Ғаламат шеберлікпен жаратылған Әлеммен үйлесіп өмір сүру – бақыт кепілі. Өміріміздің белгілі бір кеңістікте, белгілі бір уақыттың аясында өтетіні белгілі. «Кеше-бүгін-ертең» деген уақыт өлшемінің ішінде жігіттікпен қоштасып, орта жаспен достасып, қазыналы қарттықтан үміт етіп жүріп жатқан жайымыз бар. Бірақ өмір зырлап өтсе де, көңіл қартаймайтынын, тән тозғанымен, жан көнермейтінін, рух асылдығын жоғалтпайтынын біразымыз білеміз. Жалған дүниенің ішінде жүріп Ақиқатқа ұмтылып, мәңгілікті аңсаймыз. Өзіміздің бір Бүтіннің бөлшегі екенімізді, Мәңгіліктің бір үзігі екенімізді сезінеміз…
Ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Миғраж оқиғасына қатысты айтылатын «Уақыт ішіндегі уақыт» қиссасына, жалпы Миғраж кереметіне және «Негізінде Алланың қасындағы бір күн – сендер (жер бетінде) санайтын мың жылмен тең» («Хаж» сүресі, 47-аят) немесе «Ол жоғарғы орынға періштелер және Жәбірейіл мөлшері елу мың жылдық бір күнде шығады» («Маъариж» сүресі, 4-аят) деген аяттарға қарасақ, мәні мен жағдайына, орнына қарай уақыттың өлшемі өзгеретінін, уақыттың да иесі – Алла Тағала екенін түсінеміз…
Тәнге байланған нәпсілік өзек арқылы тіршілік ету немесе Ұлы Жаратушымыз «үрлеп» салған («Хижр» сүресі, 29-аят)[1] рухты негіз еткен ғұмыр кешу – бізге берілген таңдау. Абайша айтсақ: «мен» менен «менікін» ажырата білу, ар-иманмен күн кешуге тырысу – жүрер Жолымыздың мазмұны. Нәпсіге байлану, сол «дүрбімен» қарап, соның құндылықтарымен өмір сүру – жалғанның жетегінде жүру. Ал рухани өзегімізді танып, имани құндылықтармен өмір сүру – Хаққа бастар, мәңгілікке қауыштырар тура Жол. Осылайша мәңгілік негізімізді тауып, оны өзек етіп ғұмыр кешу – «суреттен» мән-мазмұнға өту болмақ; жалғанның ішіндегі ақиқатқа, уақытшаның ішіндегі мәңгілікке қауышу болмақ…
Осы сырды түсінген жан өлім қорқынышынан, уақыт қысымынан, дүние шабуылынан, нәпсінің адасуынан, шайтанның азғыруынан алыстамақ; ішкі еркіндікке жетпек…
Біздіңше «Мәңгілікпен үйлесу» дегеніміз осы. Анығын Алла біледі!..
Алғадай Әбілғазыұлы
[1] «Оның жаратылысын тамамдап, рухымнан үрлеген (жан салған) сәтте оған сендер (періштелер) сәжде етіңдер!»