Ислам тарихындағы оқиғаларға негіздей отырып мәзһабтардың тарихын екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі саяси мәзһабтар, екіншісі иғтиқади мәзһабтар.
Исламдағы ең алғашқы саяси мәзһаб Харижидтік болып табылады. Халифа Хз. Османның 656 жылы Мәдинада, өз үйінде өлтірілуі ислам ғалымдарының еңбектерінде, әсіресе харижилердің зерттеулерінде бастапқы нүкте әрі ыңғайлы кезең болып саналады.
Хз. Алиге халифа Хз. Османның өліміне қатысты адамдарды (бүлікшілерді) жазаламады деген сылтаумен өзіне бағынудан бас тартқан Муавия оған қарсы Сиффин деген жерде соғысады. Соғыстың нәтижесі Әлидің пайдасына шешілгелі тұрғанда Муавия әскері найза ұшына Құран парақтарын іліп «арамызда Алланың кітабы төрелік етсін» деген келіссөзге шақырады [1].
Бұл бір саяси айла еді. Әли мұны білді және әскеріне алданбастан соғысты жалғастыра беруді бұйырды. Алайда, әскерінің ішінде басымдықты құрайтын бір топ біз Алланың кітабына қарсы соғыспаймыз деп Әлиді төрешілердің шешіміне көндіреді. Екі жақтан төрешілер сайланады. Бұл төрешілердің міндеті халифалыққа кімді сайлау керектігін анықтау болатын.
Алынған шешім көпшіліктің алдында келісілгеннен басқаша болып оқылады. Ол бойынша Муавия халифалыққа Әлиден лайықты болып шығады. Осы шешім оқылған сәтте Тамим тайпасынан кейбір адамдар «Алланың еркіндегі мәселеде адамдардың еркіне жүгініп үкім бердіңдер. Үкім беру Аллаға тән. Алланың үкімімен үкім бермегендер кәпір» деген ұранмен жоғарыда айтылған келіссөзге қарсы шығады [2].
Басында осы келіссөзге Әлиді еріксіз мәжбүрлеген бұл топ, енді қайтадан бұл келіссөзден оның бас тартуын талап етеді. Әлиден қарсы жауап алғасын оның әскерінен бөлініп Харура деген аймаққа кетеді. Сандары он екі мыңның айналасында болған бұл топ өзараларында басшы сайлап алып пікірлерін тарата бастайды.
Харижидтир халифа сайлау мұсылмандар үшін парыз емес, яғни мемлекет басшысыз да басқарыла береді дегенді алға тартады. Күнә жасаған мемлекет басшысын дереу төңкеріп тастау керек дейді. Ондай басшыға бағынуға болмайды. Бұл көзқарас ислам қоғамындағы анархияның алғашқы көрінісі еді. Тағы да бұл топ амалды иманның бір бөлігі деп санап, Алланың алдындағы міндетін (құлшылығын) орындамаған, күнә жасаған адамды мұсылман емес, кәпір деп санайды. Мұндай адамдарды өлтіру дін бойынша рұқсат етіледі деп, тарихта белгілі болғандай өз көзқарастарын қабылдамаған қара халықты қанға бөктірген.
Осы 12 мың харижит патшаны кәпірге шығарады. Оған бағынудан бас тартқан соң Әли оларға ғалымдар арқылы әсер етуді ойлап, насихат қылсын, дінді дұрыс түсіндіру үшін ұлы сахабалардың бірі Абдуллаһ ибн Аббасты жібереді. Ибн Аббастың насихатынан соң 8 мың адам өз райларынан бас тартып, тәубеге келеді. Қалғандары алған беттерінен қайтпайды. Онымен қоймай, өздеріне мойынсұнбағаны үшін сахаба Абдуллаһ ибн Хабаб ибн Аррат пен оның айы күні жетіп отырған әйелін қинап өлтіреді. Осы оқиғадан кейін Хазіреті Әли шектен шығушыларға қарсы күш қолдануға мәжбүр болады.
Жалпы харижидтерге надан, сауатсыз адамдар ерген. Білімсіздіктің салдарынан әуелі халифа Османды (р.а.) өлтіріп, кейін мұсылмандардың арасына от салып, сосын халифа Әлидің өзіне қарсы жихад ашқан топ. Бұл мәзһаб діннің үкімдерінің сыртқы жүзіне қарап, ішкі терең мәніне бойлай алмағандықтан жаңашылдыққа қарсы болды.
Харижидтер өз ішінде бірнеше топқа бөлініп кеткен. Ең бастылары мыналар: Мухаккиматул-ула, Азарика, Нежедат, Суфрия, Ажарида және Ибазия. Осылардан сунниттерге ең жақыны Ибазилер болып табылады. Ибазилер қазір Солтүстік Африка, Мадагаскар жақтарда азшылықта өмір сүреді [3].
Осы айтылған харижиттік (бүлікшілердің) ұстанған жолы күні бүгінге дейін жалғасып, адамзатқа зиянын тигізуде. Исламның шапанын жамылған бұл топтың ұстанымын әлемдегі террористік және экстремистік болып танылған «ДАИШ», «Боко Харам», «Әл-Каида» сияқты лаңкестік топтардың қанды әрекеттерінен көріп келеміз.
Астана Сарыарқа аудандық сотының «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымын экстремистік топ ретінде тануына да осындай себептер негіз болды. Әуелідегі харижиттердің «Күнә жасаған мемлекет басшысын дереу төңкеру керек. Ондай басшыға бағынуға болмайды. Алланың әмірін орындамаған адамды өлтіру күнә емес. Ондай адам кәпір» деген сияқты т.б. ұстанымдары осы – «Ат-такфир уаль-хиджра» экстремистік тобында да бар. Экстремистік бұл топтың ықпалына түскен жастар ата-анасына «сен кәпірсін, өйткені намазың жоқ» деп бір дастарқан басында отырмайды, Қазақтан мұсылман мемлекеті емес, Сирияға хижрет (көшу) жасауымыз керек. Нағыз мұсылмандар сол жақта тұрады. Халифат орнату үшін Сириядағы соғысқа қатысу қажет деген сияқты пікірлерді ұстана бастайды. Мұндай лаңкестік ағымдар әлемнің әр жерінде халықтар арасында ірітік салып, діни сауаты жоқ мұсылман жастарын алдап, әскери сипаттағы жихад жасауға үндеп келеді.
Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ,
философия ғылымының кандидаты
1. Dogustan Gunumuze Buyuk Islam Tarihi. – Istanbul, 1992. – C. 2. – S. 238-245.
2.Akyol Taha. Haricilik ve Sia. – Istanbul, 1988. – S. 51.
3. Kilavuz Saim. Islam Akaidi ve Kelama Giris. – Istanbul, 1997. – S. 311-312.