Елімізде дәстүрлі мерекеге айналған Мәуліттің бірнеше ғасырлық тарихы бар. «Мәуліт» сөзі соңғы елшінің туылуын білдірумен қатар, осыған қатысты іс-шаралар, жазылған жырлар, тіпті Расулалланың туған үйіне де қатысты айтылады.
Соңғы Пайғамбар (с.ғ.с.) Піл оқиғасы орын алған жылы, Рабиул-аууал айының он екінші күні дүйсенбінің таңында дүниеге келген. Бұл мерзім милади күнтізбесі бойынша 571 жылдың сәуір айының жиырмасына тура келеді. Пайғамбар туылған үй Қағбаның шығысындағы Сафа жотасына жақын Мәуліт көшесі деп аталған жерде орын тепкен.
Расулалла (с.ғ.с.) туған түні бірқатар тосын оқиғалар көрініс берген. Кисраның сарайындағы бағаналар құлап, мың жылдан бері лаулап жанып келген мәжусилердің оты сөнген.
Оның туылған сәтіне қатысқан әйелдер таңғажайып жағдайларға куә болған. Сафиуддин әл-Аттардың «Сенің туылғаның құрметіне оттар сөнді, қуаныштан бағаналар құлады» деп бастаған өлеңінде немесе танымал сопы ақын Бусиридың «Қасида и бурда» атты әйгілі мадақ жырында тілге тиек еткеніндей, көптеген ақындар Пайғамбардың (с.ғ.с.) туылған сәтіндегі осындай оқиғаларды жарыса өлеңге қосқан.
Атасы Абдулмұтталиб туғанына жеті күн өткеннен кейін Меккеде дастархан жайып, балаға сол күнге дейін аса көп кездесе қоймаған «мақтаулы» деген мәндегі Мұхаммед деген ат қояды. Бұндай есім берудегі мақсатын немересінің Алланың назарында да, халықтың назарында да мақтаулы тұлға болуын қалағандығымен түсіндірген.
Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінде дүйсенбі күнінің ерекше орны бар. Мәселен, неліктен дүйсенбі күндері ауыз бекітетіні сұралғанда: «Мен осы күні тудым, Құран да маған осы күні түсті», – деп жауап қатқан.
Ибн Аббастан риуаят етілген бір деректе Расулалланың дүйсенбі күні туғаны, дүйсенбі күні пайғамбарлық келгені, Меккеден дүйсенбі күні хижрет еткені, Мәдинаға дүйсенбі күні аяқ басқаны, дүйсенбі күні өмірден озғаны туралы мәлімет кездеседі.
Ислам әлемінде мәулітті мереке ретінде атап өту Әділетті халифалар, Омаяттар кезеңінде аса байқалмаған. Дегенмен, мұсылманша жыл санауға сахабалар арасында Мәуліт күнін бастау ету туралы да пікірлер қозғалғанына қарағанда, бұл күнге ерекше қаралғанын аңғару қиын емес.
Тарихта Мәуліт шарасын атап өту Мысырда билік құрған Фатимиттердің (910-1171) кезінде ерекше орын алған. Бұл мереке алғашында сарайдағы мемлекет басшыларына ғана тән болыпты. Фатимиттер хазірет Әли мен Фатиманың туылған күндерін де арнайы атап өтетін. Сүнниттік мұсылмандарда алғашқы мәулітті хижри 604 жылы Салахаддин Әйюбидің жақыны Эрбил басшысы Малик Музаффаруддин Көкбөрі (ө.ж. 1232) ұйымдастырған деседі.
Мұзаффаруддин жалпыхалықтық мереке ретінде ұзақ дайындық жасатып, алыс-жақын аймақтан фақиһтарды, тасаууф өкілдерін, уағызшылар, әдебиетшілер мен ақындар, басқа да ғалымдарды Эрбилге шақырып, кең түрде құттықтау өткізетін. Бұндайда қоғамдағы кедей-кепшіктерге де көмек жасатып, көңіл бөлетін.
Мәуліт кейіннен өзгерістерге ұшырап, Меккеде де ұйымдастырыла бастаған. Мекке мен Мәдинадан кейін Мәуліт мерекесі Ислам елдерінде бір-бірінен өзгеше кейіпте дамып, бүгінге дейін жалғасқан.
Бұған қоса, Андалусиядағы құттықтаулар да тарихта айрықша орын иеленген. Мәулітті атап өтудегі мақсаттарын андалусиялық мұсылмандар былай деп білдірген екен: «Мәуліт түндерін тиімді өткізген жөн. Бұл тұрғыдағы айтқан сөздеріміз бен істеріміз өнегелі-ақ. Ашты тойғызамыз, жалаңашты киіндіреміз, кедей-кепшіктердің үйлеріне көмек береміз».
Пайғамбардың туылуын, өмірін мадақтауға арналған «Мәуліт» деп аталған көптеген жырлар жазылған. Бұл жырлар кейіннен Мәуліт мерекелерінде әуендетіп оқыла бастаған.
Ғалымдар мәулітті бидғатқа жатқызса да, ислами шеңберден шықпау шартымен рұқсат берген. Оны жақсы бидғатқа жатқызып, пайғамбарға деген сүйіспеншілікті арттыруды көздеген. Өйткені Расулалланы (с.ғ.с.) жақсы көру иманда орны бар мәселе.
Мына хадис соған дәлел: «Аллаға ант етейін, мені өз әкесінен, баласынан және барша адамдардан артық жақсы көрмейінше, ешбірің иман еткен болып саналмайсыңдар» (Бұһари, Иман 8).
Құдайберді БАҒАШАР