Әбу Ханифа мәзһабының барлық тақырыбын қамтыған «Әл-Мәбсут» еңбегінің авторы, Ханафи мәзһабының ғұламасы – Әбу Баракат Шамсу л-Әимма Мухаммад б. Әбу Сәһл Ахмад әс-Серахси.
Серахси (Сарахси) бүгінгі Түрікменстан мен Иран арасындағы шекараға жақын орналасқан «Серахс» ауылында дүниеге келген. Нәжмәддин ән-Насафидің әдебиеттері мен басқа да дереккөздерде Серахсидің толық есімі жоғарыдағыдай етіліп жазылған. Сондықтан да Құрайш және басқа да дереккөздердегі Мұхаммед б. Ахмед б. Әбу Сехл деп көрсетілген шежіре дұрыс емес. Ибн Фазлуллаһ әл-Омар Серахсидің есімін Хасан б. Ахмад деп айтуында да жазу қатесі бар.
Серахси өз дәуірінде «екінші Шәмсуләимма» атымен танылған. Бұл атақты алғаш алған ғұлама ұстазы әрі Фиқһ саласында діни әдебиеттерінің саны жағынан күмәнсіз ең үлкен ғұламалардың бірі Халауани (ө. 452/1060) болған. Ғұламалар арасындағы дәрежесі жағынан Ибн Камал ол жайында: “Әбу Ханифа және Шәйбаниден кейінгі Хассаф, Тахауи, Керһи және Халуанимен бірге үшінші дәрежедегі ғұламалардан” деп көрсеткен.
Оның түрік тектес халықтан шыққаны туралы нақты дәлелдер болмаған. Бірақ, Бұқарада білім алғаны, кейін сол жерде шәкірт тәрбиелегені, сондай-ақ Қарахандықтар мемлекетінің ғалымдарының қатарында болғаны айтылады. Ол Өзкент түрмесінде өз туындыларын жазған және өмірінің соңғы жылдарын Мергенде (Ферғана) өткізген.
Сонымен қатар, жазбаларында тек араб тілін қолданған. Орта Азияның басқа ғұламалары сияқты кейбір фиқһ мәселелерін түсіндіру үшін кейде Араб терминдерінің парсы баламаларын беретіндігі оның ирандық екенін көрсетпейді. Өйткені, ол кезде парсы қалаларында зиялы қауым қолданатын екі тілдің бірі болған. Сондай-ақ, еңбектерінде түркілер туралы да көптеген мысалдар бергеніне қарап, оның түркі халқынан шыққан ғұлама деуге әбден негіз бар. Алғашқы дәуірдің ғұламалары туған жылы жайлы деректерде көрсетпейді.
Ал Серахсидің 400/1009-10 жылы дүниеге келгені туралы Абдулһай әл-Лакнауи және Факир Мухаммад Жахлами өз еңбектерінде оның он жасында әкесімен бірге сауда жасау мақсатында Бағдат қаласына келгені туралы баяндаған. Сондай-ақ, Серахсидің өмірбаяны туралы жазған Ибн Кутлубуга және Кәфәфи «Абақтыдан шыққаннан кейін, өмірінің соңына қарай Ферғанаға барған» деп 483/1090 жылдарды көрсетілген. Серахси Шәрху с-Сияри л-Кәбир еңбегінде 48/1087 жылы Миргинандағы түрмеде бастаған шығармасын осы жерде аяқтағаны туралы айтылған.
Ұстазы Халуани Бұқарада дәріс берген. Дереккөздерде бұл танымал ұстаздың діни дәрістеріне Серахси де қатысып, діни білім алғаны жайлы жазылған. Кәфәфи, Итқаниден жеткізген фиқһ шежіресі туралы былай деп жазған: “Абдуллазиз әл-Халуани – Әбу Әли ән-Насафи – Имам Мухаммад б. Фазл әл-Бухари – Абдуллах б. Мухаммад б. Якуб әс-Себезмуни – Әбу Абдуллах б. Әбу Хафс әл-Кәбир – Әбу Хафс әл-Кәбир – Мухаммед бин Хасан – Әбу Ханифа”.
Серахси, Шәрһу с-Сияри л-Кәбаир еңбегінің кіріспесінде Шәйһулислам Әбу л-Хасан әс-Суғди мен Әбу Хафс Омар б. Мансур Әл-Бәззаздан ислами білім алғаны нақты көрсетілген. Бұл екі ғұлама мемлекеттер құқығын білетін және осы тақырыпта Шәйбани тарапынан жазылған әдебиеттердің мазмұнына қанық болған. Серахсиден тәлім алған қанша шәкірті болғаны беймәлім. Дереккөздерде танымал бірнеше шәкірті ғана айтылған.
Абақтыда өткен өмірі: Серахсидің өмірбаянын жазған ең ескі дереккөз болып саналатын Ибн Фазлуллах әл-Омар Мәсалику л-Әбсар еңбегінің VI томының 65-66 беттерінде, Серахсидің Ақайд ғалымы, фиқһ, фиқһ усулу маманы және пікірталастың шебері екені айтылады. Алайда, замандастарымен пікір таластырған оқиғалар дереккөздерде көрсетілмеген. Түрмеде жатқан уақытында жазған «Нукет» еңбегінің кіріспесінде астарлап өзінің не үшін қамалғаны туралы былай деп жазған: «Бұлар Мұхаммедтің Зиядату з-Зиядат еңбегінің терминдік сөздерінен ойыма оралғандар және оның фиқһынан түсінгендерім. Насихат мақсатында айтқан бір сөзімнің себебінен абақтыда болып, бұл жерден босап шығу үмітім қалмағанынан жазып отырмын…».
Сонымен қатар, Серахси Шәрху с-Сияри л-Кәбир еңбегінде, өзін сұлтанның түрмеге қамағанын және бұған кейбір заңдардың себеп болғанын айтады. Түрмеде өткен өмірі жайында Әл-Мәбсут еңбегінің XII том, 108-бетінде былай делінген: «Жанұясынан, балаларынан және кітаптарынан жырақта болған адамның жазғаннан басқа несі қалды…». Өмірбаянын жазған ғұламалар бұл сөздерін Өзкент түрмесінде жазғанын айтады. Серахси жазған еңбектерінің басым көпшілігін осы жерде жатқанда жазғанын және бұл жерден шығарылғаннан кейін Миргинан қаласына барғанын еңбегінде нақты көрсеткен.
Хаффенини Серахси жайлы әңгімесінің бірінде былай деп баяндайды: «Өзкентте Қарахан мемлекетінің ордасына барды. Азат еткен құлдарын азат болған әйелдермен үйлендірген патшаның бұл әрекетінің ғұламалар арасына тек Серахси өзінің қарсы екенін айтады». Бұл уәжіне айтқан дәлелдері патшаны қайран қалдырғаны туралы тарихи еңбектерінде кең көлемде жазылған.
Бұған қоса, патша басқасының күңімен үйленгісі келген. Алайда, Серахсидің бұл пікіріне қарсы болғаны туралы жазылған. Кейбір ғұламалар Серахсидің қамалуының себебін Әбу Наср Ахмад б. Сүлаймен әл-Касанидің пікірі деп болжайды. Бұл адам Серахси қамалған уақытта, бас қазы болатын. Кейіннен уәзір болды. Арадан көп уақыт өтпей патшаның жарлығымен 467/1074-1075 жылында дарға асылды.
Бұл дереккөздермен қоса алғанда Шахабуддин Әл-Мәржанидің Журфату л-Хаукин еңбегінің 27-бетінде, Шәмсулмулк Насрдың 461 жылы (1069) факиһ Исмайл б. Ахмад әс-Саффарды өлтіргені және Серахсиді түрмеге қамалуына себеп болғаны жайлы айтылған және бұл ең дұрыс мәлімет деп жорамалданған. Сонымен қатар, 1079 жылы Хызыр хан, 1081 жылы Ахмед хан таққа отырғаннан кейін Серахси 480/1087 жылы түрмеден босап шыққан.
Өзкент түрмесінен босап шыққаннан кейін, Миргинан қаласындағы фақиһ имам Сәйфуддин Ибрахим б. Исхақтың үйінде қонақта болғаны, Сияри л-Кәбир еңбегін осында бітіргені, сондай-ақ Әмір Хасанның және Миргинан қаласының губернаторының есімі де еңбегінде баяндалған. Жоғарыда айтылған күңдердің оқиғасымен байланысы болғаны жайында еңбегінде де кездеседі.
Шын мәнінде Қарахан мемлекетінде діндар факиһтардың кейбіреулерін дарға асқаны жайында мәліметтер бар. Бұл келіспеушіліктердің басты себебінің бірі заңсыз салықтар мен діни ұстанымдардың мемлекет тарапынан бұзылуынан деп жорамалдаған. Бұл жорамалдардың негізін Серахсидің түрмеде жазған еңбектерінен байқалатынын ғұламалар тілге тиек еткен.
Сонымен қатар, тарихта Қарахан мемлекетінің ханы Ахмед Хан б. Хазыр шариғат шеңберінен шыққанын және ғұламаларға қысым көрсеткенін шағымданып, Селжук мемлекетінің ханы Малике шахтан көмек сұрағаны туралы айтылады. Ал осы оқиғадан аз уақыт бұрын Серахси түрмеден босатылғанын, тарихшылар екі елдің қарым-қатынасын қайта жаңғырту мақсатында қолға алынғанын жорамалдайды. Сонымен қатар, бұл жорамал Серахсидің өмірбаянын жазған Кәфәфидің Кәтәиб еңбегінде де кездеседі.
Сондай-ақ, Серахси әл-Мәбсут еңбегін түрмеден шыққаннан кейін де жалғастырған. Яғни, түрмеде он жылдан астам уақыт өткізгенін байқауға болады. Серахси еңбектерінде, діни пікірлерінің құрбаны болғаны, саяси қуғынға ұшырап Миргинани қаласынан қуылғаны және Өзкент қаласындағы түрмеге жатқызылғаны баяндалады.
Серахсидің дүниеден өткен жылы жайлы нақты бір дерек жоқ. Алайда, көптеген дереккөздерде 483/1090 (1091) жылында бақилық болғаны жазылған.
Еңбектері
Серахси еңбектерінің басым бөлігі түрмеде жазылған. Яғни түрмеден басталып, шыққаннан кейін жазылып біткен. Қазіргі таңда олардың басым көпшілігі белгілі кітапханаларда сақталған.
- Шифату Әшрати с-Саға уәМақамати л-Қиямә. Ұстазы Халауани жаздырған бұл еңбегі Серахси тарапынан ретке келтірілген. Ыстамбұлдағы Сүлеймания және Париждің ұлттық кітапханасында сақталған екі нұсқасы бар.
- Әл-Мәбсут. Серахси Өзкент түрмесінен жақын уақытта шыға алмайтынын біліп, сол жерде басталған отыз томнан тұратын әдебиеттің І том 4-бетінде Серахси Шәйбанидің әл-Асл әдебиетінің қорытындысы, сондай-ақ Хаким әш-Шәһидтің әл-Мухтасару л-Кафи еңбегінің түсіндірмесі ретінде дайындалған.
Сонымен қатар, бұл Әбу Ханифа мәзһабының фиқһ жүйесін кең көлемде түсіндірген ең үлкен еңбегі. Сондай-ақ, Мәбсут мәзһаб пікірлері мен дәлелін негізге ала отырып, барлық пікірлерді объективті әрі жүйелі түрде берген ең үлкен әдебиет болып саналады. Әл-Мәбсут Каир қаласында 1324-1331 жылдары 6335 беттен тұратын, отыз томдық жинақ болып басылып шыққан. Халил Мухиддин әл-Мәис еңбектің тағы бір нұсқасын дайындап, Бейрут қаласында 1400 жылы басып шығарған.
3. Шәрһу (Нукәту) Зиядати з-Зияда. Шәйбанидің Әз-Зиядат, Жамиу с-Сағир және Жәмиу л-Кәбир еңбектерінің шәрһи.
4. Шәрһу л-Жәми с-Сағир. Бір нұсқасы Ыстамбұлдың Сүлеймания кітапханасында сақталған.
5. Шәрһу с-Сияри л-Кәбир. Автор қамаудан босатылар кезде елінде болып жатқан ішкі қақтығыстардың әсерінен Шәйбанидің мемлекеттер арасы құқық кітабы негізінде жазылған. Қамаудан шыққаннан кейін 1408 беттен тұратын бұл еңбектің 328 бетін Миргинан қаласында он күннің ішінде бітірген.
6. Усулу л-Фиқһ (Усулу с-Серахсаи). Автор қамауда болған жылдардан бастап, шыққаннан кейінгі жылдарда бітірген бұл еңбегін Шәйбани еңбектерінің негізгі түсіндірмесі ретінде қалам тербейді. Бұл әдебиет Әбу л-Уафа әл-Ауғани тарапынан Каир қаласында 1372 жылы екі топ болып қайта жарияланған. Сонымен қатар, 1372 жылы Хайдарабадта, 1393 жылы Бейрутта басылып шыққан. Серахсидің бұл еңбегі мен Пәздәуидің Ушул еңбегі Ханафи мәзһабының фиқһ усулун қорытындылаған екі классикалық еңбек ретінде қабылданған. Қазіргі таңда көптеген елдерде Ханафи мәзһабының фиқһ усулу осы екі еңбекпен оқытылуда.
Серахсидің еңбегін жазған Ибн Кутлубога Шәрһу Мухтасари т-Тахауи еңбегінің бір бөлігін көргенін айтады. Әбу л-Уафа әл-Ауғани Хассафтың Әдабу л-Кады және Нафакат еңбектерінен Серахси тарапынан жазылған шәрһтердегі бөлімдер бар екені айтылады. Сондай-ақ, Серахсидің Жәмиу л-Кәбир еңбегінің шәрһі әлі күнге дейін табылмаған.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Ислам құқық ғылымдарының докторанты
Пайдаланған әдебиеттер
- Серахси, Әл-Мәбсут, І-том, 4-бет; XXX томдар. I, 4; VIII том, 80-бет; X том, 21-бет; XII том, 108-бет; XX том, 7-бет; XXVII-том, 124-бет; XXX том, 287-бет.
- Серахси, Ушул, Бәйрут 1393/1973, I том, 3-8 беттер.
- Серахси, Нукату Зиядати з-Зиядат, Хайдарабад 1378, кіріспесінде айтқан сөздері.
- Зәхәби, Аламу н-Нубәла, XVIII том, 177-бет.
- Ибн Фазлуллаһ әл-Омар, Мәсалик, VI том, 65-66 беттер.
- Кураши, Әл-Жәуаһиру л-Мудия, II том, 467-бет; III том, 8, 78-82 беттер.
- Ибн Хажар әл-Асқалани, Лисану л-Манзур, Бәйрут 1423/2002, V том, 192-бет.
- Ибн Кутлубога, Тажу т-Тәражим фи мән Шәннафа минә л-Ханафия, Дамаск 1412/1992.
- Ташкопрулузада, Муфтаху с-Сададә, ІІ-том, 55-бет.
- М. Захид әл-Кәусари, Булуу л-Әманә, Каир 1388/1969, 81, 83 беттер.
- Абдуллаһ Уылдыз, Серахсидің хадис түсінігі және хадистермен амалы. Урфа, 1998. 139-159 беттер.