Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына қатысты.
«Бүгін бәріміз ұлы ойшыл, рухани ұстаз, түркі дүниесінің айтулы тұлғасы Қожа Ахмет Ясауиге және оның мұрасына арналған конференцияға жиналып отырмыз. Осы іс-шараға тұтас түркі дүниесінің дін лидерлері мен қайраткерлері арнайы келген екен. Баршаңызды Қазақ елінде көргенімізге қуаныштымыз! Сонымен қатар, бұл жиын отандық және шетелдік ясауитанушы ғалымдардың басын қосып отырғанын атап өткеніміз жөн.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ясауидің есімін ұлықтауға және еңбегін дәріптеуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың отырысында «Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударған жөн», деген еді.
Осыған орай еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы іс-шара өткізу туралы бастама көтерген болатын. Бүгінгі конференция – аталған бастаманы іске асырудың нақты көрінісі. Сонымен қатар, Президентіміз жуырда ғана киелі Түркістанға жасаған сапарында ең алдымен Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне зиярат етті.
Мұның бәрі Ясауи – ұлтымыздың рухани темірқазығы екенін айқын көрсететін қадамдар. Бүгінгі іс-шара да ұлы тұлғаның есімін және еңбегін жаңаша жаңғыртудың жарқын үлгісі болады деп сенеміз» деді Мәулен Сағатханұлы.