Наурызбай қажы Өтпенов, «Нұр-Астана» орталық мешітінің бас имамы:
«Мәуліт» мерекесін тойлау арқылы Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген махаббатымызды арттырамыз
– Алланың адамзат арасына жіберген ақырғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туған күні – Мәуліт мерекесі жайында бүгінге дейін баспасөз беттерінде, басқа да ақпарат құралдарында кеңінен насихатталып, айтылып келеді. Дін қызметкерлерінің сол бастамасын сіз де жалғап, оқырмандарымызға қасиетті күннің маңызы мен салмағы жөнінде әңгіме өрбітсеңіз…
– Бисмиллаһир рахманир рахим. Мәуліт сөзі шын мәнінде «туған күн» деген мағынамен астасады. Соңғы жылдары пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние есігін ашқан күн мұсылман мемлекеттерінде мерекелік күнге, айға айналды. Расында, аталған күнді тойлау пайғамбардың заманында, сахабалардың дәуірінде болмаған. Бұл кейінгі ғұламалардың, ғалымдардың екі дүниенің сәруәрі Мұхаммедке (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілікті, ілтипатты, құштарлықты арттыру мақсатымен мерекелене бастады. Мұның астарында пайғамбардың не үшін келгендігін, ата-бабалары кімдер, пайғамбарлығы қай кезде, қандай миссиямен келгенін, ол үмбеттерін қалай жақсы көргенін, бізге қандай жақсылықтар жасағанын, қандай істерге үндегенін, қандай қоғамды арсыздықтан, келеңсіздіктен арылтқанын ұқтыру, түйсіндіру ғанибеті жатыр. Яғни, осы үлкен шара арқылы мұсылмандардың Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббатын күшейтеміз.
Әрине, заманға сай, мәуліттің де форматы өзгеру үстінде. Бұрынырақта қасиетті күні мұсылмандар топталып салауат айтқан, мешіттерде құлшылық еткен. Ал, қазір мәдени ошақтарда аталып өтуде. Мәселен, алматылық ағайындар жуырда ғана «Балуан Шолақ» спорт сарайында салтанатты жағдайда тойлады. Біз, астаналық жамағат 15-ақпан күні Конгресс-холлда мерекелемекпіз.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар әр дүйсенбі сайын ораза ұстаған. Сахабалары мұның себебін сұрағанда Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Бұл – менің өмірге келген күнім», – деп жауап берген. Ол өзінің туған күнін осылай, оразамен дәріптеген. Осыдан кейін мұны сүннет ретінде қабылдаған. Тіпті, мәуліт күні ауыз бекітетін сахабалар да болған.
– Мерекені асыға күтіп жүрген мұсылмандар аз емес. Соларды кештің бағдарламасымен біршама таныстырып өтсеңіз.
– Мерекеде негізінен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ізгілігі, ғибраты жөнінде уағыз-насихат пен араб тілінде салауат айтылады. Өйткені, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім маған бір салауат айтса, Алла тағала оған он салауат айтады. Кімде-кім маған он салауат айтса, Алла-тағала оның дәрежесін он есе көтеріп, он күнәсін кешіреді», – деген. Сонымен қатар, Құранда Алла тағала: «Алла және Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады, сендер де салауат айтыңдар», – деп бұйыруда. Осы негізбен мереке барысында біз де салауат айтпақпыз.
Мерекелік шараны ұйымдастыруда көпшілікке театр актерлерінің сахналауымен үлгі аларлық қойылым ұсынуды жөн көрдік. Онда әдеттегідей сахабалар, таблиғиндар заманындағы емес, дәл қазіргі кезеңдегі белең алған теріс оқиғалар қамтылмақ. Ғибратты көріністеріміз жастарға, көпшілікке ой салып, адамгершілік құндылықтарын арттырады деген ойдамыз.
Кеште бас мүфтидің орынбасары, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Серікбай Ораздың «Ізгілік жаршысы – Мұхаммед» тақырыбындағы, белгілі профессор Дихан Қамзабекұлының «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалады. Екінші баяндаманың мәні биылғы «Дін мен дәстүр» жылымен орайластырылған. Өйткені, қазіргі кезде күрделі ахуалға айналған мәселе, жат ағымның өкілдері сан ғасырлық тарихы бар, мәне мен маңызы зор баба салтын, ата дәстүрін жоққа шығаруда. Сондықтан ғалым осы бағытта әңгімелеп, ислам діні қазақы құндылықтарымызды құптайтынын, ұлықтайтынын айтады. Сонымен қатар эстрада жұлдыздары – «Меломан» тобы өнер көрсетеді. Жұртшылық «Адамзаттың ардақтысы – Мұхаммед» деген бейнеролигімізді тамашалайды.
Тағы айта кетерлігі, биылғы Мәуліт мерекесін елордалық жеті мешіт бірлесе ұйымдастыруда. Кеш алдында жамағатқа арнайы купондар таратудамыз. Мұны әр мұсылман қалтасында бар қаражатқа қарай сатып алады. Ал, одан жиналған қаражат қайырымдылық шараларына жұмсалады.
– Наурызбай Тағанұлы, көпшілік көкейіндегі бір сауалдың реті келген сыңайлы. Соңғы кездері мұсылман бауырларымыздың арасында «Мәулітті мерекелеу – исламға қайшы, жамағатқа жат» деушілер де бар. Сіз бұған не уәж айтасыз?
– Кейбір жат ағымдықтар, әсіресе, Мұхаммад-дин Абдул Уаһабтың жолын ұстанушылар ислами сауаты төмен замандастарымызды өздерінің ұтымды тәсілдері арқылы күдіктендіріп қояды.
Расында, «Мәулітті тойлауға болмайды» деген аят немесе нақты хадис жоқ. Қайта пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кім қандай да бір жақсылықты жарыққа шығарса, соның сауабын алады», – деп өсиеттейді. Ал, мәуліт не үшін мерекеленеді? Оның мақсаты – халықты тағылымға шақыру, жақсылықты жаршылау, Мұхаммедке (с.ғ.с.) деген мұсылман құрметін, сүйіспеншілігін арттыру.
– Хазіреті Айша анамыздың: «Мұхаммедтің (с.ғ.а) мінезі – Құран», – деген сөзі бар. Алланың соңғы Елшісінің қазіргі қоғамға, мұсылмандарға үлгі боларлық келбетін, бірқатар істерін әңгімелеп беріңізші…
– Пайғамбардың (с.ғ.с.) ғибраты өте көп. Мәселен, мейірімділігі жөнінде айтсам, ол өзінің ең жақын адамдарын өлтірген қылмыстыны да кешірген. Өмірінде ешкімді қарғамаған екен, тек жақсы тілегін айтқан. Тіпті, туған немерелеріне дұға жасамай, «Маған дұға еткен үмбетім үшін дұға етем» деген сөздері қалған. Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) берілген ерекше қасиеттердің бірі – шапағат ету. Яғни, Ол о дүниеде өзінің үмбеттерінің күнәсін Алладан кешіруін тілеп, жәннатқа кіруіне себепші бола алады.
Қос дүниенің сәруары кішкене балаларды өте қатты жақсы көрген, сыйлаған. Намаз оқып отырғанда да ойнап жүрген немерелері мойнына асылса, қағып жіберіп, итеріп, түсірмеген. Жамағаттың алдында құтпа оқып тұрғанда сахабаларының балалары етегінен тартып, асылса, оны қолына көтеріп алып, жалғастыра берген. Үйінде немерелерін үстіне мінгізіп, ат болып ойнатқан. Жетім балаларға әкесіндей қамқорлық жасаған. Тіпті, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Менің екі саусағым бір-біріне қандай жақын болса, жетімді жебеген үмбетім қияметте маған осындай жақын болады», – деген. «Ашура күнінде жетімнің басынан мейіріммен сипаған жанның Алланың алдындағы дәрежесі сол баланың басындағы шаштың санындай көтеріледі», – деген өсиеті де ғибрат аларлық.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар бола тұра, шаңырағындағы әйелдеріне көмектескен. Жыртылған киімдерін өзі жамап алған кездері болған екен. Ол дүниеден өткенде Айша анамыз: «Үйде бір сынық нан ғана қалып еді», – депті. Яғни, император дәрежесіндегі Алланың Елшісі (с.ғ.с.) ешқандай дүние жинамаған және қалдырмаған. Өйткені, ол (с.ғ.с.): «Пайғамбарлардан мирас қалмайды және пайғамбарларға садақа алуға болмайды», – деп айтқан.
Алла тағала Құранда: «Пайғамбардың келуі мен Құранның түсуі адамдарды қараңғылықтан нұрға шығарды. Пайғамбарды жер бетіне мейірім етіп жібердім», – дейді. Сол Хақ Елшісінің сүннетін бұзбаған қазақ қалқында «ұят болады» деген сөз бар. «Ұят – иманнан» дейміз. Бұл – бізге пайғамбар (с.ғ.с.) мектебінен қалған ғибрат, тәлім.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Асхат РАЙҚҰЛ