Ислам діні қазақ халқының мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алады. Әу, баста тек қана рақымшылық пен адамгершілікке шақырған иләһи дінді сол кездегі түркі халықтары тез қабылдап, оны күнделікті өмірінде қолданды. Орта Азияда мұсылман дінін ұстанған бабаларымыз ғылымның барлық саласында алдыңғы қатарда болып, көптеген жаңалықтар ашты.
Деректерге сүйенсек, Түркі даласына Ислам діні алғаш рет VII-VIII ғасырларда тарала бастады. Қазіргі Тараз қаласының маңында 751 жылы Араб әскерлері мен Қытай әскерінің арасында болған Атлах шайқасында арабтардың жеңіске жетуінің нәтижесінде, Жетісу мен Түркістан аймақтары азат етіліп, діннің таралуына жол ашты. Осылайша Қарахан мемлекеті тұсында, нақтырақ айтсақ, 960 жылы Ислам мемлекеттік дін ретінде жарияланды. Сол уақыттан бері қазақ халқы Ислам дінін ұстанып келеді.
Орта Азия даласы әлемге діннің туын көтерген мыңдаған ғалымдарды сыйлады. Мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран Кәрімнен кейінгі ең сенімді деп мойындалған алты хадис жинағы болса, соның бесеуін осы Орта Азиядан шыққан ғалымдар жинақтаған. Одан өзге ақида, тәпсір, араб тілі, тарих, фиқһ, логика, философия саласының майталмандары болды. Әһлі-сүннет ақида мектебінің көрнекті өкілдері Әбу Мансұр әл-Матуруди, Әбу Мұғин ән-Нәсафи, Әбул Баракат ән-Нәсафи, Әбул Юср әл-Паздауи, Әбу Лейс әс-Самарқанди сынды ғалымдар бар.
Кез келген ислам ғылымдары дамуының бірден-бір себебі – адасқан ағымдардың шығуы болды. Өйткені хақ иелері адасушыларға қарсы жауап беру үшін олардың қателіктерін баяндап, осылайша өздеріне де жаңа зерттеу әдіснамалары қалыптасты. Сол үшін де кезінде мемлекеттің басқаруына ықпалын тигізген адасқан Мұғтазила ағымының тарих арнасынан кетуіне себеп болған дүние – Әһлі-сүннет ғалымдарының Мұғтазила ағымының ғалымдарынан да олардың жолын терең зерттеп қате тұстарын баяндап бергені болды.
Баса назар айтатын нәрсе – әу баста жалған негізге құрылған ағым соңы құрдымға барады. Ал шындыққа хаққа сүйеніп, үмбеттен бөлінбеген топ қана қияметке дейін жалғасады. Ол – Әһлі сүннет жолы.
Осыған мысал ретінде бүгінгі шақта көп таралған «Салафия» немесе «Уәһабия» ағымын айтсақ болады. Бұлардың да шыққанына екі ғасырдан енді асып отыр. 18 ғасырда Хижаз даласында, қазіргі Сауд мемлекетінің территориясында пайда болған бұл ағымның өкілдері өздерін Мұхаммад Әбдул Уаһһабтың ізбасарлары ретінде есептейді. Ол болса, 13 -ғасырда өмір сүрген Ибн Таимия мен оның шәкірті Ибн Қайим әл-Жәузияның жолын жалғастырушы.
Бұл екі ғалым өз кезегінде адасқан пікірлерін халық арасында таратқаны үшін абақтыға қамалып, қуғынға ұшыраған. Бірақ, уақыт өте келе олардың идеяларын ұстанып, қайтадан халық арасына мәжбүрлі жаулау әдісімен өз пікірлерін таратушылар пайда болды. Олардың тек хақ жолды, әуелгі ізгі ғалымдардың жолын ұстанамыз деген жалған ұрандары халық арасында тез таралды. Бірақ ғылыми ешқандай негізі жоқ бұл ағымды Ислам ғұламалары адасқан шектен шығушы хауариж ағымына ұқсатқан.
Кез келген тарихты оқыған көзі ашық адам олардың жолы тек қатыгездік пен үмбетті қырықпышақ етіп өзара алауыздыққа ұшырату екенін айдан анық көреді. Олай демеске күмән жоқ. Өйткені олардың ұстанымдары соған дәлел. Осы орайда олардың мұсылмандардың арасына салып жүрген ылаңдарын тәмсіл етіп, солардың ең маңыздысы мәзһаб ұстану мәселесін қысқаша баяндаймыз.
Мәзһаб тілде жол, бағыт деген шариғаттағы сүннет сөзінің синонимі ретінде қолданылады. Шариғатта арнайы негізі бар әдіснамалар арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын мәзһаб деп атаймыз. Жалпылама айтқанда, белгілі бір ғалымның Құран мен сүннет негізінде өзінің әдіснамасы арқылы белгілі мәселеге шығарған үкімі. Бұл үкім өз кезегінде шариғаттың негізгі тірегі болған Құран мен сүннетке қайшы келмеуі тиіс.
Мәзһабпен жүру дегеніміз – бір ғалымның артынан соқыр еру емес, керісінше үмбет мойындаған ижтиһат деңгейіне жеткен ғалымның сызып берген жолымен жүру. Алла елшісі (с.ғ.с.) мен қазірге дейінгі мұсылмандардың ұстанып келе жатқан шариғаты – бір шариғат. Алайда, сол Құран мен сүннетті түсініп үкім шығаруда ғалымдар әртүрлі пікірде болған. Мәзһаб бір ғалымның ойдан шығарған пәтуалар жиынтығы емес. Бұл тұнып тұрған сүннеттің дәл өзі.
Ал қарапайым халық шариғи мәтіннің егжей-тегжей үкімдерін білмегендігі үшін бұл іспен ғалымдар айналысқан. Оған сахабалардың да дәуірі дәлел болады. Өйткені кейбір сахабалар өздері түсінбеген мәселелердің жауабын Ибн Аббас, Ибн Масғұд, Әли секілді ғалым сахабалардан сұрап отырған. Тікелей уаһидің түсіп отырғанына куә болған сахабалардың ісі сол болса, олардан кейін келген мұсылмандар жайлы айтудың өзі артық. Олар тікелей Пайғамбардан тәлім алса да, шариғат сұрақтарына жауап беруден сақтанған. Демек, дін мәселелерінде маман жауап бергені дұрыс.
Бұл тек дін емес, барлық салаға қатысты. Құранда «Әнбия» сүресінің 7-аятында: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», делінген. Сенімді хадисте: «Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары», деп ғалымның дәрежесін білдіріп кеткен.
Сол үшін діни мәселелерде белгілі бір имамға еруге барлық ғалымдар бірауыздан келіскен. Бірақ, ғалымдардың шариғи мәселелерде әртүрлі пікірде болуы оларды діннен шығарып бір-бірін жоққа шығаратындай жағдай емес. Олардың алуан түрлі пікірде болуы діннің кеңдігін білдіреді. Барлық кезеңдегі ғалымдарды алып қарайтын болсақ, өзін белгілі болған төрт мәзһабтың біріне жатқызған. Өйткені солардың қалыптастырған жолдары шынайы Құран мен сүннет жолы еді.
Имам Ибн Нужейм «әл-Ашбах уа ән-назаир» кітабында: «Кімде-кім мәзһаб имамдарына қарсы келсе, ислам, ғұламаларының бірауыздан келіскен үкіміне қарсы шыққан болады[1]», – деген. Салафия ағымының көсемі болған Ибн Таимия болса, «Рафғул Малям ан Аиммати иғлям» кітабында былай дейді: «Біл! Ешбір үммбеттің имамы (төрт мәзһаб ғалымдары) Алла елшісінің сүннетіне саналы түрде ашық қарсы келген емес. Олардың барлығы Сүннетке бекем болу міндетті, уәжіп екендігіне бірауыздан келіскен. Алла елшісінің ғана сөзі күмәнсіз негізге алынып, басқа ғалымның сөзі негізге алынса да, оның тәрк етілетін кезі де болады. Өйткені оған Алла елшісінің сөзі қарама-қарсы келуі мүмкін[2]».
Өздерінің көсемдерінің сөзіне ермеген бұл адасқандардың ұстанымы шариғи мәселелерінде өзіне керек жерін ғана алып, нәпсіге еру ғана. Адам қанша жерден мәзһаб ұстанбаймын деп, дағуат етсе де, ол бәрібір жекелеген адамның сөзін негізге алады. Әрбір ижтиһат (Құран мен сүннеттен тікелей үкім шығару) жасауға шамасы келмеген мұсылманға белгілі бір мужтаһиттің жолымен жүруі міндет.
Ержан БАҚЫТЖАНОВ
[1] Әл-Ашбах уа ән-Назаир. 1-том, 360-бет.
[2] Рафғул Малям. 60-бет.