Зайырлылық ұғымының қоғамдық мәні қандай? Зайырлылық пен діни құндылықтардың қатар аталу себебі неде? Сенім еркіндігіне шектеу қойылмайтын елімізде зайырлылықты өз пайдасына асырап отырған кей ұйымдарға қарсы нендей шаралар атқарылуда? Осы орайда мәселеден шығудың төте жолы ретінде қолға алынған дін мен дәстүр сабақтастығын айшықтайтын шаралардың радикалды топтардан ел азаматтарын арашалауда ықпалы қандай? Міне осы және өзге де сұрақтар төңірегінде өрбіген келелі әңгіменің көрігін Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов қыздырмақ. Оқи отырыңыз…
– Марат Алмасұлы, исі мұсылман жұртының мүбәрак мерекесі – Ораза айы құтты болсын! Әңгімемізді осы тақырыптан бастасақ. Біздің зайырлы мемлекетіміз үшін мұндай діни ғұрыптар мен мерекелердің маңызы қаншалық?
– Әлбетте, маңызы ерекше. Себебі, зайырлы мемлекет «дінсіз мемлекет» деген сөз емес. Зайырлы мемлекетте дін теріске шығарылмайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі. Әркімнің өз қалауына сәйкес діни сенімді ұстануға немесе ұстанбауға еркі бар.
Біздің Қазақстан қоғамы руханилыққа ерекше жақын, ол халықтың дінге деген ықыласынан да көрінеді. Еліміздегі мемлекет құраушы қазақ халқының ата діні ислам екені баршаға белгілі. Мемлекет азаматтары болып табылатын еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің де басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Сондықтан халық үшін маңызды болған мереке мемлекет үшін де маңызды.
Ораза айын исі мұсылман баласы асыға күтеді. Бес парыздың бірі – отыз күн оразасын ұстап, сенімін қуаттандырады, рухани нәр алады. Күн сайын ауызашарда бас қосып, бата жасаған, тарауих намазын оқып, тілеуін бірге тілескен жамағаттың бірлігі бекиді, ынтымағы артады. Ислам – бірлік пен бейбітшіліктің діні, ал бірліктің бастауы – осындай мерекелер.
– Осы тұста көптің көңілінде жүрген бір сұрақты қоюдың орайы келіп тұрғандай. Дін саласындағы мамандардың дінге жақындығы қаншалық? Агенттік қызметкерлері де ораза тұта ма?
– Сұрағыңыздың астарын түсіндім. 2011 жылы діни қызмет саласындағы жаңа заң қабылданғанда 7-тармақтағы «мемлекеттік мекемелерде діни рәсімдер мен жоралар атқарылмайды» деген ережені бірқатар азаматтар жаңсақ түсінгендіктен, «мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне дін ұстануға рұқсат етілмейді екен» деген мазмұнда түрліше қате пікірлер туындаған болатын. Бұл мәселені әлі де дұрыс түсінбей жүргендер үшін айқындай кетейік, мемлекеттік қызметкер, ең алдымен, мемлекеттің азаматы, қоғамның өкілі. Оның да адам ретінде, азамат ретінде діни сенім бостандығына құқығы бар. Сондықтан Дін істері агенттігі мамандарының арасында да өз қалауы мен сеніміне сәйкес ораза ұстап, намаз оқып жүргендері баршылық.
Жалпы, дін саласында руханиятқа бір табан жақын жандардың жүруі де жазылмаған заңдылық деуге болады. Бұл белгілі бір дәрежеде тиімді де, өйткені, дін мәселесін дінді сезіне отырып шешу анағұрлым дұрыс болмақ. Тек ең бастысы – сенім ерекшелігін қызмет барысына араластырмау, себебі, Агенттік мамандары – мемлекеттік дін саясатын жүзеге асырушылар, олар бірінші кезекте діни бірлестіктер мен дінге сенушілердің дінге көзқарасына қарамастан заң алдында теңдігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, әрине, діни құлшылықтарын, яғни намазды заңмен белгіленген орындарда қызмет барысына кедергі келтірмейтін жағдайда орындай алады.
– «Қазақстан қоғамы руханилыққа ерекше жақын», деп атап өттіңіз. Осы орайда зайырлы мемлекеттегі руханилықтың орнын қалай бағалар едіңіз?
– Баршамызға белгілі, Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар қатарында зайырлы қоғам және жоғары руханиятты атап көрсеткен болатын. Бұл аталған құндылықтардың ажырағысыз байланыста екенін қалтқысыз пайымдаудан туындаған тұжырым болып табылады.
Ерекше назар аударатын жайт – жоғарыда айтылғандай, зайырлылық дегеніміз дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы, мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық, құқықтық сипатта болуы және діни сенім бостандығының қамтамасыз етілуі.
Зайырлылық түсінігінің ауқымы кең. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларында, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ұждан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Қазіргі заманғы зайырлылық, ең алдымен, гуманистік құндылықтарды, соның ішінде, адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруын қамтиды.
Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар, атеистік, секуляристік идеологияның немесе басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады.
Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Дін – ішкі саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі. Зайырлы мемлекет, сонымен қатар, азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады.
Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Сондықтан, зайырлылық сұхбатқа, өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделеді. Ал зайырлы мемлекет заңдылық пен құқықты негізге алады. Соның нәтижесінде біздің зайырлылығымыз – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғырына айналып отыр.
– Ал руханилықты, соның ішінде жоғары руханият ұғымын дінмен қаншалықты байланыстыруға болар еді?
– Жоғары руханият ұғымының да дін саласына тікелей қатысы бар. Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз – исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, т.б. көптеген құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни, дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды.
Аталған рухани құндылықтарды тарихи дәуірлерде халқымыздың бойындағы шығармашылық қабілет, өнерпаздық, ізденгіштік қасиеттер толықтырды. Өнердің сан саласы – сөз өнері, саз өнері, қол өнері, сәулет өнері туған топырағымызда өркендей дамыды. Далалық дүниетанымның сан-ғасырлық сүзгісінен өтіп, мәңгілік құндылықтарға негізделген дана дәстүрлер қалыптасты. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары дүниежүзілік ғылымға өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе, соңғы жүзжылдықтар қазақ ғылымы мен мәдениетін қарыштап дамытты. Ал тәуелсіздіктен кейінгі кезең өркениетті дамуға даңғыл жол ашты. Бұл жетістіктер ұлт дүниетанымында орныққан рухани құндылықтар кешенімен сабақтасып, бүгінгі біздің жоғары руханиятымызды құрады.
– Осы орайда, бір риторикалық сауал тіл ұшына оралып тұр. Қоғам тұрақтылығын сақтау үшін зайырлылықты күшейту қажет пе, әлде дінді ме? Дін саласындағы ақпараттық-ағартушылық жұмыстар соның қайсысына жатады?
– Қоғам құндылықтарды өзі сұрыптайды. Оның екі үдеріске бірдей сұранысы бар. Зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекет сипаты болып табылады. Оның насихатталуы мен нығаюы қоғам тұрақтылығына сөзсіз игі әсер етеді.
Зайырлылықты күшейту – дінді әлсірету деген сөз емес. Зайырлылық қанша күшейтілсе де, діни қызмет өз арнасымен жалғаса береді. Діни қызметпен санаспауға болмайды, жай ғана санасу емес, оның сапасы мен нәтижесін жіті назарға алып отырған жөн. Дін саласындағы қызмет бағыттарын күшейту – дінді күшейту емес, діни қызметті назарда ұстауды күшейту деп ұғынылғаны абзал.
Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан, дін мәселесі – рух мәселесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн…
– Сөзіңіз аузыңызда, діннің жасампаз құндылықтары мен рухани әлеуеті туралы ойыңызды тарата айтсаңыз, оның оқырманға да ой салатыны анық.
– Көзі ашық, көкірегі ояу оқырманның бәріне белгілі жайт – шынайы дін жасампаз құндылықтарымен танылады, тамыр жаяды. Исламдағы адамгершілік, өзара құрмет, татулық пен бірлік, адал еңбек, әділеттілік, теңдік, ақыл-парасат, ғылым-білім секілді қастерлі құндылықтар әлемдік діндердің барлығына ортақ. Адамзат қоғамын өркениетке жеткізген де осы құндылықтардың салтанат құруы болатын.
Құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға жүгінейік. Дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені, бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Себебі, тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да, исламда: «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады.
Осы жерде бір жайтқа ерекше тоқталған жөн. Исламдағы «ғибадат» ұғымы бес парызды орындаумен шектелмейді. Әрбір ізгі іс, жақсы сөз, дұрыс ниет, абзал дұға, көркем мінезді болу, ғылым-білім үйрену және үйрету, адал еңбек ету, елге пайдаңды тигізу, отанға қызмет ету, жамандықтан тыйылу, жақсылыққа жан салу – бәрі-бәрі ғибадаттың түрлерінен саналады. Діннің рухани әлеуеті мен шынайы мазмұны адамзат өміріне терең рухани мағына дарытатын, оны өркениет шыңына жетелейтін осындай кең өрісті дүниетанымнан бастау алады. Осыны дұрыс ескермей, діннің тек формалық жағына мән беріп, мазмұнын назардан тыс қалдыру – дін туралы ұғымды шектеу, дін институтының аясын тарылту, оның өміршеңдігін, икемділігін қолдан құлдырату болып шығады. Сондықтан діннің рухани құндылықтары мен әлеуетін дұрыс бағалап, жете насихаттасақ, қоғамның рухани деңгейі де көтеріледі, зайырлылығымыз да өміршең бола түседі.
– Әңгімені соңғы кездері жиі көтеріле бастаған дін мен дәстүр бірлігі тақырыбына ойыстырсақ. Зайырлы мемлекет үшін бұл тақырып несімен маңызды?
– Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.
Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі. Бұл факторға Қазақстан қоғамы ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық, соның ішінде, әсіресе, тарихи тағдыры өзімізбен ортақ ТМД елдері баса назар аударуда. Қазір кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ел тұтастығын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың қарқынды үдерісі жүруде.
Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап айту қажет. Өйткені, кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға ұмтылады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады.
– Демек, дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту радикалды идеологияның алдын алуға септеседі деуге негіз бар ғой?
– Әрине. Баршаға белгілі, елімізде діни радикализмнің алдын алудың дәстүрлі әдістері тиісті деңгейде қолданылуда. Ал осы күрестегі маңызды тетіктердің бірі – дін мен дәстүр үнқатысуы және оның жемісі болып табылатын рухани құндылықтар әлеуеті әзірге толық игерілген жоқ.
Дәстүрлі құндылықтардың әлсіреп, рухани жұтаңданудың күшеюі, діни сауаттың төмендігі радикалды идеологияның таралуына түрткі болатын басты факторға айналуда. Басқа халықтарға тән дүниетанымды қазаққа таңу арқылы ұлттық дәстүрлерге деген көзқарасты өзгерту, оның даналық ғибраты мен даралық сипатын жоққа шығару, жат дүниетанымның көшірмесі етіп көрсету радикалды идеология өкілдерінің негізгі құралы болып отыр. Осындай әрекеттер арқылы ұлттың рухани-мәдени қорғаныс қабілетін әлсіретіп, қолдан жасалған құндылықтарды орнықтыруға талпыныс жасалуда.
Радикалды ағымдардың басты шабуылы дін мен дәстүр бірлігіне, сол бірліктен туындаған дәстүрлі рухани құндылықтарға бағытталып отыр. Сондықтан, радикалды идеологияның алдын алу жұмыстарының ең белсендісі әрі ықпалдысы дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болмақ. Бұл орайда ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білудің маңызы зор. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы радикалды идеологияның таралуына тосқауыл қоюға болады.
– Соңғы кездері қоғамда «дәстүрлі ислам» ұғымы жиі қолданыла бастады. Базбіреулер бұл ұғымның дұрыстығына күмәнмен қарайды. Сіз қалай ойлайсыз?
– Әрине, таза ұғымдық тұрғыдан алғанда, «дәстүрлі ислам» деген қолданыс тосындау естілуі мүмкін. «Ислам – бір ғана ислам, оның «дәстүрлі», «дәстүрлі емесі» бола ма?» деген сауалдар қойылып жатады.
Бірақ бір нәрсені ескергеніміз жөн: ұғымды жасайтын, қолданатын, оның мағынасын кеңейтетін немесе тарылтатын өзіміз. Әрбір қоғамның сұранысына орай жаңа ұғымдар туындап, бұрыннан бар ұғымдардың қолданыс аясы кеңеюі немесе тарылуы мүмкін. Мысалы, күні кешеге дейін «миссионер» деген ұғымды біздер тек батыстан келген христиан дінін таратушыларға ғана қолданып келдік. Ал қазір бұл ұғымның аясы кеңіді. Өйткені, дінді насихаттаушы, таратушы тұлғалардың қызмет ерекшелігінің ұқсастығына орай оларды бір атаумен біріктіру және соның аясында барлық құқықтары мен міндеткерліктерін белгілеу қажеттілігі туындады. Сондықтан қазір «миссионер» сөзі әмбебап әрі заңдық ұғымға айналып, оған қатысты заңнамалық құжаттар қалыптасты.
Сол секілді «дәстүрлі ислам» ұғымы да бүгінгі қоғамның қажеттілігіне орай туындаған қолданыс болып табылады. Ислам негіздеріне қатысты діни сенім барлық жерде бірдей болғанымен, діни таным исламды қабылдаған әрбір ұлттың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен ұштаса отырып, түрліше қалыптасады. Дін мен дәстүрдің кірігуі нәтижесінде исламның жергілікті өмір сүру формасы пайда болады. Ғалымдар оны «дәстүрлі қазақ мұсылмандығы», «қазақ мұсылмандық мәдениеті» секілді түрліше ұғымдармен атауда. Осы ерекшелікті нақты бір атаумен белгілеу үшін соңғы жылдары «дәстүрлі ислам» деген жинақы әрі біртекті ұғым қолданысқа ене бастады. Яғни, бұл «дәстүрмен астаса отырып қалыптасқан, дәстүрлі арнада дамыған, шетін көзқарастарды қабылдамайтын шынайы ислам» деген ұғымды білдіреді.
– Жауабыңыз өте ұғынықты шықты. Соңғы сауал: барша діндерге ортақ рухани аңсар-мұрат ретінде нені айтар едіңіз? Жалпы, ел болып еңсерер қандай қажетті қадамдар бар?
– Адамзат қоғамы өзінің бүкіл даму барысында рухани кемелденуді мақсат тұтты. Сондықтан, «кемел адам» идеалы барлық қоғамға, барлық дінге тән. Өйткені, рухани тұрғыдан кемелденген адам дін тұрғысынан алсақ, күнәдан, заң тұрғысынан алсақ, қылмыстан аулақ болады, ол ең ізгі адамгершілік мұраттарды көздейді, адамзат қоғамының ортақ игілігіне, жоғары руханиятқа қызмет етеді.
Осы орайда мен діни бірлестіктерді барлық діндерге, ұлттарға, жалпы адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды жан-жақты насихаттауға шақырар едім. Сонымен қатар, «Заманына қарай – амалы» демекші, әрбір уағыз-насихатты, ақыл-кеңесті бүгінгі қоғамның ерекшеліктерін, даму деңгейін ескере отырып жеткізу қажеттігін айрықша назарға алған жөн. «Дінде осылай, соны істемесең болмайды» деген үзілді-кесілді тыйымдар бір жағынан пікір қайшылығына, көзқарастар қақтығысына итермелесе, екінші жағынан, діннен алыстатады. Бүгінгі қоғамның деңгейін, талабын, сұранысын ескеріп, діннің формалық жағымен қатар, мазмұндық жағына да баса мән беретін кез жетті.
Отбасы институты тұрғысынан алғанда, өскелең буынның рухани тәрбиесі әйел-аналарға тәуелді. Дәстүрлі рухани құндылықтарды қашанда ұрпақтан ұрпаққа әйел-аналар жеткізіп отырған. Сондықтан да, атамыз қазақ: «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле», деген ұлағатты сөз қалдырған. Бүгін де әйел-аналар тәрбие ісінің алдыңғы сапында. Әркім өз отбасының тәрбиесін түзеп, ғасырлар сынынан өткен ата дәстүрді, қастерлі құндылықтарды ұрпағына сіңіре білсе, бүкіл қоғамның тәрбиесі түзелмек.
Ал бүгінгі жастар алдында айтары бар аға буын, берері мол қазыналы қарттары бар бақытты ұрпақ екенін сезініп, кешегі «елім» деп еңіреп өткен ұлт зиялылары қалдырған мол мұрадан тәлім ала білсе, рухани ізденістерінде ұлттық бағдардан жаңылмас еді.
– Тобықтай түйініңіз.
– Біз сеніммен айта алатын бір нәрсе бар – елімізде орныққан дінаралық татулық пен келісім – қазақ халқының дәстүрлі рухани құндылықтарын ұлықтауы мен мемлекеттің дін саласындағы салиқалы саясатының жемісі. Осы жетістікті тұғырландырып, мызғымастай берік етуді ұлы мақсатқа айналдыра білсек, өткеннің алдындағы қарызымыз бен келешек алдындағы парызымыз сол мақсатты жүзеге асыру арқылы орындалмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан».