Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Астана» медересе-колледжіне арнайы барып, оқу орынның ұстаздарымен сұхбаттасып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
«Осында оқып жатқан әрбір шәкірттің білімі мен тәрбиесі өздеріңізге аманат. Аманатты орындау әрбірімізге үлкен жауапкершілік жүктейтінін өздеріңіз жақсы білесіздер. Сіздер діни салада ең маңызды қызметті атқарып келесіздер. Бұл медреседен тәлім мен тәрбие алған бүгінгі шәкірт ертең-ақ еліміздің рухани дамуына сүбелі үлес қосатын болады. Сондықтан сіздерді ұстаздық етуден жалықпауға шақырамын. Алла Тағала игі істеріңізге мол сауаптан жазсын» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кездесу барысында медресе-колледж ұстаздары ҚМДБ Төрағасына ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, сауалдарына жауап алды.
Айта кетсек, 2024-2025 жаңа оқу жылында «Астана» медресе-колледжіне 39 ұл және 26 қыз оқуға қабылданды. Бүгінде аталған оқу орнында 180 студент оқиды.