Умайр бин Сағд бір жыл толығымен Шам аймағындағы Химс қаласында әкім қызметін атқарды. Осы уақыт ішінде халифа Омарға ешбір хабар-ошар жөнелткен жоқ. Қаланың салығын да, жаңалығын да.
Бірде Халифа хатшысына:
-Умайрға хат жібер, келсін. Жүктелген міндетіне қиянат етті-ау деп қорқамын,-деді.
Күндердің күні Мәдина көшесіне үсті-басы тозып кеткен, табаны ұзақ жолдың сапардан тілім-тілім болған, оң иығына азығы мен тостағаны, сол иығына су құйылған мес арқалап, біреу кіріп келді. Қолында аса таяғы бар, өзі жүдеп кеткен. Баяу адымдап халифаның мәжілісіне кіріп келді. Бұл – Химс әкімі Умайр еді. Халифаға сәлем берді. Омар (р.а.):
-Ей, Умайр! Хал-жағдайың қалай?,-деп алаңдаушылық білдірді.
-Аман-сау екенімді көріп тұрған жоқсыз ба? Бүтін дүниені қос мүйізінен сүйреп келіп тұрмын.
-Иығыңдағы не?
-Азық салған дорбам. Ас ішетін тостағаным да бар. Ал, мынау месте дәрет алатын және ішетін суым. Аса таяғыма сүйенемін. Керек болған жаудан қорғанамын.
-Жаяу келгенсің бе?
-Иә.
-Мінетін ат-көлігін беріп тұратын адам табылмады ма?
-Ешкім бермеді. Бірақ, мен өзім де сұрағаным жоқ.
-Жүктелген міндетіңді қалай атқардың?
-Сіз жіберген қалаға бардым. Қаланың игі-жақсыларын жинап, ақылдасып салық тағайындадық. Жиналған салықты қаланың қажетіне жұмсадық. Сізге (мемлекет қазынасына) жіберетін қаражат артылған жоқ.
Халифа Омар (р.а.) әкімнің адал қызметіне риза болып:
-Умайрдың қызмет мерзімін ұзартыңдар,-деді.
-Мен қызметімді атқардым. Енді сізге де, сізден кейінгі халифаға да әкім болмаймын,-деп Умайр бұл қызметтің жүгі ауыр екенін айтты.
Өкілеттігін тапсырған Умайр халифадан рұқсат алып, Мәдинадан қашықтау жердегі ата қонысына тұрақтады. Осылайша, қарапайым мұсылман өмірін кешті. Халифа оның үйіне кісі жіберіп сынамақ болды. Жіберген адамына:
-Құдайы қонақ болып бар. Үш күн байқа. Тұрмысы жақсы болса алғыс айтып қоштас. Ал, қиын болса, мына жүз динарды бер. Керегіне жаратсын,-деді.
Умайр көйлегін жамап отырған екен. Қонағын қарсы алып: Қайдан келесің, кім боласың?,-деп жөн сұрасты.
-Мәдинадан.
-Халифа қалай?
-Аман-есен.
-Мәдиналықтар қалай?
-Шүкір, амандықта.
Содан Умайр үш күн бойы қонағына арпадан ас әзірлеп берді. Қонағы қоштасар кезде:
-Мынау сізге, халифадан сәлемдеме, – деп бір қалта ақша берді. Мұның маған еш қажеті жоқ, өзіне апарып бер,-деді. Әйелі:
-Қажет болмаса, ақшаларды өз орнына табыстайық,-деп теңгелерді бөліп мұқтаждарға таратуға кеңес берді. Жүз теңгені Умайр маңайдағы жетім-жесірлерге үлестірді.
Кейін Халифаның қызметшісі:
-Уа, мұсылмандар әміршісі! Оның жағдайы өте ауыр,-деді.
-Ақшаны не істеді?,-деді халифа, қызметшісі:
-Білмеймін,-деді.
Сөйтіп, Омар Халифа Умайрды алдына шақыртады.
Умайр келген бойда:
-Ақшаны не істедің?,-деді.
-Оны не істейсіз?,-деп айтудан бас тартты.
-Алла мейіріміне бөлесін, не істегеніңді айт,-деді. Умайр:
-Болашаққа сақтап қойдым,-деп түгелдей садақа етіп жібергенін астарлап айтты. Сынақтан сүрінбей өткен Умайрға дән риза болып, енді мұнан бас тартпас дегендей бір қап ас пен екі көйлек берді. Умайр асыңды алмаймын. Үйде біршама арпа бар. Арысын көре жатармыз. Ал, екі көйлекті аламын, жұбайыма керек,-деді.
Халифа Омардың дәуірі мұсылман қоғамының қалыптасу кезеңі еді. Халифа қарамағындағы Умайр сынды әкімдердің адал қызметтері алпауыт мемлекеттің болашағын қалады.
Руслан ҚАМБАР