Марқұмды үнсіз еске алу− ислам шариғатында кездеспейтін мәселе, алайда біздің зайырлы мемлекетімізде марқұмдарды үнсіз еске алу біршама қалыптасқан үрдіс болып саналады. Сонымен қатар басқа дін өкілдерінде осындай дәстүр кездеседі. Өзге дін өкілдерінің бұл үрдісті жүзеге асыруға толық құқығы бар, өйткені олардың діни сенім бостандығы да зайырлы мемлекет заңдарымен қорғалған.
Ислам шариғаты бойынша мұсылман адам марқұмға шынайы жақсылық қаласа, оның артынан құран оқып, дұға жасағаны абзал болып саналады. Егермұсылмандардың ішінен біреу өлікті үнсіз еске алып жатса, оған бірден тыйым салуға да болмайды, өйткені ол өзін мұсылман санағанымен исламды және оның ішіндегі сенім мәселелерін жете білмеуі әбден мүмкін.
Марқұмды үнсіз еске алған өзге дін өкілдері арасында мұсылмандар болса, ол дінге қайшылыққа жатпайды, өйткені Мұхаммел пайғамбареврей қауымынан бір адам қайтыс болғанда орнынан тұрып құрмет көрсеткен. Сол кезде қасындағы сахабалар: «Ей, Алланың елшісі, неге тұрдыңыз? Ол мұсылман емесқой» дегенде пайғамбар: «Ол да адамғой» деп жауап берген.
Бұдан шығатын қорытынды − исламда өзге дін өкілдерінің бірі қайтыс болғанда құрмет көрсетіп, көңілін жұбатуға айтылған сөздер исламға қайшы келмейді.
Ал, қабірге гүл қою мәселесіне келсек, исламда барлық мәселеге әлеуметтік тиімділік тұрғысынан үкім берілетінін ескеруіміз қажет. Ислам шариғаты қабір басына көп ұзамай солып қалатын гүл шоқтарын қойып, ысырап жасауды емес, сол гүлге жұмсалатын қаражатты кедей-кепшіктерге беріп, сауабын марқұмға бағыштауды құптайды.
Ал қабір басына тал егу мен гүл отырғызудың үкімі басқа. Құран Кәрімде: «Жеті қабат ғарыштағылар мен жер және ондағы тіршілік иелерінің барлығы Оны (Алланы) ұлықтайды, таспих (мақтау, дәріптеу) айтады. Аллаға мақтау айтпайтын ешқандай да тіршілік иесі жоқ. Бірақ сендер олардың тілін түсінбейсіңдер» делінген (Исра сүресі, 44-аят). Яғни, мұндағы мақсат өсімдіктердің айтқан тәсбих, мадақ-мақтаулары мәйітке жәрдем болады деген түсінік бар.
Бірде Мұхаммед пайғамбар сахабаларымен қабірдің жанынан өтіп бара жатып, екі қабірді нұсқап: «Бұл екеуі азапталуда. Бірақ, үлкен күнә істегендері үшін азапталып жатқан жоқ. Олардың бірі зәрінен тазармайтын еді (яғни, зәр шығарғаннан соң өзінің киіміне, денесіне тигізбеуге көңіл бөлмейтін). Ал, екіншісі сөз таситын еді» дейді.
Сөйтіп, екі жас шыбық алғызып, қабірдің басына егеді де: «Бұл екі шыбық шіріп кеткенше қабірдегілердің азабы жеңілдетілетініне үміт етемін»дейді. Осы хадисті негізге алсақ, қабір басына тал егіп, гүл отырғызудың айыбы жоқ деп пайымдауға болады.