Кез келген заң уақыт өте келе өзгертулер мен толықтырулар енгізуді қажет ететіні белгілі. Дін саласы да бұдан тысқары емес. Өткен жылы 29 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осыған орай «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар жөнінде Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Маханбетовтен сұрап білдік.
– Мақсатбек Шахзадаұлы, заңға енгізілген өзгерістердің бірі – 1-баптың 1-тармағына жаңа тармақша қосылған. Ол жерде «діни бірлестіктерге» анықтама беріліпті. Бұрын мұндай анықтама болмаған ба?
– Бұған дейін діни бірлестіктерге берілген анықтама 1-баптың жеке тармағы ретінде бөлек жазылған еді. Енді тармақша ретінде 1-баптың 1-тармағына қосылып отыр. Айта кетсек, заңда діни бірлестіктерге «Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі» деген анықтама берілген.
– Сондай-ақ, жаңа өзгертулерге сай аталған баптың 4-тармағында «діни мазмұндағы ақпараттық материал» терминіне түсінік берілді. Бұл не үшін қажет болды?
– Бұған дейін дін туралы заңда «діни мазмұндағы ақпараттық материал» сөзі қолданылғанымен, оның мазмұны ашып түсіндірілмеген еді. Бұл өз кезегінде мамандардың сынына ұшырап, заңға толықтырулар енгізуге негіз болды. Сондықтан соңғы өзгерістерге сай 1-бапқа «Діни мазмұндағы ақпараттық материал – кез келген материалдық жеткізгіштегі діни сипаттағы баспалық, электрондық және өзге де ақпарат» деген анықтама қосылып отыр.
Бұл анықтама әсіресе діни мазмұндағы материалдарға дінтану сараптамасын жүргізу, сондай-ақ діни іс-шаралар өткізу кезінде, т.б. жағдайларда қажет.
– Дінтану сараптамасы демекші, жаңа өзгерістердің бірі – аталған сараптаманы жүргізуге дінтанушылардан бөлек басқа саланың мамандары да тартылатын болыпты. Осы жайында айтып берсеңіз?
– Өзіңіз білесіз, дінтану сараптамасын жүргізу – өте күрделі жұмыс. Сараптамаға келіп түсетін еңбектерде тек дінге қатысты мәселелер ғана жазылмауы мүмкін. Ол жерде өзге де салаларды қамтитын тақырыптар қозғалады. Бұл өз кезегінде басқа саланың мамандарына жүгінуді қажет ететіні заңды құбылыс.
Сондықтан бұған дейін дінтану сараптамасын тек дінтанушылар мен исламтанушылар жүргізіп келсе, енді уәкілетті орган белгілеген тәртіппен басқа да саланың мамандары қатыстырылады. Атап айтқанда, саясаттанушылар, психологтар, әлеуметтанушылар және т.б.
Нақтырақ айтар болсақ, жаңа өзгерістерден кейін заңда бұл талап «Дінтану сараптамасын діни қызмет саласында арнайы білімі және (немесе) жұмыс тәжірибесі бар сарапшылар (мамандар), қажет болған кезде мемлекеттік органдардың өкілдерін және өзге де мамандарды тарта отырып, уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді» деп көрсетілген.
– Заңның «Діни рәсімдер мен жоралар» деп аталатын 7-бабы 7-1 баппен толықтырылды. Бұрын діни бірлестіктер құлшылық үйлерінен тыс жерде іс-шара өткізу үшін арнайы орындардан рұқсат алатын болса, енді тек хабарлаумен шектелетін болыпты. Бұл туралы не айтасыз?
– Заңның 7-бабының 2-тармағы бойынша Құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және (немесе) жиналыстар ғибадат үйлерінде (ғимараттарында) және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелері мен үй-жайларында, зираттар мен крематорийлерде, жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделері сақталған жағдайда тұрғын жайларда, қажет болған кезде қоғамдық тамақтандыру объектілерінде бөгетсіз жүргізіледі (жасалады). Өзге жағдайларда діни іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Заңға жаңадан қосылған 7-1 бап бойынша діни бірлестік ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы хабарламаны (бұдан әрі – хабарлама) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органына қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында олар өткізілетін күнге дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде береді.
Көріп отырғанымыздай, мұндай іс-шараларды өткізу үшін діни бірлестіктер жергілікті атқарушы органдарға алдын ала хабарлама берсе жеткілікті.
Хабарламада мына мәліметтер көрсетілуі тиіс:
1) іс-шараның мақсаты;
2) діни бірлестіктің – ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды ұйымдастырушының атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, діни бірлестіктің тұрған жері, діни бірлестік басшысының немесе өкілдерінің байланыс деректері;
3) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған арнайы тұрақты үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулықта көзделген талаптарға сәйкес келетін ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлар немесе қозғалыс маршруттары;
4) жоспарланатын күні, басталу және аяқталу уақыты, қатысушылардың болжамды саны;
5) дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, автомобиль көлігі құралдарын пайдалану ниеті, олардың жалпы саны мен қозғалыс маршруты;
6) хабарлама берілген күн.
Айта кетер мәселе, бұл жаңа баптың жаназа намазы, ауызашар және басқа да жеке адамдар өткізетін діни жоралар мен рәсімдерге мүлдем қатысы жоқ. Оны 7-баптың 2-тармағынан анық көреміз.
– Заңға енгізілген жаңа өзгерістер қатарында өңірлік діни бірлестіктерді құру талаптары да қарастырылыпты. Бұрын өңірлік діни бірлестік құру үшін Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын кемінде 500 адамның болуы тиіс еді. Қазір не өзгерді?
– Қазіргі талап бойынша да өңірлік діни бірлестікті құру үшін кемінде екі жергілікті діни бірлестіктің мүшелері болып табылатын 500 адамның бастамасы болуы керек. Бірақ, «Діни бірлестіктердің мәртебесі» деп аталатын 12-баптың 3-тармағынан әр жергілікті діни бірлестіктен кемінде 250 қатысушы болуы тиіс деген талап алынып тасталды. Яғни өңірлік діни бірлестік құру талабы жеңілдетіліп отыр.
– Мақсатбек Шахзадаұлы, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға басқа да қандай өзгертулер мен толықтырулар енгізілген?
– «Мемлекет және дін» бабының ар-ождан бостандығына қатысты 6-тармағы толықтырылған. Атап айтқанда, «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар» және «Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс» деген жаңа талаптардың пайда болғанын көреміз.
Сондай-ақ, 5-баптың 7-тармағына да өзгерістер енді. Ол бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары діни қызмет және дiни бiрлестiктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша «діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекітеді, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы діни бірлестіктер берген хабарламаларды қарайды».
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ