Естеріңізде болса, төрт-бес жыл бұрын мемлекет біраз азаматтың банктегі несиесін кешіріп, халықтың бір жағына шығысқан еді. Алайда 2019 жылы сол кредиті кешірілгендердің басым көпшілігі қаржылық ұйымдардан қайтадан ақша алған. Кейбірі алған несиесін уақытында төлемей, проблемалық борышкерге айналған. Олардың арасында тұрмыстық қажеттілікті өтеуге емес, дарақылық үшін қарызға қымбат техникалық заттар алып, дүркіретіп той жасағандары да бар. Ал мұның сыртына мемлекет беретін әртүрлі жеңілдіктер мен Үкіметтің беретін ай сайынғы көмегін алудың сан түрлі айласын жасап жүргендердің қарасы да көбейіп барады. Қоғамдағы масылдық психологияның кең етек алып бара жатқанын жоққа шығаруға болмас.
Әлеуметтік төлемнен кенде емес
Бүгінде мемлекет мүмкіндігі жоқ жандарға әртүрлі әлеуметтік төлем мен жәрдемақыларды тағайындап, жұмыссыздықпен күрес те жүргізіп келеді. Сондай-ақ білімі жоқ адамдардың кәсіптік оқуына жіті көңіл бөлініп, шағын және орта бизнес өкілдеріне жасалатын жағдай да молайды. Бірнеше жылдан бері жастардың ел игілігіне жұмыс істеуіне жол ашылып, шетелде оқуына қомақты қаражат бөлініп жатыр. Шыны керек, жұрт үшін жасалатын мұндай жан-жақты көмек бүгінде экономикасы көш ілгері кеткен елдердің өзінде жоқ. Солай бола тұра кейінгі жылдары жұмысқа қабілетті адамдар мен келешегі бар мамандықтың иелері де мемлекет беретін игілікті пайдаланып қалудан кет әрі емес екенін көріп жүрміз.
Сенатор Әли Бектаев халық арасындағы осы бір масылдық психологияның меңдей бастағанына алаңдаушылық білдіргені бар. Оның айтуынша, қазір жәрдемақыға бөлінетін қаржы ауыл, су, балық, орман шаруашылығына бөлінетін қаржыдан әлдеқайда көп. Мәселен, биыл жеті айда елімізде 198,5 мың тұрғын жұмысынан айырылуына байланысты төлем алған. Сонда биылғы төлемдердің жалпы сомасының өзі – 46,5 млрд теңгені құрап отыр. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, оның ішіндегі 148,9 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалған.
Сонымен бірге Үкімет биыл 9 мыңнан аса адамға арнайы әлеуметтік төлем тағайындады. Арнайы төлем 55 жасқа толған және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған адамдардың санаты кіреді. Бүгінде зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген осындай 9 145 адам 1,7 млрд теңге сомасына арнайы әлеуметтік төлем алған. Бұған сәйкес, арнайы төлемнің орташа мөлшері шамамен 208 мың теңгені құрайды. Маңыздысы сол, қызметкерлер жалақыны да, арнайы төлемді де алуды жалғастыра отырып, денсаулыққа зияны аз жұмысқа ауыса алады. Бұдан бөлек, зейнетақы тағайындалғанша төлем ала отырып, демалысқа шығу мүмкіндігі де қарастырылған. Сондай-ақ арнайы төлем зейнет жасына дейін беріледі және зейнеткерлікке шыққаннан кейін оларға БЖЗҚ-дан төленетін төлемдерге қосымша мемлекеттік базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындалады.
Сонымен қатар балаларды мектепке дайындауға мемлекеттен жыл сайын қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. Биыл да бұл көмектің көлемі 43 500 теңгені құрап отыр. Былтыр да көмекке мұқтаж отбасы балаларының әрқайсысына 40 567 теңге берілген еді. Ал осы жылы жалпыға бірдей білім беру қоры 510 мыңнан аса балаға қолдау көрсетпек. Олардың қатарында АӘК алатын отбасылардың мектеп оқушылары мен жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың, сондай-ақ жетім және төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары бар.
Табыссыз қалса, төлем алады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Міндетті әлеуметтік сақтандыру басқармасы басшысы Айдын Сәрсенбиевтің сөзінше, әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілген 2005 жылдан бастап жұмыссыз қалғандарға әлеуметтік аударымдар аударылады. Бес әлеуметтік қатерге сәйкес, еңбек қабілетінен, асыраушысынан, жұмысынан айырылғандарға, сондай-ақ жүктілік пен босануына байланысты бала күтімінде отырғандардың барлығына әлеуметтік төлем беріледі. Соның ішінде жұмысынан айырылғандарға бұл төлем міндетті сақтандыру жүйесіне қатысқан адамға тағайындалады. Тек ресми органдарға жұмыссыз ретінде тіркелсе болғаны. Әлеуметтік төлем мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейін кейінгі екі жыл ішінде қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа табысқа байланысты және жеке қатысу өтініміне байланысты беріледі екен. «Әлеуметтік төлем бір айдан жарты жылға дейін тағайындалады. Мысалы, кейінгі екі жылдағы жалақысы жүз мың болған болса, бұл адам ай сайын 45 мың алады. Мұндай қаржылық қолдау жұмыссыз қалғандарға екі қолға бір күрек тапқанша тұрақты төленеді. Ал олар жұмысқа тұрып, зейнетақы жарнасына ақша аударылғаны біздің ақпараттық жүйемізде көрінеді. Біз сол айдан бастап әлеуметтік төлемді тоқтатамыз. Алайда қазір жалдамалы жұмыс істеп, табыс табатын адамдар да бар. Әлбетте олардың зейнетақы жарнасы жүрмейді. Сондықтан олар ақпараттық жүйеде шықпайды. Олар күнделікті табыспен бірге әлеуметтік төлем алуы мүмкін. Егер алты айға дейін жұмыс таппаса, бірақ жұмыс өтілі жақсы болғандарға әлеуметтік төлем ары қарай ұзартыла береді», дейді ол. Әйткенмен басқарма басшысы жұмыссыз ретінде тіркелгендердің әлеуметтік төлем алу уақыты ұзарған сайын жұмыс өтілі қысқара беретінін жеткізді.
Сонымен бірге елімізде атаулы әлеуметтік көмек алушылар да бар. Мемлекеттің мұндай қаржылық көмегі отбасының жан басына шаққандағы табысы мен облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада белгіленген кедейлік шегінің мөлшері арасындағы айырма түрінде есептеледі. Атаулы әлеуметтік көмек басқармасының бас сарапшысы Куляннам Мұқатованың айтуынша, қазір атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 371 900 адамды құрайды. Оның ішінде 87 мың жұмысқа қабілетті адам жүгінсе, екі мыңының тұрақты жұмысы бар, ал жұмыссыз ретінде тіркелгендері – 5 мың. Қосымша жұмыспен қамту шараларына тартылып, бірден алты жасқа дейінгі балаларына бір жарым айлық көлемде қосымша төлемдер алады.
Масылдықтың төрт көрінісі
Бұл айтылғандардың сыртында соғыс ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі адамдар мен көпбалалы аналарға берілетін әртүрлі жәрдемақы мен жеңілдіктің түрлері бар. Осы күні кәсіпкерлікті қолдау шараларының да қатары көбейіп, қаржылық жеңілдіктер де қарастырылып жатыр. Елде болатын төтенше жағдайлар кезінде де халықтың шығыны есептеліп, қиын жағдайда қалғандарға қолұшы созылып келеді. Әлгінде айтқандай, бұған дейін несиесі кешірілгендерден бөлек, былтыр тағы да банкроттық туралы заң күшіне енді. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, осы уақытқа дейін соттан тыс банкроттыққа 109 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Соның ішінде жалпы қарызы 35 млрд теңгені құрайтын 15,1 мың азамат банкрот деп танылды. Ал 6,3 мың адамға қатысты рәсім жүргізіліп жатса, бұдан бөлек, 1,8 мың өтініш қаралып жатыр.
Әйткенмен әлеуметтік төлемге зәру жандар бауын тапса, байлауын таппай жүргенде, ебін тауып, есебін жүргізетіндер де жоқ емес. Мемлекеттің осындай игілігін көру үшін қорасындағы малын жасырып, табысын туысының атына тіркеп әп-сәтте «тақыр кедейге» айналып шыға келетіндер жағдайы жоқтардың тізіміне кіріп, елден бұрын ай сайын ақшасын санап отырады. Сорақысы, осы күні үйде отырып-ақ миллионмен декреттік демалысқа шығып, өмірі жұмыс істемей-ақ зейнетақы алып отырғандар да бар.
Қарапайым халық ғана емес, әкім-қаралар мен шенді-шекпенділердің де өмірлік әрі қызметтік жағдайларын мемлекет молынан жасап отыр. Мәселен, жоғары жалақыдан бөлек, астарына құны қымбат әрі қолайлы заманауи қызметтік көлік, тегін үйге дейін қарастырылады.
Экономист Атамұрат Шәменов «біздің елде масылдықтың төрт көрінісі бар» дейді. Біріншісі – халықтың арасындағы масылдық. Бұл қоғамнан кеңес дәуірінен бері ілесіп келе жатқан психология. «Мемлекет өлтірмейді, үкімет жерде қалдырмайды» деп иек артудың артында сол, жоспарлы экономиканың арасындағы жалтақтық тұр. «Мысалы, шетелде кеше бізде болған тасқын судан халық зардап шексе, олар сақтандыру компаниялары арқылы шығынын өтеп алады. Ал бізде барлығына мемлекет жәрдем беру керек», дейді экономист. Екіншісі – кәсіпкерлер арасындағы масылдық. Өркениетті елдерде ІЖӨ 60-70 пайызын шағын және орта кәсіпкерлер берсе, біздің елде кәсіпкерлерге берілген жап-жақсы қолдау мен көмекке қарамастан, былтыр 18 пайызға әрең жеткен. Есесіне кәсіпкерлер есебін тауып, салықтан жалтарудың жолын біледі. «Себебі масылдыққа әбден еті үйренген олар да мемлекетке ештеңе бермеуге, тек алуға дағдыланып алды. Шетелде сол елдің топырағында табыс тауып отырғандар «Мен мемлекеттен не алам емес, не берем?» деп ойлайды.
Үшінші – майшелпек монополистердің масылдығы. Кезінде мемлекеттің дүниесін алып, қазір халықтың үстінен масыл болуды әбден меңгерді. Бір сөзбен айтқанда, жұртты тонап, табыс табуға көшті. Тіпті олардың халықтың мойнына асылып отыруына жағдай жасап бергеніміз де жасырын емес. Арты жүз миллиондап, алды миллардтап дивиденд алады. Төртіншісі – жемқорлар. «Шенеуніктер де «қит» етсе, бюджеттен ақша сұрап, бөлінген қаражатты үнемдеп пайдаланудың орнына, ысырапшылдық пен жемқорлыққа жол береді. Жаңа жылға қарсы миллиондаған ақшаға шырша құрып, мұз қалашық тұрғызады. Сапалы жолды уәде етіп, соңында бөлінген қаржы талан-таражға салынады», дейді А.Шәменов.
Қоғамдық дерттің дауасы – тарихты тану
«Масылдық психология – қоғамның шынайы бет-бейнесі. Қоғам ауырған сайын бұл дерт асқына береді». Әлеуметтанушы Айдар Хамиттің айтуынша, қоғам өзінен жоғарыларға қарап тәрбиеленеді. Демек, шенді-шекпенділердің заңсыздыққа баруы қоғамның масылдық психологиясын оятады. «Ақша құндылығы адамгершілік құндылықтың құнын түсірді. Ұлтымыздың басынан өткен түрлі зобалаңдар, мемлекеттік және қоғамдық меншік ұғымдары адамдардың санасына жер байлығын басқа біреудің байлығы ретінде қарастырды. Содан бері «біреудің байлығынан алып қалайын» деген түйсік оянды. Өкінішке қарай, халықтың санасында ұлттық меншік қалыптаспады. Оның орнына ұлтқа тиесілі байлықты мемлекет байлығы ретінде қарастыру, бюджетті жымқыру, билікке алақан жаю белең алды. Бұрынғы социалистік және нарықтық экономикада өмір сүрген елдердің жағдайы жер мен көктей болуының себебі осында. Халық жартылай социалистік қоғамда өмір сүруін жалғастырып жатыр. Мәселен, әлі де болса келмеске кеткен кеңестік кезеңді аңсаушылар көп», дейді әлеуметтанушы.
«Ал масылдық психологиядан арылудың жолы – өткен тарихымызды дұрыс танудан басталуға тиіс». Осылай деген әлеуметтанушы «кеңестік кезеңді аңсаушылар мен олардың ұрпақтары жоспарлы экономикамен бірге жүрген сол кезеңдегі зұлымдықтарды ашық айтып, тарихқа шынайы баға беру керек. Бұл жұмыс адамның санасын оятып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге кіріспесек, масылдықтың жолын іздейтіндер азаймайды. Бұдан кейін шынайы әділетті қоғам құру қажет. Биліктегілер өздері заңды орындамаса, қарапайым халық алаяқтықты, масылдықтан меңгере береді. Қатаң тәртіп болса, қоғамның санасы да өзгереді. Мемлекеттік жүйені өзгерту арқылы қоғамнан бірнәрсе сұрай аламыз. Дамыған өркениетті елдерде мұндай абсурдқа жол берілмейді», дейді А.Хамит.
Әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов масылдық былай тұрсын, қазіргі қоғам қанағатсыздыққа бет бұра бастағанын айтады. «Жақында Тараз қаласында лауазымды қызмет істеген адам зейнетке шыққан. Өзі кетсе де қызмет істеп жүргендегі мемлекеттік мекеменің көлігін айдап жүрген. Құзырлы органдар бәрі біледі. Ең қызығы, сол көліктің барлық шығынын, жанармайына дейін мекеме өтеп отырған. Бір кездері, республикалық деңгейдегі бір дөкей түрлі жеңілдік алу үшін «Соғысқа қатысқан» деген құжат жасап беруді өтінген. Соғыс кезінде ол он жаста болған адам ғой. Бұл да сол бәрін пайдаланып қалсам деген қанағатсыздықтың көрінісі», дейді ол.
Әлеуметтанушының сөзінше, қызметте отырған жауаптылардың бюджетке қол салуының бір себебі – ұлттық байлықты қадағалаудың ашық болмауында жатыр. Өйткені бюджет қоғамның бақылауында болған елде сорақылыққа жол берілмейді. Осылай деген ол: «Элита – қоғамның үлгісі. Қаймағы бұзылса, сүт те бұзылады. Зиялы қауым, басшылар баюдың төте жолын іздесе, демек басқалар да солардың соңынан ілеседі және бұл әділетсіз болып көрінбейді. Кей елдерде зейнетақы жүйесі деген жоқ, яғни зейнетақы төленбейді. Адам қабілеті жеткенше жұмыс істейді. Қартайғанда жинаған ақшасын пайдаланады», дейді.
«Балықшы мен балық» ертегісін білмейтініміз некен-саяқ. Бүгінгі қоғамның мүшелері де сол өлең-мысалдағы байлыққа оңай қол жеткізуге үйренген кемпірдің күйін кешерін кеш біліп жатады. Тек шынайы өмірде қанағатсыз кемпірді тойдыруға тырысқан балықтың орнындағы мемлекеттің де экономикасы көш ілгері кетуі неғайбыл.
Жадыра МҮСІЛІМ