Құтқарушылар мен еріктілер төрт күннен бері Марокконың солтүстігінде тереңдігі 32 метрлік құдыққа түсіп кеткен 5 жасар баланы құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазір балаға дейін 3 метр жер қалды, алайда топырақтың опырылып түсу қаупі туындаған.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Тамрут қаласында тұратын Райан есімді бүлдіршін ойнап жүріп, байқаусызда ашық тұрған құдыққа түсіп кеткен. Құдықтың диаметрі 30 см ғана, оған үлкен адам сыймайды.
Дәл қазір құтқару жұмыстары соңына таяп қалды, бірақ топырақтың опырылып түсу қаупіне байланысты құтықтың жанынан екінші шұңқыр, яғни туннель қазу жұмыстары жалғасуда.
AFP
Сол жердегі прорабтардың бірі Абдесалим Макуди: “Біз балаға жақын қалдық. Міне, үш күннен бері тоқтаусыз жұмыс істеп жатырмыз, қатты шаршадық, бірақ құтқарушылар ұйықтамай аяқтарынан тік жүр”, – деді.
Бұған дейін құтқарушылар баланы алып шығу үшін үлкен адамды арқанмен құдыққа түсіріп көрген еді, бірақ өзі диаметрі кішкентай құдық тереңдеген сайын одан бетер жіңішкере береді екен. Сондықтан ол мүмкін болмады.
Оқиға орнында полиция және жедел жәрдем қызметкерлері көмекке әзір тұр. Баланы алып шыққан бойда тікұшақпен жақын қаладағы ауруханаға жеткізеді.
Баланың әкесінің айтуынша, ол ұлы жоғалып кеткеннен кейін бірнеше сағат оны іздеген, содан кейін құдыққа түсіп кеткенін түсінген.
GETTY IMAGES
“Баламның аман-сау құтқарылуын Құдайдан тілеп отырмын. Құдайым, осы шаңды шұңқырда жағдайын ауырлата көрме”, – деді жергілікті телеарнаға берген сұхбатында баланың анасы Вассима Харшиш.
Кеше еріктілер құдықтың ішіне жіп арқылы оттегі мен суды түсірген.
“Мен баламен сөйлестім. “Мені естіп тұрсың ба?” – деп едім, бала жауап берді. Камера арқылы 1 минуттай қарап тұрдым, бала оттегіні қолына алды”, – дейді Қызыл Крест және Жарты Ай еріктісі Имад Фахми.
Оған дейін құтқарушылар құдыққа камера түсіріп, баланың жағдайын бақылап отырды. Үлкен биіктіктен құлағанына қарамастан бала есін жоғалтпаған, тек басында аздаған жарақат бар.
Мыңдаған адам әлеуметтік желілерде балаға қолдау білдіруде: #SaveRayan хэштегі Мароккодағы Туиттерде алдыңғы орында тұр. белгілі Алжир футболшысы Рияд Марез Райанды қолдайтын пост жариялады.