2022 жылдың 28 шілде күні Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Отпан» Ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының ұйымдастыруымен Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД ГМ-172/10 мекемесіндегі экстремизм және терроризм баптары бойынша жазасын өтеушілер арасында кездесу өтті.
Кездесуге ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Хасан Ташайұлы Аманқұлов пен «Отпан» Ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының басшысы Азамат Тулепов арнайы шақыртылып, «Матуриди ақидасы – қазақ халқының хақ сенімі» тақырыбында кездесу жасады.
Әбу Мансур Мухаммад бин Мухаммад бин Махмуд әл-Матуриди, әл-Ансари, әл-Ханафи Орта Азияның үлкен қалаларының бірі – Самарқандтың маңындағы қыстақ – Матуридте дүниеге келген. Кейбір жазбаларға қарағанда оның тегі мединелік атақты Әбу Айюб әл-Ансариге барып тіреледі. Бұл – мединелік кейбір жанұялардың самарқандқа қоныстануына байланысты. Сонымен қатар, Матуридидің қызы мединелік Әбу Айюб әл-Ансаридің немерелерінің бірі – имам Әбу-л-Хасан Али әл-Ашаридің әкесі әл-Хасан әл-Ашаримен үйленген.
Еңбектерінің кейбір бөлімдерінде Матуридидің өміріне тоқталған ұлы өмірбаян жазушылары оны 333/944 жылы дүние салды деп көрсетеді. Бірақ, олардың ешбірі оның туылған жылын көрсетпеген. Матуриди ұстаздарының бірі – Мухаммад бин Муқатил ар-Разидің дүниеден өткен жылы 248/862 болғанына ескере отырып, осы жылдан бұрын, шамамен 238/853 жылы туылған болуы мүмкін. Осы болжамға қарағанда Матуриди (мутазила ілімімен күрескен және дәстүрлі сенімді қолдаған) Аббаси халифасы – әл-Мутауаккилдің (232-247/847-861) дәуірінде туылған.
Матуриди шектен шыққан рационалистер мен алғашқы үш ғасырдағы мұсылмандар арасында орта жолды ұстанған. Кейбір мәселелерде мутазила пікірін қолдаса да діни сенімдердің негізіне байланысты Аристотель философиясын ешуақытта мойындамаған. Оның пікірлері алғашқы үш ғасырдағы мұсылмандармен үйлесім табады. Бірақ Құран мен хадистің сыртқы мағыналарын үнемі негізге алмайды және антропоморфизмге қарсы шығады.
Матуриди елшілерді жібермей-ақ ақылды әрбір адам үшін Алланың бар екендігін дәлелдейтін мәліметтерді ақыл-оймен табуы міндетті екендігі, нәрселердің жаратылысынан жақсы және жаман екендігі, осыған қарай Алланың әмір еткендегі немесе тиым салғандығы, адамға дұрыс пен бұрысты айыратын ақыл берілгендігі жайлы тақырыптарда мутазила пікірін қолдаған. Алайда, оларға қайшы түрде ол адамның жауапкершіліктер мен шариғат үшін ақылдың маңыздылығына қарсы шыққан. Оның пікірінше діни жауапкершіліктің негізі ақыл емес – уахи. Осы мәселе мен адам әрекетінің өзегі мәселесінде Матуриди «жарату және үкім жүргізу тек Аллаға ғана тән» деп Құран аяттарын негізге алған.
Матуриди мен Ашари ілімі көп уақыттан бері халық тарапынан мойындалды. Оларға телінгенмен Матуриди де, Ашари де ілімдерінің құрушылары емес, тіпті осы салаға жетекшілік жасамаған. Имам Әбу Ханифа (ө.150/707) Ахли сунна уа-л-Джамааа ішінде алғашқы даңқты ғұлама болып табылады. Мұсылман құқығы саласында зерттеулер жасамай тұрып, калам ілімімен айналысқан ол өз замамындағы адасқан діни мектептермен алысқан және калам саласында алғашқы сунниттік мектептің негізін қалаған. Ал Матуриди оның салған сара жолдан айнымай өз заманының философиясы аясында түсіндірген, ақылдық қисын алқылы тартыс жолын сақтауға тырысқан. Және оған берік жүйе тетігін салған. Осыған орай, аталған мектеп құрушысына мейлінше жеткілікті форма жасап, (өзгелердің алдында) жемісі мол түсініктеме жасаған.
Матуриди мен Ашари ілімінің ерекшеліктеріне былай баға беруге болады: Ашаридің талпынысы кейінгі дәуірде рационализм мен салафизм арасында орта жол салса, матуриди Ашари мен мутазила арасында жол тапқан. Аталған екі сунниттік калам жетекшілері, яғни, әлгі екі мектеп арасындағы негізгі айырмашылықтардың саны кейбір авторлар тарапынан елуге жеткізілген.
Аталған айырмашылықтың нәтижесі ретінде бір кезеңдерде аталған екі мектептің өкілдері арасында бақталастық белең алған, алайда, уақыт өткен сайын аталған процесс саябырсып, екі мектеп те сунниттік мектеп ретінде мойындалды. Дегенмен, зиялық мұсылмандардың матуриди салған жолдан қаншалықты әсер алғанын төмендегі мысалдан оңай түсінуге болады: насафидің (ө. 537/1142) Ақаид атты кітабы Матуридидің Китаб ат-Таухидтың мазмұнына тоқталып өткен. Ол ислам әлеміндегі көптеген білім беру қоғамы тарапынан жоғары деңгейдегі еңбек және калам саласындағы негізгі оқулық ретінде ұсынылған.