Мәскеуде “Stalin Doner” дөнерханасы жабылды. Оған ел азаматтарының шағымы себеп болған.
Тамақтану орнында Сталиннің суреттері қолданылған. Келушілерге ұсынылатын тағамдардың ішінде “Қос ет қосылған Сталин шаурмасы” және “Берияның ткемали соусы” болған. Ал аспазшы НКВД жендетінің киімімен клиенттерге қызмет көрсеткен.
Осындай дөнерхананың жұмыс істейтінін көрген “Ресейдің қуғын-сүргінге ұшыраған халықтар одағының” өкілдері Мәскеу мэрі Сергей Собянинге тамақтану орнын жабу туралы өтінішпен шыққан.
“Мекеме мен тамақтар мәзірі 30-шы жылдардың стилінде безендірілген және Сталиннің “Өмір сүру жақсара түсті, өмір сүру қызықты бола түсті!”, “Иосиф Виссарионович өзі дайындаған тағамдардан дәм татуға шақырады!” секілді сөздері жазылған. Орталық Азияға, Қазақстанға және Сібірге күштеп депортациялауға ұшыраған 17 халық пен ұлысты, барлығы 6 миллион адамды қырған, оларды аштыққа ұшыратқан қанды тиранның бұлай дәріптелуі қуғын-сүргіннен зардап шеккендердің, олардың миллиондаған ұрпақтарының сезімдерін қорлайтынына сенімдіміз”, – делінген “Ресейдің қуғын-сүргінге ұшыраған халықтары одағының” төрағасы Када Халкечевтің мәлімдемесінде.
Оның пікірінше, мұндай әрекеттер сталиндік қуғын-сүргіннен зардап шеккен бүкіл халықтың ар-намысына қарсы бағытталған.
“Біз еліміз үшін қиын уақытта азаматтық бірлік пен келісім мәселесі шын мәнінде мыңжылдық Ресейдің өмір сүруіне және оның болашағына кепілдік беретін мәселе екеніне сенімдіміз. Сіздерді қоғамдық тыныштық пен бейбітшілікті сақтау мақсатында осы арам пиғылды арандатудың жолын кесу жөнінде заңды әкімшілік шаралар қабылдауға шақырамыз”, – делінген құжатта.