Әрбір дүниеге келген адамның бойында рухани тазалыққа деген жетелейтін сезімі болады. Бойдағы бұл сезім адамды ерте ме, кеш пе әйтеуір бір тылсым күштің барына сендіреді. Сол рухани сезім дін деп аталады. Дін ұғымы – адамзатқа пайғамбарлар арқылы жеткен Жаратушыға деген құлшылықтың заңдылықтары мен тәртіптер жиынтығы. Дін адамның бүкіл іс-әрекетін қайырымдылыққа, ізгілікке бағыттайды. Дүниежүзінде діни нанымдар көп болған. Бірақ Жаратқан тарапынан түскен ақырғы дін Ислам діні еді. Қасиетті Құран-Кәрімде Алла Тағала: «Алланың қасында шынайы дін Ислам» – деп Әл- Ғымран сүресі 19 аятында Ислам дінінің ақиқатта нағыз Жаратқаннан жеткен дін екенін дәлелдеуде.
Жаратқан Алла Тағала жержүзіне ақиқатты жеткізген көптеген пайғамбарларды жіберсе, ең аяққы хақ діні Исламмен бірге соңғы ақиқат пайғамбары Мұхаммедті (с.ғ.с) жіберді. Ислам дінінің мейірімділігі, сол хақ пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с) арқылы тез арада жержүзіне тарай білді. Соған байланысты Құранда Әнбия сүресінде: « Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік»- деген аят түсірілді.
Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) адамдарға деген мейірімділік пен жанашырлық дәнін еге білді. Мейірімділікті жақсы көрген әрбір адам өмірінің қиын сәттерінде, мейірімділікті іздеу арқылы Жаратқан иеге жақындай бастайды. Күні бүгінде қоғамымызда Жаратқанның мейірімділігіне үміт артып, талай қазақ баласы мейірімді Ислам дініне бет бұруда. Бет бұруымыздың да себебі екі дүниенің бақытын иеленуді қалауымызда еді.
Ал енді сол бақыт жолын қалай таба аламыз?! Әрине, Хақ Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) мүбәрәк жолын ұстану арқылы қол жеткізе аларымыз сөзсіз. Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) мүбәрәк жолын (сүннетін) ұстануды Құранда Алла Тағаланың: «Егер Аллаһты жақсы көрсеңдер, менің ізіме еріңдер, сонда Аллаһ Тағала сендерді жақсы көріп күнәләріңді кешіреді. Аллаһ Тағала өте кешірімді әрі аса рақымды –де!» – деп, Өзінің елшісіне (с.ғ.с) бағынуды, соңынан еруді, үлгі алуды әмір етеді.
Пайғамбар жолы – сүннет жолы, сол сүннет жолын біз тек қана Ислам ілімін үйренуі арқылы таба аламыз. Ілімге қол жеткізуіміз – бақытқа қол жеткізуіміз. Ислам ілімінің қайнары тікелей Мұхаммед Пайғамбардан (с.ғ.с) бастау алған, яғни, Аллаһ елшісінің (с.ғ.с) істеген әрбір мүбәрәк амалдары Ислам ғылымына енген ілім ретінде бекітілді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тұсында алғаш Ислам білімдерін сахабалар (Пайғамбарды көздерімен көргендер) үйренді. Сол сахабалардың Исламға деген махаббаттары соншалық, олардың арасында ғалым деген атауға жеткендері де болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисте : «Сахабаларым көктегі жұлдыздар секілді. Қайсысына ерсеңіз де тура жолды табасыз»- деуі арқылы сахабалардың діндегі дәрежелерін айқындаған. Сахабалардан кейінгі дәуірді Табийндер (Сахабаларды көздерімен көріп, олардан білім алғандар).
Табийндерден кейінгі кезең Әтбаун-табийндерге (Табийндерді көздерімен көріп, олардан білім үйренгендер) өтті. Әр дәуірдің дінге деген жанашыр ғалымдары шығып отырған. Олар жайлы Құранда: «Шындығында, құлдарының ішінен Аллаһтан шын қорқатындар – ғұламалар» – деу арқылы ғалымдардың Жаратушысын танудағы ерекшеліктерін арнайы атап өтеді. Осы аталған үш дәуір Ислам дінінде «Алтын ғасыр» деген атауға ие болып, аталған үш ғасырдың ғұламалары (ғалымдары) Ислам ілімінің нық бекуіне ат салысқандар. Олар жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) : «Адамдардың ең жақсылары менің ғасырымда өмір сүргендер (сахабалар), содан кейін олардан кейін келгендер (яғни,табиийн), содан кейін де олардан кейін келгендер (әтбаун-табиийн)» – деген.
Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі бар кезінде сахабалар түрлі мәселелердің шешуін тіке өзінен сұрап алатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүниеден өткеннен кейін түрлі мәселелерді шешу жолы сахабаларға жүктелді. Бүкіл сахабалардың бірауыздан келісулері арқылы әділетті халифалар тағайындалып отырылды. Сол әділетті халифаларға ел мәселелерін шешу жолдары қиынға соқса да, олар әрдайым жауаптарын Қасиетті Құран арқылы іздеп, онда таппаған жағдайда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мүбәрәк хадистері мен іс әрекетінен іздеп, ол ізденісте де жол таппаған жағдайда аталған ғалым сахабалардың кеңесуімен ортақ шешімдер табуға тырысқан. Барлық мұсылмандар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) соңында қалған әмір иелеріне бағынуға міндетті болған, себебі Алла Тағала Құранда «Ниса» сүресі 59-аятында «Әй, мүминдер (мұсылмандар), Аллаһқа бойұсынып, Елшіге және араларыңдағы әмір иелеріне бағыныңдар»,- деген бұйрығын түсірген.
Ислам тарихында мұсылмандар қауымының әмірлік иелігі сахабалардан табийндерге, табийндерден әтбаун-табийиндерге және халифалық дәуірлерге өтіп отырған. Аталған дәуірлердің баршасында Ислам ғұламалар кеңесі құрылып, дінді кейінгі ұрпақтарға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті арқылы жеткізілуі қадағаланып, сол сүннет жолын ғалымдар әрдайым қорғаштаған. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) дүниеден өткеннен кейін дінге жаңалық еңгізгісі келген адамдар және топтар баршылық болған. Солар жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларына бір жиында былай ескерткен: «Яһудилер жетпіс бір тармаққа бөлінеді. Христиандар жетпіс екі тармаққа бөлінеді. Менің үмбетім болса жетпіс үш тармаққа бөлінеді. Бұлардың біреуінен басқасының барлығы тозақтық болады». Сонда сахабалар жұмақтық болатындардың кімдер екенін сұрайды, Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с) «Мен сахабаларыммен қай жолда болсам, сол жолдағылар» – деп жауап берген (Имам Тирмизи ,2643 хадис. Иман-18).
Осы хадисті естіген сахабалар діннің тазалығын құртып алудан қорқып, діни білімдерге мұқият назар бере бастаған. Сол себепті халифалар дәуірінде кеңейген Ислам жерлеріне сүннетті жаю мақсатымен жан-жаққа сахабалар жіберіліп көптеген медреселер ашыла бастады. Сахабалар дүниеден оза бастаған шақтарда, Исламды насихаттау мен қорғауға сол сахабаларды көздерімен көріп, олардан діни білім алған табийндерге, табийндерден кейін әтбаун-табийндерге көшіп отырды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қайтыс болған кезең бүкіл мұсылман қауымына ауыр тиді.
Ислам дінін қорғаған Алла Тағала Құранның да корғалғандығы туралы Хыжыр сүресінде «Расында Құранды Біз түсірдік. Әрі шын мәнінде оны Біз қорғаушымыз»- деген аят түсіріп, тіптен хадистерді де жалған жеткізуден сақтаған. Соған байланысты біздерге Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Менің атымнан жалған сөйлемеңдер. Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлесе, өзіне тозақтан орын дайындасын»-деген хадисі жеткен.
Хақ дін Исламды шынайы жақсы көрген мұсылмандар саны көбейіп, әр ғасырда тақуалыққа бет бұрған хадис, Құран жаттау, тәфсір, фикһ(шариғат), ақида сияқты ілімдерді меңгерген ғалымдар қатары қосылып отырды. Сондай ғалымдардың бірі Имам Ағзам Әбу Ханифа болды. Табийндер дәуірінде дүниеге келген ол Исламда тақуалығымен мүждаһит дәрежесіне жеткен ғалымдардан еді. Біраз сахабаларды көзімен көріп, олардан білім алу бақытына ие болған ғұлама. Сахабалардың тапсырған білімдегі аманаты аса жоғары дәрежеде барша мұсылман қауымына жеткізген Имам Ағзам күні бүгінде талай мұсылманның жүрегінде нұр оятқан.
Ислам білімінің хадис, фикһ және ақида ілімдерін терең меңгерген. Мұхаммед Пайғамбарды (с.ғ.с) ерекше жақсы көрген ғұлама Пайғамбардың мейірімділік сипатына аса зор мән беріп, адам баласымен ерекше мейірімді қатынаста еді. Өз дәуірінің талай ғұламаларымен кеңесіп, талай мәселелерді бірге шешуге талпынып отырған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетінің кейінгі ұрпаққа таза күйінде жетулерін қалаған ғалымдар кеңесі (Шура) Имам ағзамның хадистер жинағы және шариғаттағы меңгерген бүкіл дін білімін жинақтап, ортада Ханафи мектептері жарық көре бастады. Сол Ханафи мектептеріне кейіннен Ханафи мәзһәбі (сүннеті көрсету жолы) атауы берілді.
Күні бүгінгі көптеген мемлекетте қолданыс тапқан Ханафи мәзһәбі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) таза сүннет жолы. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дәрет алу, намаз оқу сияқты және жалпы шариғаттық тәртіптерді Имам Ағзамның дәлелді хадистер жиынтығы арқылы дәлелденіп, біздердің де дәуірімізге сау күйінде жетуде. Қазіргі қоғамдағы кейбір намазхандардың мәзһәбті түсінбей жалған байбалам салулары жанымызға батады. Исламға еңбектері сіңген атақты тақуаларға тіл тигізетіндер де табылды.
Адам баласы екі есепті шығару арқылы академик дәрежесіне қол жеткізе алмайтындығы сияқты, мұсылман адамда тек намаз оқу және ораза ұстау арқылы Ислам ғұламасы атағына жете алмасы сөзсіз. Алла Тағаланың ризалығын алуды ниеттенген адам ең бастысы діннің білімін меңгеруі тиіс. Ал діни білімді көшедегі адамнан немесе интернеттен емес, мешіттен немесе діни басшылық рұқсат берген арнайы діни орындардан алу міндетті.
Пайғамбардың (с.ғ.с ) үйреткенін тура жеткізе білген адам жайлы «Менің айтқанымды естіп, үғып және адамдарға калай естіген болса, солай жеткізген адамның Алла Тағала жүзін нұрландырсын» – деген хадисі жеткен. Ал, Ханафи мәзһәбінің атақты ғалымы Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а), Пайғамбардың (с.ғ.с) сүннет жолын біздерге тура жеткізушілерден болған еді. Сол себепті мәзһәб жолы – сүннет жолы болса, ендеше сол тура жолды үйренушілер мен жеткізушілердің де жүздері нұрлы болғай!
Талшын Зарқымқызы, теолог