– Жуырда ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында кезекті баспана өз иесін тапқан болатын. Осы жайында кеңірек айтып берсеңіз?
– Иә, жоба аясында 661-ші баспана кілті Маңғыстау облысы Тұщыбек ауылының тұрғыны Бақытжан Нұрсайынұлының отбасына табысталды. Игі шараға Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы Шаймұрза Жаңайұлы, аудан бас имамы Құралбай Амалбайұлы, дін қызметкерлері, елді мекен ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
6 баласы бар бұл отбасы 1 сәуір күні орын алған өрт салдарынан үйсіз қалған болатын. Қалың елдің және жергілікті мекемелердің қолдауымен Бақытжан Нұрсайынұлының жанұясы жаңа шаңыраққа ие болды. Бұдан бөлек, рамазан айында 30 отбасыға 30 баспана берілгенін айта кетейік.
– Бұл 30 баспана «Ел үлесі – пәтерге» жобасынан тыс берілді ме? Яғни өз алдына бөлек жоба ма?
– Аталған акция «Ел үлесі – пәтерге» жобасының ішінде болды. Айырмашылығы – пәтерлердің қасиетті ораза айында берілуі. Рамазан кезінде арнайы күшімізді салып, көп мұқтаж отбасылардың баспаналы болуын қаладық. Нәтижесінде 7 дін қызметкеріне, 23 көпбалалы отбасыға 30 баспананың кілті берілді.
– Бұдан басқа қандай жобаларыңыз бар?
– «Денсаулық» деген жобаның аясында «Өмірге үміт сыйла» және «Үміт сыйла сәбиге» деген екі бағытымыз болды. «Өмірге үміт сыйла» акциясы аясында 130 отбасыға 6 207 886 тг көлемінде көмек берілді, ал «Үміт сыйла сәбиге» жобасы аясында 176 бала қамтылды. Бірінші акция бойынша дәріге мұқтаж науқастарға және шетелде ем қабылдауға зәру адамдарға көмек көрсеттік. Бұл біздің ең үлкен іс-шараларымыздың бірі болды.
«Зекет және қайырымдылық» қоры өткен рамазан айында бірнеше жобаларды қатар қолға алып, жүзеге асырды. Атап айтсам, «Қолдан – қолға» («Қош келдің, Рамазан» акциясы) жобасы аясында 13 669 отбасы қаржылай қайырымдылық көмек алды. «Рамазан тәттісі» жобасы аясында 17 063 балаға тәттілер мен ойыншықтар таратылды. Киім-кешекпен 2 381 отбасы көмек алды. «Ауызашар себеті» жобасы бойынша 165 679 адамға ауызашар себеттері таратылды. «Шарапатты Рамазан» жобасы бойынша 1 861 827 адамға ауызашар дастарханы жайылды. «Жетім көрсең, жебей жүр» жобасы аясында 396 жетім балаға түрлі көмек берілді. «Рамазанда мешітке кітап сыйла» жобасы бойынша мешіттерге 2 543 кітап сыйға берілді. «Алтын құрсақты батыр аналарға тосын сый» бойынша 131 анаға сый берілді. 3 млн адамға ауызашар дастархандары мешітте жайылды.
- «Өмірге үміт сыйла» акциясы жөнінде кеңірек айтып бере аласыз ба?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайырымдылық бағытындағы жұмыстар ауқымын кеңейтіп, бірнеше жылдан бері ерекше мұқтаждықтары бар балаларды оңалту орталықтарымен бірлесе игі істерді атқарып келеді. Бұл соның бір көрінісі. Қазіргі уақытта қоғамдағы аса күрделі мәселелердің бірі – аутизм, БЦП, ЗПР, Даун синдромы бар науқас балалардың саны уақыт өткен сайын артып жатқаны жанымызға батады. Сондықтан «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры осындай ауыр дерті бар балаларға қолдау көрсету бастамасын қолға алды.
Ерекше балалардың психологиялық процестерін, орталық жүйке жүйесін, сөйлеуін дамытуда ұсақ моториканың маңызы зор екені белгілі. Осы қасиетті рамазан айында Астана қаласындағы ерекше мұқтаждықтары бар балаларды оңалту орталықтарына арнайы балалардың ой-өрісін дамытуға арналған ойын түріндегі құрылғы – «бизибордты» табыстадық. Біз бұл жобаны тоқтатқанымыз жоқ. Әрі қарай аталған бағытта жүйелі және тұрақты түрде қайырымдылық жасап келеміз.
«Зекет және қайырымдылық» қоры ерекше балалардың ой-өрісін дамытуға көмектесетін құрылғының бір үлгісін сатып алып, бизиборд жасауға бейім жандардың көмегімен «Zeket Hub» орталығында мыңдаған данасын құрастырып шықты. Бүгін бірнеше балаларды оңалту орталығына табыс етілсе, алдағы уақытта республика көлемінде ерекше балалардың күтімімен айналысатын орталықтарға 1000 данасын жеткізу жоспарда бар. Біздің басты ұстанымымыз – өмірге үміт сыйлау.
– Бұл көрсеткіш елімізде қайырымдылық жасаудан аянбайтың жандардың көбейгендігін білдіреді ғой?
– Расымен, қайырымдылық жасаудан аянбайтын жандар баршылық. Олар көбіне банк қосымшалары арқылы аударымдар жасайды. Бірақ аттарының жария етпеуін сұрайды. Себебі құпия берілген садақаның сауабы көбірек болатыны белгілі. Ал өз басым жариялап отырған дұрыс деп есептеймін, ол басқаларға да үлгі болады.
– Рахмет, қайырымды істеріңіз азаймасын. Аманшылықта жүздесейік!
Әңгімелескен Балжан ӘБДІРАШ