Сұрақ: Марқұмдарға арнап ас беру «бидғат» па?
Жауап: Қоғамда жеті күндік, қырық күндік, жылдық ас беру пайғамбарымыздың (с.а.с.) кезінде болмаған «бидғат» деп адасып, адастырып жүрген діни топтар кездеседі. Мұндай діни топтар дін мен салт-дәстүрді сабақтастыра алмай, дінді фундаменталистік тұрғыдан пайымдап, қоғамда бүлік салудан ары бармайды.
Ислам дінінде жеті күндік, қырық күндік, жылдық ас бер, қарызданып, мал сой, садақа бер деген талап жоқ. Аталған іс-шаралар шариғатта нақтыланбағандықтан, рәміздік атау ретінде ғана орындаса болады. Игі іс-шараның мәні жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқандар, жора-жолдастары т.б. көңіл айтып, көрісу үшін жасалатын рұқсат етілген жоралғыларға жатқызған. Құдайы ас ысырапшылдыққа жол берілместен атқарылуға тиіс. Шариғат мүмкіндіктен тыс қиындыққа негізделген құдайы ас беруді құптамайды. Марқұмдардың атынан жақсылық жасаудың түрі көп. Ас берудегі мақсат – Алланың разылығына бөлену, қайтыс болған кісінің біліп, білмей істеген күнәлары үшін жарылқау сұрау.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Адам өлгенде оның үш нәрсесінен: тоқтаусыз садақасынан, пайда келтіретін білімінен, артынан дұға қылатын игі жақсы баласынан басқа барлық іс-амалы тоқтамайды» деген. Имам Тахауидің «Тахауи ақидасы» еңбегінде: «Тірілердің дұға-тілектері мен садақалары өлгендерге пайда береді» деген. Игі іс-шаралар істеп Алланың разылығына бөлене беріңіз!
Икрам АЙТАЕВ