Сұрақ: Марқұмдарға Құран бағыштауға бола ма?
Жауап: Мұсылман адамға өмірден өткен ата-бабаларына, ағайын-туыс, жора-жолдас, дін бауырларына т.б. Алладан кешіріп тілеп, дұға ету, Құран оқып сауабын бағыштау, Алладан мейір шапағат тілеуіне шариғат рұқсат етеді. Пайғамбарымызда (с.а.у.) өзі көбіне қайтыс болған сахабаларының қабірлерін зиярат етіп, оларға дұға ететін.
Хашр суресінің 10-аятында «Ей, Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбеңдік қылма» деп, қайтыс болған кісілерді жақсылықпен еске алуға болатынын ескерткен.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінде: «Өлген кісілеріңізді жақсылықпен еске алыңдар»., «Ясин – Құранның жүрегі. Бір адам оны Алла разылығы және ақырет жұртын талап етіп оқыса, әлбетте күнәлары кешіріледі. Дүниеден қайтқандарға да Ясин сүресін оқыңыздар» деген. Хадистер жинағында осындай мазмұндағы хадистер көп кездеседі.
Кейбір адасқан діни топтардың дұға ету, истиғфар айту, Құран оқуға болмайды деген бұрыс көзқарастары кездеседі. Бұл дәстүрлі дінге қайшы көзқарас. Исламтанушы ғалымдар берілген садақаның сауабы, оқылған Құранның сауабы, дұғасы мен истиғфары дүниеден өткендерге тиеді деп бір ауыздан қабылдаған. Игі іс-шаралар істеймін десеңіз ысырыпшылық болмауына мән беріңіз!
Икрам АЙТАЕВ