Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жастар ісі және Әйел-қыздар секторларының ұйымдастыруымен медресе шәкірттеріне ауызашар берілді.
Рухани іс-шара Құран аяттарын оқумен басталып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дұға жасады. Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы жиналған жамағатқа оразасы қабыл болуын тілеп, Рамазан айы Алланың сыйы екенін еске салды.
«Бұл ай – адам баласын тақуалық дәрежеге жеткізуге себепші болатын ай. «Тақуалық» деген не?» дейтін болсақ, Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Алланың алдындағы ең қадірлі адам – тақуа адам» – деген. Яғни, тақуа адам – Алланың алдында ең сыйлы адам. Ал тақуалыққа адам баласы ораза ұстау арқылы жетеді» – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар, ауызашар дастарханы барысында қасиетті ай туралы «Мұнара» телеарнасы дайындаған әсерлі бейнеролик көрсетілді. Ал ҚМДБ-ның өнерлі жастары Тимур Орынханов, Бағыжан Күзекбай және Темірлан Сайлаубек жарапазан айтып, халқымыздың дәстүрін паш етті. Кешті жүргізген тележүргізуші Жансерік Берікқазыұлы түрлі қызықты әрі танымдық ойындар ойнатса, күй тартылып, көпшілік тәнті болды. Жамағат іс-шарадан жан дүниесі байып шыққанын айтып, тарқасты.
Айта кетейік, рухани іс-шараға ҚМДБ қызметкерлерімен бірге «Астана» медресе-колледжінің шәкірттері, сондай-ақ өнер саласының белгілі өкілдері қатысты.