Жәмила бүгін ерте оянды. Ол өзінің ауруханаға қалай келгенін есіне түсіруге тырысты. Өкінішке қарай, бойындағы әлсіздік, мең-зең күйі төсектен тұрып, кеудесін көтеруге мұршасы келмеді.
Алып қалаға 17 жасында арман қуып келген бойжеткен қазір екі қабатты зәулім үй, қымбат көлік, сұлулық салонның, шағын дүкеннің қожайыны. Бақуатты, кәсіпкер әйелдің өмірінің мәні – ұлы Мәди. Баласы 8-сыныпты бітірген күні ол күйеуімен ажырасты. Әрі қарай өткен өміріндегі елеулі оқиғаларды есіне түсіре алмаған маскүнем әйел өзінің Психикалық сауықтыру орталығына жедел жәрдем көлігі жеткізіп, бірнеше күннен бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқанын дәрігерден естіді. Алкогольді сусынның қымбат түрлерін ғана тұтынатын Жәмила психологтың «Сіз қашаннан бері ащы суды тұтынасыз? Сізге ұзақ уақыт бойы тәуелділіктен емделу керек. Психотерапиялық емді бастаймыз» деген сөзін тыңдағысы келмеді.
– Бұл орталыққа тағы келемін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Күйеуім мен құрбым өмірімді талқандап кетті. Жан досым мен өмірлік серігімнің сатқындығына шыдау мүмкін емес. Кәсіпкерлікте жолым болғанымен, бақытты болу маңдайыма жазылмапты. Шаңырағым шайқалды. Он жыл отасқан ерім ұлым екеумізді тастап кетті. Жанымды жегідей талаған реніш пе, өкініш пе, кейде жаным кеудеме сыймай кетеді. Өмірден түңілгенде тоңазытқыштағы вискиді ішіп, өз ойыммен алысып, ұйықтаймын. Жүректегі дерттің емі виски болды. Оны ішу күнде әдетке айналды. Бірақ мен көшеде теңселіп ішіп жүрмеймін. Күндіз көлік жүргіземін. Алақаныма салып өсірген жалғыз ұлым бұзақылық жасап, полиция ұстап әкетті. Баламның басының дауға қалғаны жаралы жүрегімді тіліп өтті. Менің жалғызым осылай жарқын өмірін күл етті, болашағына балта шапты. Бұл проблемаларды ешкімге айта алмаймын. Дос күледі, дұшпандарым қуанады. Тағы да виски ішіп, үйден бірнеше күн шықпадым, әрі қарай есімде жоқ, – деп Жәмила көзінің жасын сүртті.
Қазір Алматы қаласында 4628 адам наркологиялық динамикалық бақылауда тұр. Олардың 3627-сі ащы суға тәуелді. Ал 922-сі қыз-келіншектер. Олар маскүнемдіктен толық айығып кеткенше дәрігерлердің бақылауында болады. Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеевтің айтуынша, ішімдікке тәуелді қыз-келіншектердің саны 2022 жылмен салыстырғанда биыл азайыпты.
– Маскүнем әйелдер емделмейді деген қате пікір. Себебі, мен араққа құмар бірнеше бұрымдыны емдедім. Ел арасындағы «қымбат спиртті сусынды ішкен адам оған тәуелді болмайды» деген жалған сөзге сенуге болмайды. Қымбат болсын, арзан болсын, тіпті сыра, шарап ішсе де, адам өзінің қалай тәуелді болып қалғанын білмейді. Ең бастысы, оны ащы суды ішуге не итермеледі? Соның себебін анықтау керек.
Біздің орталыққа емделіп жатқан әйелдер әртүрлі мамандық иелері. Тігінші, жұмысшы, педагог, жұмыссыздар да бар. Кейбіреулер тұрмысы нашар адамдар арақтың құлына айналады деп ойлайды. Бұл да қате пікір. Біздің науқастар маскүнемдік дертінің тұзағына түскенін мойындағысы келмейді. «Мен алқаш емеспін, көшеде аунап жатқан жоқпын» деп өзін ақтайды. Өкінішке қарай, мас күйде көшеде жатқан адам ғана маскүнем деп қателеспеңіздер. Тәуелділік адамның санасын улап, миын айналдырып алады, – дейді Сапар Рахменшеев.
Орталық директорының айтуынша, емнің нәтижесі болу үшін ең алдымен науқастың осы кеселден емделемін деген ниеті болуы керек. Отбасы немесе балалары үшін шипа іздеп келген науқастың бұл шарғалаңнан шығуы екіталай екен. Әйелдердің араққа құмар болуының себебі әртүрлі екенін айтады. Бала кездегі психикалық соққылар, отбасындағы кикілжің немесе көңіл көтеру үшін ащы сусындарды жиі тұтыну тәуелділікке жетелейді.
– Біздің психологтар, психиатрлар науқастың ішімдіксіз өмір сүре алмайтын халге жеткенін және тез арада емдеуді бастамаса, денсаулығы зардап шегетінін түсіндіріп, соған көзін жеткіземіз. Өйткені көптеген науқастар өзінің тәуелді екенін естігісі келмейді. Ал әйел маскүнем болу үшін қанша литр ащы сусын ішу керек екенін дөп басып айту мүмкін емес. Ол әр адамның ағзасына байланысты. Дегенмен әр аптаның сенбі, жексенбі күндері ащы суды ішуді әдетке айналдыруға болмайды. Бұл әдеттің нәтижесінде ауруға айналмасына кепілдік жоқ, – дейді қаланың бас психиатры.
Арақ, сыра, шарап, коньяк, вискиді жиі тұтыну адам ағзасына қауіпті. Маскүнемнің жүйке жүйелері, асқазан, бауыр қызметі, қан айналымы нашарлайды. Дәрігер әйелдерге де, ер азаматтарға да ішімдікті ішпеуге және спортпен шұғылдануға кеңес береді.
Жазира БЕГАЛЫ,
Алматы қаласы