бөледі.
Облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің азаншысы Әли Қазақ бастаған шәкірттер қазақ және араб тілдерінде Мәуліт жырын оқығаннан кейін жамағат Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерекше ықыласпен салауаттар айтып, сәлемдер жолдады.
Алланың берген қабілетін имандылықпен байланыстырған дарынды жігіттеріміз ардақты пайғамбарымыз, екі дүние сұлтаны Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметіне жыр, терме орындағаннан кейін Әнуар Ізімбайұлы Ақтау қаласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан дін қызметкерлеріне қаржылай сертификаттар табыс етті.
Сондай-ақ көрермен қауымға «MUFTIYAT» баспасынан жарыққа шыққан «Пайғамбарымызды ﷺ танисыз ба?» кітабының 1000 данасы тегін таратылды. Өз кезегінде «Өнер қырандары» театрының ұжымы да облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлының дін жолындағы еңбегін елеп, құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Шарапатты Мәуліт мерекесіне келген Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтары ерекше әсерге бөленіп, ұйымдастырушыларға ризашалығын білдіріп, алғысын жаудырды.