16 маусым – биыл елімізде Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Қасиетті мейрамның қарсаңында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының меңгерушісі Мақсатбек Қайырғалиевке елдің көкейінде жүрген бірқатар сұрағымызды қойған едік.
– Мақсатбек Мақсотұлы, пандемия уақытынан бері елімізде онлайн құрбандық шалу мүмкіндігі пайда болды. Ол жерде құрбан шалу қалай жүзеге асады? Еті қайда таратылады? Және онлайн құрбан шалудың адамдар үшін тиімділігі неде?
– Дінімізде құрбандықты әлбетте әрбір мұсылманның өзі шалғаны сауаптырақ. Бірақ өзіңіз айтып отырғандай әлемді дүр сілкіндірген пандемияға байланысты діни-жоралғымызға елеулі өзгеріс енген болатын. Бұл бір жағынан қашықтықтан техниканы пайдаланып жұмыс істеуді үйреткен болса, екінші жағынан үлкен қалада мал соятын орын табу қиын. Көбіне қасапханалар қаланың сыртында. Оған баруға халықтың шамасы жете бермейді. Көшелер ластанып жатқан жағдайларға да куә болып жүрміз. Осындай кезде аталған платформаға ыңғайлы екен деп ризашылығын білдіргендер көп.
Менің ойымша, бұл жақсы тәжірибе. Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктерінде бұрыннан қалыптасып кеткен жүйе. Биыл да kurban2024.kz сайтын іске қостық. Сайт арқылы құрбан шалу қиын емес. Мәселен, Қызылорда өңірінде құрбан шалу керек болса, сайтта аймақты көрсетесіз. Тапсырыс беретін адам қой шалғысы келе ме, ешкі шала ма, түйе шала ма таңдай алады. Қазір Қызылорда өңірі бойынша қой 75000 тг, ал ірі-қара 350 000 тг. Ірі қара мен түйе малын жеті адам бірігіп шалса болады.
Платформада Kaspi QR арқылы қажетті соманы аударғаннан кейін ұялы телефонға смс хабарлама келеді. Құрбан айт күні бөлінген мамандар құрбан шалушы атынан ниет қылып, дұғасын жасайды. Осы процестер мал иесіне фото және бейне есеп түрінде келіп түседі. Құрбандық еті түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Осы орайда онлайн құрбандыққа жүгіну сауапты кемітпейді, дінімізге қайшы емес екенін айта кетейік.
– Ал биыл Астанамызда «оффлайн» құрбан шалу қай жерлерде жүзеге асырылады?
– Құрбандық шалатын қасапханалар Астана қаласында «Жайлау», «Шанхай», «Шопан ата», «Баракат», «Железнодорожный» мал базарларында жүретін болады.
– Құрбан шалудың сауабы жайында көп айтылып келеді. Енді осы мерекенің халыққа, әсіресе жағдайы мүшкіл адамдарға пайдасы жайында айтсаңыз.
– Алдымен «Құрбан» сөзінің мағынасына тоқталсақ. «Құрбан» сөзінің тілдік мағынасы «жақын болу» дегенді білдіреді. Шариғат бойынша белгіленген малдарды шалу арқылы Алла Тағалаға жақындаймыз. Бірінші кезекте Алла Тағаланың ризалығына жеткізетін маңызын айту керек. Ежелден халқымыз Құрбан айтты мереке етіп, ұлан-асыр тойға айналдырған. Әжелеріміз құрбан айтқа деп арнайылап дәм сақтағанын көріп өстік. Басымызды қосатын осынау мейрамда өкпе-ренішті кешіру керек, жақсылықты молайтып, көңілді жібітіп, мейірімділікке тәрбиелейтін кезі осы деп айтар едім. Және бір тұсы құрбан шалуға ниеттенген адам құрбан етін тек өзіне алып қалмайды. Дінімізде құрбан етін мұқтаждарға, ағайын-туысқа, кедей-кепшікке таратады. Бұл қоғамның өзара жәрдемдесуін білдіреді.
– Құрбан шалу кімдерге уәжіп екенін білеміз. Дегенмен қазір көп адамда бірнеше несиеден бар. Оларға да құрбан шалу міндет пе?
– Құрбандық шалу бәріне бірдей уәжіп емес. Егер жағдайы жоқ адам болса, қарызға батып, күнкөріске қаражаты жетпей жатқан кезінде құрбандық шалуды дініміз талап етпейді. Бірақ көрші-қолаңды, туған-туысты аралап, құттықтап, көңіл бөлуді ұмытпау керек.
– Биыл қанша отбасыға құрбандық етін тарату жоспарда бар?
– Былтыр ҚМДБ-ның «Qurban-2023» қайырымдылық акциясы кезінде 123 594 мұқтаж отбасыға құрбандық еті жеткізілген болатын, ал биыл бұдан да жоғары көрсеткіш болады деп айта аламыз.
– Жағдайы төмен адамдар құрбан малының етін алу үшін қайда барса болады? Немесе қайда жүгінуі керек?
– Ол үшін мешіттерге, медреселерге, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорына өтініш қалдыра алады. Әрі qurban2024.kz сайты арқылы өтініш беру ұяшығына жүгінсе болады. Ол жерде әлеуметтік аз қамтылған, жағдайы нашар отбасылар мұқтаждығы жөнінде құжатын тіркейді.
– Жыл сайын Бас мүфти кәсіпкерлерге мал бағасын өсірмеу жайында үндеу жасап келеді. Сонда да оған шағым айтатын адамдар көп. Сөз соңында құрбан айтқа арнап малдарын дайындап отырған бауырларымызға өз тарапыңыздан не айтар едіңіз?
– Бағалар малдың жасына, дене бітіміне байланысты қойылады. Алайда өкінішке қарай мереке қарсаңында мал бағасын аспандатып, пайда көздейтін жәйттар орын алып жатады. Қасиетті мерекеде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Аллаға ұнамды әрбір қайырлы іске мол сауап жазылатынын, сол үшін де кәсіпкерлерге мал бағасын қымбаттатпауды, әрі мал терісі, ішек-қарын, бас-сирақ сынды қалған бөліктерін мұқтаждарға таратып, ысырапқа жол бермеген абзал екенін жеткізген болатын. Халықтың қалтасына ауырлық түсірмеген жөн.
– Рахмет!
Әңгімелескен Жасұлан БАҚЫТБЕК