– Жақында Дін істері агенттігінің құрылғанына үш жыл толды. Атқарылған істер көпшіліктің көз алдында. Десек те, ең басты нәтижелер ретінде нені атар едіңіз?
– Қазір Қазақстандағы діни ахуалды тұрақты деп айтуға толық негіз бар. Бұл – осы салаға жұмсалған орасан зор күш-жігердің нәтижесі. Агенттік тарапынан мемлекеттің дін саласындағы стратегиялық бағытын айқындаған жаңа заң әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Діни бірлестіктерді қайта тіркеу жұмысы жүргізіліп, Қазақстанның конфессиялық кеңістігі ретке келтірілді. Осыған дейін ресми тіркелгенімен, жұмыс істемеген көптеген діни бірлестіктер мен діни бірлестік деңгейіне жетпейтін діни топтар жұмысын тоқтатты. Нақты қызмет атқаратындары өз қызметін жаңа заң талаптарына сәйкестендірді. Конфессияларға да талдау жасалып, нақты саны айқындалды.
2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде 46 конфессияны құрайтын 4551 діни бірлестік тіркелген болса, қазіргі көрсеткіштерге сәйкес 18 конфессияға біріккен 3449 діни бірлестік қызмет атқаруда. Олардың жартысынан астамын, яғни 2400-ге жуығын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қатысты мешіттер құрайды. Сонымен қатар, Орыс православие шіркеуіне қатысты 299, Рим-католик шіркеуіне қатысты 84 діни бірлестік қызмет атқарады. Қалған азшылық өзге діндерге, негізінен, протестанттық ағымдарға тиесілі.
Діни рәсімдер мен жораларды тек заңмен белгіленген орындарда ғана өткізуді жүйеге келтіру мақсатында діни ғимараттардың, мінәжатханалар мен намазханалардың жұмысы ретке келтірілді. Қазір Қазақстанда 3195 ғибадат үйі жұмыс істейді, олардың 2382-сі – мұсылман мешіттері. Республика бойынша 492 исламдық, 15 православиелік, барлығы 507 мінәжатхана қызмет атқаруда және рәсімдеуден өтуде. Яғни, діни рәсімдер мен жораларды бұрынғыдай әртүрлі мекемелерде, орталықтарда, оқу орындарында, т.б. жерлерде өткізе беруге болмайды, ол тек жоғарыда аталған заңмен белгіленген орындарда ғана жүзеге асуы тиіс.
Заң аясында ғибадат ғимараттарын салу тәртібі де белгіленіп, талаптары айқындалды, оларды бұрынғыдай негізсіз сала беруге тосқауыл қойылды. Ендігі жерде ғибадат ғимараттарын салу кез келген жеке немесе заңды тұлғаның қалауына байланысты емес, заңмен белгіленген тәртіпке және нақты қажеттілікке сәйкес жүзеге асырылады. Бұл үдеріс те мұқият бақылауға алынған.
Айта кететін тағы бір мәселе – жаңа заң нормалары бойынша діни бірлестік ретінде тіркелмеген ешбір құрылым діни қызметпен айналыса алмайды. Осы талапқа сәйкес қайта тіркеу кезінде қоғамдық қорлар, қоғамдық бірлестіктер, оқу орталықтары ретінде тіркеліп, діни қызмет атқарып жүрген бірқатар заңды тұлғалар қызметін тоқтатты. Олардың қазіргі іс-әрекеті де ұдайы назарда ұсталуда.
– Осы арада діни оқу орындарының қызметі қаншалықты реттелді? – деген заңды сұрақ туындайды.
– Діни бірлестіктермен қатар, ел аумағындағы барлық діни оқу орындарының қызметі жүйеге келтірілді. 2011 жылдың 1 қыркүйегіндегі есеп бойынша, елімізде діни бірлестік нысанындағы 29 діни білім беру мекемесі тіркелген еді. Дербес мәліметтер базасы жасақталмағандықтан, олардың саны туралы көрсеткіштерде ауытқушылықтар көп кездесті. Сонымен қатар, тіркеуден өткенімен, нақты қызмет атқармайтын діни оқу орындарының болғаны да жасырын емес.
Енді жаңа заң талаптарына сәйкес, діни білім беру ұйымдарын тек республикалық немесе өңірлік діни бірлестіктер ғана құра алады. Сондықтан 2012 жылы жүргізілген қайта тіркеу кезінде бұған дейін діни бірлестік ретінде қызмет атқарып келген діни оқу орындары таратылды. Олардың бір бөлігі республикалық діни бірлестіктер құрамындағы оқу мекемелері ретінде қайта құрылды. Қазір елімізде исламдық бағыттағы – 13, христиандық бағыттағы 2 діни оқу орны қызмет атқарады. Олардың барлығы дәстүрлі діндерге тиесілі. Жаңа діни қозғалыстардың оқу орындары тіркелмеген.
Осы орайда діни білім алғысы келетіндер үшін айта кететін жайт – мұндай білімді тек діни бірлестіктер жанынан құрылған арнайы мекемелерде ғана алуға болады. Жоғарыда айтылған қоғамдық бірлестіктер, оқу орталықтары немесе тіл үйрету курстары секілді мекемелер діни білім бере алмайды. Мұндай заңсыз әрекетке барғандар заң алдында жауап береді. Осыны халық білуі тиіс…
– Сөзіңіз аузыңызда, бұрнағы жылдары «діни білім беретін жаздық лагерьлер ұйымдастырылады» деген хабарландыруларды көзіміз шалып қалушы еді.
– Діни білім беретін жаздық лагерьлерге қазір шектеу қойылды. Діни бірлестіктердің діни білім беретін лагерь де, мектеп те ұйымдастыруға құқығы жоқ. Мектеп жасындағы балалар діни білім алғысы келсе, ата-анасының келісімімен діни бірлестік жанындағы сауат ашу курстарына бара алады.
Еліміздегі білім беру жүйесі зайырлы сипатқа ие. Сондықтан мектептерде діни рәсімдер жасалмауы және діни атрибутика қолданылмауы тиіс.
Тағы бір назар аударатын нәрсе – жекелеген мектеп оқушылары ата-анасының діни көзқарасына байланысты кейбір пәндерге қатыспауы сирек те болса байқалып қалып жүр. Бұл, біріншіден, білім туралы заңды бұзу деген сөз. Екіншіден, мектеп бағдарламасына қажетсіз, кездейсоқ пәндер кіргізілмейді және баланың қалыптасуы мен дамуына кері әсер ететін бірде-бір пән оқытылмайды. Ата-ананың осындай қарапайым заңдылықты түсінбей, қате көзқарастардың жетегінде кетуін заңсыз әрі зиянды әрекет деп қабылдау қажет.
– Осы орайда «халал балабақша» мәселесін айқындай кету де сұранып тұрған сияқты.
– Бұл – заң түгілі, ақылға сыймайтын нәрсе. «Халал балабақша» деген стандарт еш жерде жоқ, бұған қатысты ешбір заңнамалық тетік те қарастырылмаған. Сондықтан мұндай мекемелер ұйымдастырылған жағдайда, олар заңдық тұрғыдан тексеріледі.
– Ата-аналардың қате көзқарасы демекші, қазір діни ұстанымдарына байланысты баласына екпе жасатудан бас тарту оқиғалары да кездесіп қалып жүр. Осы мәселеге қатысты не айтуға болар еді?.
– Бұл енді шын мәнінде білімсіздіктің салдары. Ешбір дінде денсаулықты сақтауға, күтуге, аурудың алдын алуға шектеу қойылмайды. Керісінше, әрбір өркениетті дін өз сенушілерінің тән саулығына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ислам ұстанымдарына келсек, Мұхаммед пайғамбардың: «Аурудан емделіңдер. Алла тағала әрбір аурудың емін қоса жаратқан» деген хадисі бар. Қаншама аурулардың емін Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өзі көрсеткен.
Барлық ислам мемлекеттерінде аурудың алдын алу құралы ретінде вакцинаның көптеген түрлері қолданылады. Басқаны былай қойғанда, Сауд Арабиясы Корольдігінің өзінде белгілі бір аурулардың алдын алатын екпе-вакцина қабылдамағандарға қажылық жасауға рұқсат берілмейді.
Біле білсек, небір жұқпалы және қатерлі аурулардың алдын алып, азаматтардың өмірін сақтап қалу үшін мемлекетіміз республикалық бюджеттен жылына бірнеше ондаған миллиард теңге қаржы бөледі. Мұндай игілікке қолы жетпей, азаматтары, әсіресе, жас балалары мың-мыңдап жұқпалы аурулардың құрбаны болып отырған экономикасы нашар қаншама мемлекеттер бар.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналықты халқымыз бекер айтқан жоқ. Ал әрбір саналы азамат өзінің денсаулығын сақтаумен қатар, өзгенің денсаулығына қатер төндірмеуді де ойлауы тиіс. Заң тұрғысынан да, дін тұрғысынан да солай.
– Әлеуметтік-діни тұрғыдағы мәселелерді бір қайырып тастау үшін енді неке мәселесінің де басын ашып алсақ. Әңгімені әркімнің көкейінде жүрген сауалдан бастағым келеді. Өзіңізге белгілі, қазір мешіттерде некені АХАЖ бөлімі берген заңды неке куәлігін көрсеткеннен кейін ғана қию қалыптаса бастады. Мұның сыры неде?
– Мешіттерде некені АХАЖ бөлімінде ресми тіркеліп, заңды неке куәлігін алғаннан кейін қию мәселесі азаматтардың тағдыры мен құқықтарының қорғалуына деген алаңдаушылықтан туындап отыр. Өйткені, қазіргі кезде өкінішке қарай, неке жиі бұзылатын болды. Ресми тіркелген некелердің жылына үштен бірі бұзылады екен. Ал ресми тіркелмеген күйі бұзылып жатқандары қаншама! Олардың салдарын жалғызбасты ана мен жетім бала құқығын ешбір заңдық құжаты болмағандықтан, қорғау да қиын.
Заңдастырылмаған некенің ең сорақысы – қазір жекелеген теріс діни топтардың арасында белең алып отырған ата-анасының келісімінсіз үйлену, әйелін жаратпай қалса, ешқандай жауапкершіліксіз бір ауыз сөзбен талақ етіп тастап кету, көп ұзамай екінші біреуге, оп-оңай үйлене салу, көңілі қаламай қалса, тастап жүре беру секілді ойсыз әрі арсыз құбылыстар. Бұл – нағыз діни надандық пен шектен шығушылықтың көрінісі. Ислам атын жамылған теріс діни ағымдар өкілдері арасында көптеп кездесетін бұл құбылыс – ислам тұрғысынан қатаң айыпталатын іс-әрекет. Исламда отбасы институтына ерекше мән берілетіні, неке бұзылған жағдайдағы ана мен бала күнкөрісінің әке тарапына толық жүктелетіні әрбір мұсылман азаматқа мәлім жайт. Әйел-ана тағдырын тәлкекке салып, оны нәпсіқұмарлықтың нысанасы етуге ислам түбегейлі қарсы.
Азаматтарының құқығы мен бостандығына нұқсан келтіретін мұндай әрекеттерді мемлекет те қолдамайды. Мемлекет – заңдық институт, кез келген азаматты қандай да бір жауапкершілікке тарту үшін іс-әрекеттердің заңдастырылуы қажет. Сол себептен мешіттерде некені АХАЖ бөлімінде ресми тіркеліп, заңды неке куәлігін алғаннан кейін қию қажеттілігі күн тәртібіне қойылып отыр. Бұған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да белсенді қолдау білдіруде. Некенің АХАЖ бөлімінде ресми тіркеліп барып, мешіттерде шариғат жолымен қиылуы – зайырлы құқық пен діни құқық үйлесуінің көрінісі.
– Орта мектептерге «Дінтану негіздері» пәні енгізілгелі бері біршама уақыт өтті. Қандай өзгерістер күтілуде?
– Ел азаматтарының дін туралы білімінің дұрыс қалыптасуы мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Сондықтан қазір осы бағытқа да күш салынуда.
Орта мектептердің 9-сыныбында оқытылатын «Дінтану негіздері» пәнінде әлемдік және дәстүрлі діндер, жаңа діни қозғалыстар, теріс пиғылды және радикалды діни ағымдар жөнінде негізгі түсініктер берілетіні белгілі. Қазіргі таңда Дін істері агенттігі мен Білім және ғылым министрлігі тарапынан аталған пәнді заман талабына сай жетілдіру мақсатында кешенді шаралар атқарылуда. Пәннің қоғамтанулық мазмұнын күшейте отырып, білім алушыларға зайырлы мемлекет қағидаттары мен қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарын таныту мақсатында «Дінтану негіздері» пәнінің атын «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп өзгертуге шешім қабылданды. Пәннің жаңа бағдарламасы жасақталып, мазмұнына өзекті толықтырулар енгізілді.
Таяу мерзімде аталмыш пәннің оқулық, хрестоматия, оқушы дәптері және мұғалімге арналған құралдан тұратын оқу-әдістемелік кешенін жасау қолға алынбақ. «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында 1 айлық мерзімді қамтитын білім жетілдіру курсының жүйелі, толыққанды бағдарламасын жасау және жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жалпыға бірдей білім беретін орта мектептерді білікті маманмен толық қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орындарында «Тарихшы, қосымша мамандығы бойынша дінтанушы» педагог кадрларын даярлау мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
– Дінді жалпы халық тұтынатын болғандықтан, діни әдебиеттер мәселесіне де кез келген азамат бейтарап қарамасы анық. Осы орайда бір байқалатыны – бұрынғыдай көше бойлап, есік қағып, діни әдебиеттерді кез келген жерде кедергісіз тарату үдерістері саябырлаған сияқты көрінеді.
– Иә, бұл да жаңа заңның жағымды нәтижелерінің бірі. Діни әдебиеттер мәселесі толығымен дерлік жолға қойылды деуге негіз бар. Ең маңыздысы – тиісті заңнамалық актілерге сәйкес дінтану сараптамасы мемлекеттік деңгейде жүргізілуде. Агенттік қызмет атқарған 3 жыл ішінде еліміздегі діни кітаптар айналымы толық бақылаудан өтіп, 25 000-ға жуық әдебиетке сараптама жасалды. 300-ге жуық әдебиетке теріс қорытынды беріліп, олардың ел аумағында таратылуына тосқауыл қойылды.
Түзеу мекемелеріндегі діни кітаптар толық сараптамадан өткізілді. Мәдениет және білім мекемелеріндегі, діни оқу орындарындағы кітаптар да тексеріліп, ретке келтірілді. Агенттіктің ұсынуымен радикалды және теріс пиғылды ағымдар идеологиясының алдын алуға бағытталған ағартушылық мазмұндағы әдебиеттер мүдделі мемлекеттік мекемелер арқылы көптеп шығарылуда.
Сараптама жүргізумен қатар, діни әдебиеттердің таратылуына да бақылау орнатылды. Қазір олар республика бойынша арнайы стационарлық үй-жайлар ретінде бекітілген 235 кітап дүкенінде және заңмен белгіленген орындарда таратылуда.
Дегенмен, азаматтар тарапынан заң нормаларын білмегендіктен немесе заңға мойынұсынбаушылықтан туындаған заңсыз діни әдебиеттер тарату фактілері де жоқ емес. Мұндайда тиісті органдар тарапынан нақты әкімшілік шаралар қолданылады. Өткен жылы осындай 78 факті анықталып, айыпты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Дін тарату дегенде миссионерлік туралы сұрақ ойға орала кетеді. Байқауымызша, елімізде миссионерлердің қарасы аз емес. Олар жайлы заңнама не дейді?
– Заңнама бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың миссионерлiк қызметпен айналысуына тыйым салынбаған. Мұндай тәжірибе әлемдік қоғамдастықтағы діни сенім бостандығын қамтамасыз ететін мемлекеттердің барлығына дерлік тән.
Бірақ, бұл миссионерлік қызметке шектеусіз құқық берілген деген сөз емес. Біріншіден, миссионерлік қызметті жүзеге асырушы тұлға міндетті түрде тіркелуге және жыл сайын қайта тiркеуден өтуге тиіс. Ол миссионерлік қызметпен тиісті құжаты болған жағдайда ғана айналыса алады. Екіншіден, миссионерлік қызметтің заң аясындағы өзіндік талаптары бар, ол талаптарға сәйкес келмеген тұлғаны миссионер ретінде тіркеуден бас тартылатыны да заңнамада көрсетілген. Үшіншіден, миссионердің ел аумағындағы қызметі де нақты өңірлермен шектеледі. Ол тек өзі тіркелген өңірде, өз діни бірлестігіне мүше азаматтар арасында ғана діни қызмет атқара алады.
Осындай бақылау шараларының нәтижесінде соңғы жылдары еліміздегі миссионерлер саны 300-400 аралығындағы тұрақты көрсеткіштен артып отырған жоқ. Миссионерлердің басым бөлігі еліміздегі католиктік және православиелік діни бірлестіктердің өкілдері болып келеді. Заңсыз миссионерлік қызметті жүзеге асыру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде заңмен қадағаланады. Өткен жылы осындай ниеттегі 70 адамға айыппұл салынып, тиісті әкімшілік шара қолданылды.
– Ғаламтор кеңістігі де назардан тыс қалып отырмаған болар?
– Иә, діни-экстремистік және лаңкестік топтардың ақпараттық кеңістігіне шектеу қою бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Агенттік тарапынан 5000-ға жуық ғаламтор ресурсына мониторинг жүргізілді, 176 материалға дінтану сараптамасының теріс қорытындысы берілді. Оның 45-інің Қазақстан аумағында таратылуына тосқауыл қою жөніндегі сот шешімдері шықты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағартушылық бағыттағы «E-islam» порталы жасақталып, іске қосылды. Сонымен қатар, танымал әлеуметтік желілерде Агенттіктің ресми парақтары ашылды. Агенттіктің ресми сайты үздіксіз әрі сапалы түрде жұмыс жүргізуде. Дін саласындағы басты оқиғалар, қабылданған нормативтік-құқықтық актілер, жаңа құрылымдар мен халықаралық шаралар сайтта жедел көрініс табады. Агенттік сайтын пайдаланушылар қатарында еліміздің ғана емес, Ресей мен АҚШ-тың, басқа да алыс-жақын шетелдердің өкілдері көптеп саналады. Пайдаланушыларды қызықтыратын барлық сауалдарға жауап берілетін арнайы блогтар да сайтты тартымды ете түсуде.
– Агенттік құрылған кезеңнен бастап қолға алған шаралардың бірі ақпараттық-насихат жұмыстары болғанынан көзі қарақты оқырман хабардар. Бұл саладағы жұмыстар да жалғасын тапқан болар?
– Әрине, жалғасуда. Орасан зор күш-жігер дін саласындағы ақпараттық-ағартушылық жұмыстарға жұмсалып келеді. Ақпараттық-насихат топтары мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғын халыққа үздіксіз түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жасөспірімдер, жастар және әйелдер аудиториясына арналған мақсатты жобалар жүзеге асырылуда. Осы бағытта жүргізілетін жұмыстардың елеулі бөлігі радикалды және теріс пиғылды діни ағымдар идеологиясының алдын алу шараларына арналса, ендігі бір бөлігі осындай ағымдар ықпалына түскен тұлғаларға тікелей бағытталған. Ақпараттық-насихат топтарына қажетті жүздеген ақпараттық-әдістемелік материалдар дайындалып, жарық көрді, тұрғын халыққа және мақсатты аудиторияларға таратылды.
Айтылғандардан басқа, Агенттіктің үйлестіруімен Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес, Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі кеңес, Консультативтік-сараптамалық кеңес, БАҚ-тарда діни тақырыптарды жариялау жөніндегі әдістемелік кеңес секілді құрылымдар дін саласындағы саясатты сауатты да байсалды түрде жүргізу мақсатына жұмылдырылуда. Теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсететін 25 ұйым еліміздің барлық аймақтарында қызмет атқаруда.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақстандықтардың діни санасын елдің салт-дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес қалыптастыру міндетін атап көрсеткен болатын. Бұл бағытта Агенттік қандай жұмыстар жүргізуде?
– Біздің қазақстандық қоғамның жағдайында қазір дін және дәстүрлі құндылықтар үнқатысуы маңызды орын алады. Теріс пиғылды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отыр. Өйткені, кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге, ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылатыны сөзсіз.
– Дәстүрлі құндылықтар демекші, қазір қазақтың мұсылмандығына күмәнмен әрі сынмен қарайтындар саны көбейген секілді. Бір байқалатыны, ондайлар қазақтың өз арасынан шығып отыр… Сіз не дейсіз?
– Қазақ – мың жылдан бері мұсылман халық. Оның дәстүрі мен дүниетанымы исламмен балталаса бұзылмастай болып тамырласқан. Біз кімнің алдағанына арбалып, өткенімізді өнегесіз, тарихымызды тұлдыр демекпіз?
Біздің дініміз – біздің рухымыз. Ол – біздің өткеніміз, бүгініміз, болашағымыз. Оны зерттеп-зерделеуге әркімнің құқығы бар. Бірақ тергеп-тексеруге, айыптап, қаралауға, күзеу мен бұзуға ешкімнің құқығы жоқ.
Қазақ исламға бүгін келген жоқ. Мың жыл бойы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) салған жолмен жүрген ұлттың ұлы ғұламалары қалдырған ата дініміз – ислам. Сондықтан бүгінгі дін атын жамылып, саясатқа суарылған жатжұрттық ілімдердің мақсатын үйрету емес, күйрету деп бағалаған жөн…
– Сөзіңіз аузыңызда, еліміздегі мешіт жамағаттарының арасынан жік шығып, екіге жарылу көрініс беруде. Исламның бөлінуді емес, бірігуді насихаттайтындығына қарамастан, оның ішінде алауыз ағымдар пайда болды. Дін саласындағы уәкілетті органның бұл мәселедегі ұстанымы қандай?
– Еліміздің тарихымен, мәдениетімен, рухани құндылықтарымен қабыспайтын жат діни көзқарастарды насихаттап жүрген кез келген ағым қазақстандық қоғамның дәстүрлі ұстанымдарына, ішкі тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Мұндай шетін құбылыстармен күресу – Агенттіктің де, басқа мемлекеттік органдар мен тиісті құрылымдардың да басты міндеті.
Ислам атымен әрекет етіп жүрген жат көзқарастағы ағымдарға келсек, ел аумағында өз ұстанымдарын насихаттайтын мұндай топтардың бар екені жасырын емес. Рухани тамырынан, дәстүрлі құндылықтарынан қол үзіп қалған бүгінгі буынның бірқатар өкілдері осындай шетін идеологияға алданып, өз ұлтының салт-санасына, дәстүрлі құндылықтарына қарсы шығуда. Агенттік жүргізетін ақпараттық-насихат жұмыстарының пәрменді бөлігі осындай адасқан азаматтарымызға түсіндіру және қайта бейімдеуге бағытталуда.
Осы тұста атап өтуге тиіс бір жайт бар. Бас мүфти Ержан Малғажыұлы бастаған имамдар тарапынан мешітке келетін халыққа бөлінбей, бір жамағат болып бірігіп, ынтымақ құрып, бір-біріне түсіністікпен қарап, туындаған мәселелерді үнқатысу және түсіндіру арқылы шешу бағытында жасалып жатқан жұмыстар зор. Қолға алынған игі істердің нәтижесінде еліміздің мешіттерінде мұндай келеңсіз жағдайлар азайып келе жатыр.
– Халықтың санасын сан тарапқа тартқылап жүрген теріс пиғылды секталардың әрекетіне қатысты не айтар едіңіз?
– Теріс пиғылды секталардың іс-әрекеті де Агенттік назарынан тыс қалып отырған жоқ. Ресми түрде тіркелген діни бірлестіктердің нақты бақылауда болатыны белгілі. Ал секталық сипаттағы діни ұйымдар көбіне идеология түрінде қызмет етеді. Сондықтан оларға қарсы күрес те идеологиялық-ағартушылық сипатта жүргізіледі. Жоғарыда санамаланған Агенттік жұмыстарының әрбірінде дерлік секталық сипаттағы діни ұйымдарға қатысты іс-қимылдар қамтылған. Ал азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, имандылығына нұқсан келтіретін, отбасының бұзылуына, т.б. бүлдіргіш әрекеттерге себеп болған нақты жағдайлар айқындалғанда бұған өз құзыреттері шегінде құқықтық органдар да араласып, тиісті шаралар қолданып келеді.
Осы орайда мен Қазақстан азаматтарын қырағылық пен белсенділік танытуға шақырар едім. Секталық сипаттағы ағымдардың қоғамға тигізген зардабы туралы ауызекі әңгімеде көп айтылады, ал азаматтар нақты жағдайлар бойынша құқықтық органдарға шағым жасауға келгенде енжарлық танытады. Жекелеген діни ағымдардың насихаты салдарынан отбасынан айырылған, зайырлы білім алудан, ақы төленетін еңбектен, медициналық көмектен бас тартқан және соның кесірінен зардап шеккен жандар туралы олардың ата-анасы, ағайын-туыстары, достары дер кезінде тиісті орындарға хабарлап отыруы қажет. Осы орайда дін саласына қатысты барлық мәселелер бойынша азаматтардан ақпарат қабылдауға, теріс пиғылды ағымдардан зардап шеккендерге кеңесшілік-психологиялық көмек көрсетуге арналған «Қауырт желі – 114» қызметін пайдалану қажеттігін көпшілік назарына салғым келеді.
Бір ғана мемлекеттік органның мүмкіндігі бәріне бірдей жете бермейді. Көп болып көтерген жүк қашанда жеңіл болады. Оның үстіне адам тағдыры, азамат тағдыры ешбірімізді бейжай қалдырмауы тиіс. Жеке адам тағдырынан мемлекет тағдыры құралады. Ал мемлекет тағдыры – баршамыздың және әрбіріміздің тағдырымыз. Біз осыны есте сақтауымыз қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Самат МҰСА