Сұрақ: Мәулітті тойлаудағы мақсат не?
Жауап: Негізінде «мәуліт» «уәләда», «иялиду» деген араб сөзінен шығады, қазақша мағынады «туылу», «дүниеге келу» және «туған күн» леген мағыналарды береді. Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) адамзатқа үлгі етіп жіберген деген аят бар. Сол үшін исламда ол кісінің туған айын «мәуліт» (туған күн) деп атау дәстүрі қалыптасқан.
Алла Тағала әрбір пендесіне сынақтар жібереді. Қазақ: «Өмір деген – кұрес», – деп бекер айтпаса керек. Адам бұл өмірде көптеген қиыншылық және машақаттармен күреседі, алдына қойған асқақ мақсатына жету үшін талай белестерді алады. Алла енді осы пенделердің арасында ең көп және қиын сынақтарын Өзінің сүйікті құлдарына, әсіресе, пайғамбарларға жіберген.
Мысалы, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) ата-анасынан ерте айырылды. Әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салса, алты жасқа толғанда анасы қайтыс болады. Пайғамбарлық келген уақытта жақындары, руластары қарсы шықты, туған жерінен куғынға ұшырады, өмірлік серігі Қадиша анамыз қайтыс болды, балалары мен қыздары дүние салды, ислам діні үшін күресті алғаш өзі бастады және т.б.
Бірақ, пайғамбар (с.ғ.с.) басына түскен түрлі сынақтар мен қайғы-қасіреттерге мойымай күресіп, жеңіске жетті. Осы сияқты оқиғалардың барлығы мұсылман үмбеті үшін ғибрат. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әрбір қайғыда, өмір қасіреті мен машақатында көрсете білген қайсарлығы, көркем мінезі, отбасында, қоғамда және мемлекет басқаруда танытқан мәмілесі кейінгілер үшін үлгі-өнеге.
Мәуліт мерекесін атап өтудегі мақсат – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың ғибратты ғұмырын насихаттау, жастарға тәлім-тірбиелік дәріс беру. Келешек ұрпақты имандылыққа пен инабаттылыққа, адамгершілік құндылықтарға (үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-ананың тілін алу, жамандықтан қайтару, жақсылықа шақыру сияқты т.б.) баулу жіне т.б.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ