Мәзһаб – жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Алайда ол ерігіп отырған біреудің «дінде бір жол салайын» деп ойынан шығара салған ісі емес. Мәзһаб – ол Алла Тағаланы құлдарына деген рақым-мейірімінің көрінісі. Мәзһаб ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мақтаған Исламдағы алғашқы үш ғасырдың бірінде қалыптаса бастаған.
Шариғатта «мәзһаб» деп арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын айтады. Әр мәзһабтың басында мүжтаһид имамдар тұрады. Мүжтаһид «ижтиһад» деген сөзден туындайды.Ижтиһад дегеніміз – ғалымдардың белгілі бір мәселеде құран, хадис, ижмағ, қиас секілді шариғи қайнаркөздерден діни үкім шығаруы. Мысалы, Ханафимәзһабының имамы Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит Құран мен Сүннетті әбден зерттеп-зерделеп шығып «Намаздың мынадай парыздары бар. Оларды орындамасаң намаз дұрыс болмайды» деген үкім шығарады. Содан соң негізгі қайнар көздерді тағы да қарастыра келе «Намазды бұзатын жағдайлар мыналар» деген қорытынды шығарады.
Міне, осы секілді намаз бен оразаға, зекет пен қажылыққа, құрбан шалуға, өзге де барлық құлшылықтарға қатысты үкімдер, ереже-қағидалар шығарылады. Бұлардың бәрі де, әрине, мүжтахид имамның өз ойынан шығарылмайды. Құран мен Сүннетке сүйеніп барып алынады. Бұл жерде басын ашып кететін нәрсе мәзһаб имамдары жай бір қатардағы мұсылмандар емес еді. Олар қарапайым мұсылмандар былай тұрсын, өз дәуірлеріндегі барлық ғалымдардан оқ бойы озық тұрған заңғар тұлғалар болған. Бүгінгі таңда ғылыми институттар мен академиялардың жұмыстарына арқауболып жүрген барлық исламиілім-білімдерді олар өз бойына жинай алған. Олар Құран, тәпсір, хадис, шариғат, ақида, араб тілі мен әдебиеті, қисын, Ислам тарихы секілді сан-салалы пәндерді толық меңгерген энциклопедист ғалымдар еді.
Айталық, Әбу Ханифа қасиетті Құранның бүкіл аяттарын түп-түгел жатқа білген. Сонымен қатар 500 мың хадисті жатқа білген деген дерек мәлім. Оған «имам Ағзам» яғни ұлық имам деген атақты халық тегіннен тегін бере салмаған. Ел оның сондай терең білімін бағалаған. Ал қазір кейде «Әбу Ханифа деген кім екен? Ол да бір пенде емес пе? Сондықтан Құран мен Сүннет тұрғанда оның айтқанымен жүремін деу надандық» деп ақылсынып жүргендерді кездестіріп қаламыз.
Рас, негізгі шариғат біреу және ол өзгермейді. Бірақ кейбір тармақ мәселелер бойынша түрлі мәзһабтардың пайда болуы заманның да, адам табиғатының да қажеттілігі еді. Мысалы, Аллаға сену, дәрет алу, намаз оқу, ораза ұстау секілді негізгі шариғатта ешбір мәзһабта айырмашылық жоқ. Барлық мұсылман дәрет алады. Бастарына мәсіх тартады. Алайда басқа мәсіх тартудың көлемі жағынан мәзһабтар арасында өзгешіліктер байқалуы ықтимал. Ханафида шаштың төрттен біріне мәсіх тартылса, Шафиғида шаштың кішкене бір бөлігіне су тисе жеткілікті. Ал имам Ханбали мен имам Мәликимәзһабтарында басты түгелдей мәсіх ету парыз. Мысалы, мұсылмандардың бәріне Мәлики мәзһабындағыдай дәрет алғанда бастарына түгелдей су тигізіп мәсіх тарту парыз болғанда, солтүстік полюске жақын аймақтардағы намаз оқушыларға қыстың аязында күніне бес уақыт дәрет алу қиынның қиыны болар еді. Шафиғи мәзһабы – олар үшін үлкен жеңілдік. Сондықтан болар, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ғұламалардың пікір қайшылығы – Алланың рақымы» деген.
Иә, аят-хадистерді білу басқа, олардан ереже-қағида мен үкім шығару басқа. Бұл тұрғыдан алғанда, хадис ілімін үлкен дәріхана деп есептесек, ал фақиһ, мүжтаһид ғалымдарды дәрі-дәрмектерді сырқатқа сай етіп таңдап беретін дәрігерлерге ұқсатуға болады.
Мәзһаб ұстану ешқандай адасушылық емес, керісінше, қажеттілік. Ешбір мәзһаб Құран мен хадистен, жалпы Исламнан бөлек жатқан, өз бетінше жол емес. Халыққа дінді ұстануға мол жәрдем беретін жеңіл де, жүйелі ислами жол. Мысалы, имам Ағзам Әбу Ханифа бір сөзінде ижтиһад жасау барысындағы ұстанымы туралы былай дейді: «Алланың кітабындағы үкімдерді аламын. Ол жерден таба алмасам, Расулулланың (с.ғ.с.) сенімді, әйгілі ғалымдардан жеткен сүннетіне сай амал етемін. Одан да табылмаса, саңлақ сахабалардан қалағанымның көзқарасын аламын. Алайда Ибраһим ән-Нахаъи, Әш-Шағби, Хасан әл-Басри, Аталарға келсек, мен де сол кісілер секілді ижтиһад жасаймын» (Әл-Мәкки. Мәнақиб. 1 том, 74-78-беттер)
Мұхаммад ибн Абдуллаһ ибн әл Мүнади былай дейді: «Бір кісі имам Ахмадқа келіп: Бір кісі жүз мың хадисті жатқа білсе, оны жұртқа пәтуа беретін фақиһ деп атауға бола ма?» деп сұрады. Имам Ахмад: Жоқ, – деді. Екі жүз мың хадисті жатқа білсе ше? – деді. Тағы да Жоқ, – деп жауап қайырды. Үш жүз мыңға не дейсіз? – деп сұрағын жалғады әлгі кісі. Бұған да жоқ деген жауап берілді.
– Ал төрт жүз мың хадисті жатқа білген кісіні дәл солай бағалауға бола ма? Міне, сонда имам Ахмад меніңше сондай кісіні жұртқа пәтуа беріп, үкім шығара алатын фақиһ деп атауға болатын шығар дегендей қолымен ишара жасады.
Көрдіңіз бе, өмірдің түрлі саласына қатысы бар төрт жүз мың хадисті жатқа білгендерді ғана мүжтаһид ғалым деп атай аламыз. Ал қазіргі қоғамда ондай ғалымдар бар ма? Ол жағын өзіңіз пайымдаңыз. Ендеше, мәзһаб ұстанудың қажеттілігін осыдан да байқауға болады.
Ханафи мәзхабын жаю мен жүйелеуде Әбу Ханифаның шәкірттері елеулі еңбек сіңірген. Олардың арасында имам Әбу Юсуф, имам Мухаммед, Зуфар, Хасан бин Зияд сияқтыең танымал шәкірттері де бар. Кейінгі ғасырлардаәйгілі ханафи ғалымдарынан Тахауи, Кәрхи, Халуани, Сарахси, Бәздауи сынды тұлғаларды атап айтуға болады.
Қазіргі таңда Ирак, Түркия, Орта Азия, Ауғанстан, Кавказ, Үндістан, Қытай, Мысыр, Сирия, Солтүстік Африка елдерінде Ханафи мәзхабы кеңінен тараған. Алла Тағала ел-жұртымызды бірлік-ынтымақтан ажыратпасын.
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ,
«Асыл сөз media» шағармашылық бірлестігінің директоры
ф.ғ.к., дінтанушы