Имам Матуриди сенімдік мәселелер бойынша «Китабу тәуили-Құран» және «Китабүт-тәухид» секілді шығармалар жазды. Бұдан басқа кейбір зерттенушілер Имам Ағзамның шығармасы «әл-Фыкһул-акбарға» Имам Матуридидің түсіндірме кітап жазғанын айтады.
Имам Матуриди ақиқатты тануда ақылды қолдануда асыра сілтеушілікке ұрынбай, ақыл мен қисынды нақылға қосымша дәлел ретінде орнықты пайдалануымен ерекшеленеді. Ал, Имам Әшғари мен оның мәзһабы нақлға (Құран мен Сүннетке) көп мән беруімен өзгешеленеді. Осыған қарап Матуридиені Муғтазалийа мен Әшғари мәзһабының арасындағы мәзһаб деуге болады. Ал, Әшғариді Муғтазалийа мен Салафидің арасындағы мәзһаб десек болады.
Ал, Мұхаммед Әбу Захра екі ғұламаның арасындағы қайшылықтарды былайша жіктейді:
а) Имам Матуриди Алланы тануда ақыл маңызды рол атқарады деп біледі. Әрине, ол Алланы тануда илаһи ілімді (Құран мен Сүннет) жоққа шығармайды. Десекте, Алла адамдардың өзін ақылмен тануын бұйырған. Бұл туралы Құран-Кәрімде: «Күдіксіз көктер мен жердің жаратылуында, адам баласының пайдалы нәрселермен теңізде жүрген кемеде және Алланың көктен жаңбыр жаудырып, жер өлгеннен кейін онымен жандандырудың әрі онда әртүрлі хайуанды таратуында, жерлерді және көк пен жердің арасындағы бағынышты бұлтты басқаруында әлбетте ойлаған елге (Алланың барлығына, бірлігіне) белгілер бар» (Бақара, 2/164) деп, ақылмен ізденудің маңыздылығын баяндаған. Яғни, еліктеушілік және мәжбүрліктен көрі, Алланы ақылмен саналы түрде танығанның иманы шынайы болып табылады.
Имам Матуриди Алланы тануда ақыл маңызды рол атқарады деп тұжырымдағанмен, Исламдағы көптеген үкімдердің сырын ұғынуға тек ақылдың күші жетпейді деп біледі. Бұндай жағдайда, Алланың жәрдеміне сүйене отырып, үкімдердің мәнін ұғынуға тура келеді деп пайымдайды.
ә) Имам Матуриди ақылды кейбір нәрселердегі жақсы мен жаманды айыра алады деп білді. Ал, Имам Әшғари болса, жақсы мен жаманды тек Алланың үкімі айырып бере алады. Сондықтан, жамандық пен жақсылықты шариғатпен ғана бағамдауға болады деп ұқты.
б) Имам Матуридидің Алланың іс-әрекеттері хақындағы көзқарасында өзге каламдық мектептің өкілдерінен қарағанда біршама ерекшелік болды. Имам Әшғари Алла-Тағаланың жасаған іс-әрекетінен себеп іздеуге болмайды. Өйткені, Алла жасаған іс-әрекеті үшін жауапқа тартылмайды. Жасаған іс-әрекеті үшін жауапқа тек адамдар ғана тартылады деп білді. Муғтазалийа өкілдері болса, Алла-Тағала әртүрлі мұрат-мақсаттарды көздеп, белгілі-бір себептердің негізінде іс-әрекет етеді. Өйткені, ол хикмет иесі. Алла себепсіз ештеңені жаратпайды. Әрбір нәрсені тосыннан емес, белгілі-бір жүйемен жаратады деп пайымдады. Муғтазалийа өкілдері; Алла лайықты болғандардың ішінде өте лайықтысын жасайды. Алланың лайық болмағанды жаратуы, Оның хикмет иесі екендігіне селкеу түсіреді. Сондықтан, өте лайықты іс-әрекет ету, Аллаға уәжіп деп білді.
Бұл мәселе бойынша Имам Матуридидің ұстанымы Әшғариттер мен Муғтазалиттерден пікірінен өзгеше болды.Оның пікірінше Алла бей-берекет әрекет етпейді. Алланың әрбір ісі хикметке толы. Себебі, Алла-Тағаланың үкімдері мен жүктемелері және бүкіл іс-әрекетімен хикметті мұрат еткен. Бірақ, Алла хикметті мәжбір немесе зорығып жасамайды. Өйткені, Ол нені қаласа, соған қол жеткізеді. Осы себептен де Алланың тек өте лайықтыны жасауы уәжіп деп айта алмаймыз. Алла жаратылғандардың алдында белгілі-бір іс-әрекеттерді жасауға міндетті емес. Алладан бір нәрсенің жасалуын уәжіп көруіміз, Оны жауапқа тартуымызбен бірдей ұғым. Ал, Алла мұндай кемшіліктен ада болып табылады.
в) Ахлу сунна сенімін құрайтын екі мәзһабтың арасындағы тағы бір ерекшелік адамның іс-әрекеттері хақында болатын. Бұл туралы Муғтазалиттер адам өз іс-әрекетіне жауапты болуы үшін, адам Алланың берген күш-қабілетінің негізінде іс-әрекет етеді деп білді.
Ал, Әшғариттер болса, адамның іс-әрекеттері Алла тарапынан жаратылып, бірақ, іс-әрекеттерді иелену қабілетінің адамда болғандығын айтты. Адамның жазалануы немесе сый-сияпатқа бөленуі, осы іс-әрекеттерді иелену қабілетіне байланысты деп пайымдады.
Имам Матуриди адамның қабілеті бар және осы қабілетімен бірге қалау құқығына ие. Адам осы қабілеті және қалауымен не жаза, не сауап алады деді. Имам Әшғари қабілеттілік деп Алла тарапынан жаратылған іс-әрекет пен адамның қалауының бірігуі, яғни, қабілетті де Алла бергендіктен, адамның бұл қабілетке әсері болмайды деп ұқты. Имам Әшғаридің бұл пікірін кейбір ғұламалар адамның бүкіл іс-әрекетін жаратушы һәм жасаттырушы (қалауы жоқ) Алла деген Жәбирийаның ұстанымына ұқсатты.
Ал, Матуридидің пікірінше, адамдағы қабілеттілік Алланың адамға берген күш-қуатымен болады. Осы қабілетпен адам Алланың жаратқан іс-әрекеттерін иеленеді немесе иелене алмайды. Адам, өз қабілетімен іс-әрекет етуге ерікті. Қаласа, жасайды, қаламаса жасай алмайды деп түсінді.
г) Екі имамның арасындағы ең үлкен мәселелердің бірі Алланың заты мен сипаты турасындағы пікір қайшылығы болатын. Имам Матуриди Алланың заты мен сипаты бір деп білді. Ал, Имам Әшғари екеуі екі басқа нәрсе деп ұқты. Екеуі де күн мен күннің шапағын мысалға келтірді. Имам Матуриди Алланың заты күннің өзі болса, Алланың сипаттары күннің шапағы. Күннің шапағы күннен шығады. Күн болмаса шапақ болмайды. Демек, екеуі бір нәрсе деп түсінді.
Ал, Имам Әшғари Алланың заты күн бола қойсын. Алланың сипаттары күннің шапағы деп те алайық. Бірақ, шапақ дәл күннің өзі секілді емес. Күн де дәл шапақ секілді емес. Демек, Алланың заты мен сипаты бірдей емес деп білді. Осы себептен де Әшғариттер Алланың құдірет, қалау, ілім, хай (мәңгі тірі), есту, көру, қалам (сөйлеу) секілді сипаттары бар деп, Алланың бұл сипаттары затынан мүлде басқа болғанын айтты.
Муғтазалиттер болса, Алланың затынан басқа ештеңе жоқ екенін алға тартқан болатын. Олардың пікірінше, Құранда өтетін ғалым, хаким, есту, көру сөздері Алла-Тағаланың есімдері болып табылды. Ал, Матуридиттер болса, Алланың бұндай сипаттары бар екендігін, бірақ, Алланың бұл сипаттарын Оның затынан бөліп қарастыруға болмайтындығын айтты.
Имам Матуридидің бұл пікірі Әшғариттерден көрі, Муғтазалиттерге жақын еді. Себебі, Муғтазалиттер Алланың сипаттары жоқ, Оның құдіреттілігі затында десе, Әшғариттер Алланың сипаттары бар және бұл сипаттар Оның затынан тыс күшке ие екендігін алға тартты. Ал, Матуриди Алланың сипаттарын мойындағанмен, бұл сипаттар Алланың затымен бір деп білді.
Құран кімнің сөзі? деген мәселеде, Муғтазалиттер Құранды жаратылған десе, Әшғариттер Құранды жаратылмаған деген болатын. Ал, Имам Матуриди болса, Құран жаратылмаған, бірақ, Құранды Алланың сипаты деп пайымдады.
Имам Матуриди Алланың бүкіл сипаттарын мойындай отырып, Аллада зат (материя), уақыт, мекен ұғымдардың жоқ екендігін алға тартты. Әйтседе, ол Құран-Кәрімде өтетін Алланың жүзі, қол бар деген мәселелерге Исламдық сенімге қайшы емес негізде жақсы жағынан жорамал (тәуил) жасады.
д) Имам Матуридидің өзгелерден тағы бір ерекше пікірі қиямет күні Алла-Тағаланың жүзі көріне ме, көрінбей ме? деген мәселеде болатын. Әсілі, Құран-Кәрімде: «Қиямет күні кейбір жүздер жарқырап, Раббына қарайды» (Қиямет, 75/22-23) деп бұйырылып, ақырет күні кейбір адамдардың Оған қарайтындығы айтылған. Имам Матуриди Құранда баяндалғанындай қиямет күні Алланың жүзі көрінеді деп сенді. Муғтазалийа өкілдері қиямет күні Алланың жүзі көрінбейді деген болатын. Өйткені, олардың пікірінше көрінген нәрсенің мекені болады деп білетін. Осылай ойлаған болсақ, Алланың да мекені бар болып шығады. Сондықтан, Алланың жүзі бар деген пікір дұрыс емес деп ұқты.
Имам Матуриди болса, қиямет күні Алланың көрінуі, бұл қияметтік хал болатын. Ақыретте Алла көрінсе, демек, ол заттан және мекеннен тұрады деп ойлау, бұл дүниелік көзқарас. Ал, қиямет күнгі жағдайдың қалай болатындығы бізге беймәлім. Сондықтан, Құранда қиямет күні Алланың көрінетіндігі туралы анық айтылса, біз бұған сенуге тиістіміз деген ұстанымда болды. Әрі бізге білінбейтін нәрселер хақында пікір айтпау туралы Құран-Кәрімнің: «Өзің білмеген нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы ондан сұралады» (Исра, 17/36) деген аятты негізге алып, Алла ақыретті көрінбейді деген Муғтазалиттерді сынға алды.
е) Имам Матуридидің келесі пікірлерінің бірі үлкен күнә жасаған адамның ақыреттегі жағдайы қалай болады? деген мәселеде ерекшеленді. Ислам ғұламаларының көпшілігі Аллаға иман келтірген мүміннің мәңгілік тозақта қалмайтындығына сенген болатын. Ал, Харижиттер болса, үлкен-кіші күнә істеген адамды мүміндік санаттан шығарып, кәпір деген еді. Муғтазалиттер болса, үлкен күнә жасаған адамды мүмін емес, мұсылман (сыртқы пішінімен Алланың дінінде болып көріну) деп санады. Сондай-ақ, үлкен күнә жасаған мұсылман тәубе етпеген болса, мәңгілік тозақта қалады. Бірақ, бұндай кісі кәпірлерге қарағанда, тартар азабы жеңілдеу болады деп ойлады.
Бұдан аңғаратынымыз, Харижиттер мен Муғтазалиттер амал етуді иманның бір бөлшегі деп ұғады. Ал, Әшғариттер мен Матуридиттер болса, амалды иманмен тұтас деп қарастырмайды. Осы себептен де, олар үлкен күнә жасаған мұсылманды діннен шықты деп айтпайтын. Бұндай адам тек есепке тартылып, жазаланады. Бәлкім Алланың рахымымен кешіріліп, жазаланбауы да мүмкін деген көзқараста болды.
Алла-Тағала Құран-Кәрімде күнә әрекет үшін тек соған сай жазаның берілетіндігін ғана баяндаған. Бұл хақында: «Кім бір жақсылық жасаса, оған он есе қарымтасы беріледі. Және біреу жамандық істесе, соған сай ғана жаза беріледі де олар зұлымдыққа ұшырамайды» (Әнғам, 6/160) деп бұйырады. Алланы терістемеген, Оған серік қоспаған адамның жасаған күнәсінің жазасы кәпір мен Аллаға серік қосушылардың көретін жазасынан жеңіл болатындығы шүбәсіз. Алла-Тағала мәңгілік азапты кәпірлер үшін даярлаған. Егер, Алла өзіне сенген адамның үлкен күнәсі үшін кәпірлерге берілетін жазаны берген болса, онда ол кісінің көрген жазасы жасаған күнәсінен басым болып шығады. Бұлай болса, Алланың әділеттілігіне нұқсан келмек. Ал, Алла әділетсіздік пен зұлымдық жасаудан мүлде ада. Демек, Харижиттер мен Муғтазалиттердің үлкен күнә жасаған мүмін болса да, тозақта мәңгілік азап шегеді деген пікірі, асыра сілтеушілік саналады. Әсілі, адам Алланың барлығы мен бірлігіне куә келтірген болса, мына беу дүниедегі үлкен сынақтың бірінен аман есен өткен болып табылады. Себебі, ол адам мына жарық дүниенің жұмбақ сырын ұғынып, діннің басты талабын қанағаттандырса, кәпірліктен жаны таза болған болады. Демек, Алланың зұлымдық жасамайтындығын ескерсек, бұндай адамды мәңгілік тозақтық дей алмаймыз.
Сенім бойынша шынайы мұсылмандар негізінен Әшғари мен Матуриди мәзһабын ұстанады. «Екі мәзһабтың Ұлы Жаратушының сипаттарын тануда және пайғамбарлар әйел затынан да келе ме? Сондай-ақ, иман мен амал тұтас па?» деген мәселелерде пікір қайшылықтары болғанмен, негізінен осы екі мәзһаб ақиқаттан ауытқымаған ахлу сунна мәзһабтары саналады. Бұның ішінде Матуриди мәзһабын ата-бабаларымыз мың жылдан бері ұстанып келеді. Ендеше, бүгінгі Қазақ халқының сенімі осы Матуриди мәзһабы бойынша дамуы тиіс деп ойлаймыз.
Мұхан ИСАХАН