Әр адамның жол ұстазы – уақыт пен өмір. Уақыт – өмірдің мәнін ұқтырса, ал өмір – уақыттың құнын көрсетеді.
Мемлекеттің болашағы – ұлттық тұтастығы мен руханиятын сақтап қалуында. Мемлекеттіліктің ұзақ өмір сүруінің мәні, ол елдің перзентінің ары мен намысында, иманында. Отанын сүйген жүрегінде, білімділігі мен еңбекқорлығында, ғылымға деген ынтасында.
Пенде жаратылысынан жалығуға бейім (Абай). Ал, отаншылдықтан жалықпау – жаныңа толассыз келетін энергияда. Ол энергияны әр пенде өз иманынан алады. Біз осы мазмұнды құндылықтар төңірегінде ақылмен ойлап, жүрекпен ғана сезбекпіз.
Кез келген мемлекеттің негізгі құраушы ұлты болады. Бұл жердің негізгі иесі – қазақ. Отанның болашағы да сол ұлтқа тікелей байланысты. Данышпан Абай айтқан отаншыл «толық адамды» қалай тәрбиелейміз деген ой – бүгінгі заманның негізгі мәселесі.
ХХ ғасырдың ұлы ойшылы Алберт Энштейн былай депті: «Егер бақытты, болашақты өмір сүргің келсе, мақсатқа тәуелді бол». Ойшылдың ешқашан үмітіңнен айырылма, үмітсіз шайтан ғана болады деген ойы шығар. Біз қазақ бұны осылай түсінеміз.
Біздің түсінігімізде қараңғылық деген болмайды, қараңғылық – жарықтың түспеуінен. Мың қайғының қамалын, бір тәуекел бұзады. Кез келген істің оңалуы, ол тәуекелге тікелей байланысты. Тәрбие – ұлттық, білім – ғаламдық болуы қажет деп санаймын.
Ұрпақтың саналық рухының харекетке ұмтылуына басты кедергі – нәпсісі, еріншектігі. Данышпан Шәкәрім мұны былай тұжырымдайды:
«Еріншектен – салақтық.
Салақтықтан – надандық.
Бірінен-бірі туады.
Жоғалар сөйтіп адамдық».
Өз бейнесінде келсе ақылдың қамалынан өте алмайтынын білген еріншектік, кейде адамға сабырдың тонын жамылып келеді екен. Сабырдың да өз шегі болады. «Еріншектің көп қырының бірі, адамды қоғамдағы «басқа адамдар» арқылы, «өзгелер» арқылы алдайды. «Өзгелерді» мысалға ала отырып, харекетке талпынған рухтың, ақылдың көзін байлайды (О. Жәлел)».
Мұны неге айтып отырмыз. Себебі жасампаз жасты қалыптастыратын еңбекқорлығы, жалқаулығы емес. Адамдық болмысты сақтайтын руханият сөзінің түпкі мағынасы «рух». Қазақ сан ғасырдан бері ұрпағының рухын тәрбиелей білген. Төрт мың жылдан бері қазақтың мемлекеттілігінің сақталуы осыған байланысты.
Отаншылдық санада ұрпақты тәрбиелеуде рухани тақырыптар не үшін айтылуы қажет, деген сұрақ туады. Адамзат алдында «Рухани құлдырау» деген қорқыныш бар. Ең жаманы, жаман әдет адамның рухани дүниесіне білінбей кіріп, физикалық дүниесіне ауру, не кесел, не қырсық болып келеді екен.
Егер адам рухын тазарта алмаса, ертең баласына, сосын немере-шөбересіне ДНК арқылы өтетіні мәлім. Келешек ұрпақтың тағдыры ата-анасының рухы мен тәрбиесінің тазалығына тәуелді деген осы.
Әлем философтарының, өткен және қазіргі кезеңнің алдыңғы қатарлы тұлғаларының сөзіне иек артсақ, ол – адамның өз-өзіне деген сенімін қайтару екен. Сана тәуелсіз, өз-өзіне сенімді болса, ондай адам кез келген биікті бағындыруда, көздеген мақсатына жетуде кедергілерді бұзып өтпек.
Ал, біз ол сенімді ұрпақтың бойына қалай құймақпыз? Ойлансақ, ұрпақтың руханиятына әсер ететін дүниелерді жасағанда пайдалы ертегіні де дұрыстап айта алмайды екенбіз.
Мысалы, Қазақтың әз-Жәнібек ханы қан майданда арпалысып жүргенде Мәскеу князі III Иван идеологиямен айналысыпты. Бірақ мұны князьдің өзі емес, Филофей деген шіркеу қызметшісі тындырды.
Енді қызыққа қараңыз, әлгі діндар мынадай ертегі ойлап тауыпты. Ақырзаманға дейін әлемде үшінші Рим болады екен. Ол – Мәскеу. Шашыраған халықты «діндар» Филофей осыған сендірді (Р. Рамазанұлы).
Бұл, адамға биік белеске ұмтылдыратын «сенім» мәселесі. Мүмкін, біз жастарға рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттағанда пайдалы ертегіні қолдануымыз қажет шығар.
Кезінде данышпан Сократ айтыпты дейді: «Мен өмір сүру үшін тамақ ішем, тамақ ішу үшін өмір сүрмеймін», – деп. Біз қалай өмір сүреміз, кім үшін өмір сүреміз, Отанға қызмет етуіміз үшін не істеуіміз керек, қайткенде Отанның болашағын сақтап қаламыз деген ой, әр кезеңнің ұрпағының санасында болуы шарт.
Бабаларымыздың түсінігінде: «Ер азаматтың үш намысы болады. Иманы, Отбасы, үшіншісі – Отаны». Шәкәрім атамыз: «келдім қайдан, қайтсем пайдам, өлгеннен соң не болам», деген сұрақтарға ӘР ҚАЗАҚ жауап іздеу керек дейді. Осы үш сұраққа жауап тапқан ердің ғана аты шын адам болады екен. Бабаларымыз айтқан үш намысыңды қорғау – сенің адамдығыңның басты шарты.
«Отанды не үшін сүю керекпіз? Отан деп жанымызды ауыртудың не қажеті бар? Неге күнімізді көріп, тіршілігімізді жасап жүре бермейміз?» дейтін кейбір жастар бар. Сұрағы айқын болғанымен, жауабы қате. Біз жоғарыда ата-бабаларымыз айтқан ер азаматтың үш намысының бірі Отаны екенін айттық. «Отанды сүю – иманнан» деген хадис бар. Демек, бұл хадистен түйетініміз, Отаныңды сүймесең, иманың кемел болмайды дегенді меңзейді.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Меккеден қуылғанда, туған қаласына қарап, жылап тұрып: «Мәжбүр болмасам, сенен кетер ме едім, ей туған жерім?!», – деген екен. Бұл Пайғамбардың да туған отанына деген махаббатын көрсетеді.
Құран кәрімде де «Сендерді ұлт пен ұлыстан жараттым, бір-бірлеріңді тану үшін» деп, ұлтты жаратушы және оған отан беруші Алладан екенін ұқтырады. Біз ата-анамыздың баласы болғанымызбен, ұлттың ұлы екенбіз. Әр адам дүниеге келерде екі нәрсені таңдай алмайды екен. Ол – Отаны мен ата-анасы.
Өткен тарихтағы ата-бабаларымыздың түсінігінде «Қараңғылық деген болмайды, қараңғылық – жарықтың түспегінен болады» деген сана орнаған. Кез келген уақытта ұлтқа, Отанға жарықты түсіру – ол ұлттың қолындағы нәрсе. Осы жерде данышпан ақын Омар Һаямның мына өлеңіне құлақ түрсек:
«Жүректің түріп құлағын,
Ойланып тағы қарашы.
Кімсің сен, қайда тұрағың,
Енді қайда барасың?»
Ақынның бұл сұрақтары ұлттың жан-дүниесіне үндеу салып тұр. Яғни, өзіңді танып ал, содан кейін өзгені тани аласың дегенді меңзейді.
Қазақтың жанкештілігі «тән мен ақылдың» керегін бере отырып, ұрпақ тәрбиелегенде жүректің де керегін толтыра білуінде. Себебі тек тәні мен ақылдың азығын ғана беріп, жүректің азығын бермесе, онда жүрек те тыңдау сезімінен ажырайды екен (Отанға қызмет ету әр адамның отаншыл жүрегіне байланысты).
Яғни, адам бұның кесірінен адамдық болмысынан айырылады. Хәкім Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деуі осыдан.
Қазақтан қаншама ақыл иелері, данышпандар, қайраткерлер шықты. Бірақ, олардың басымы ұлт үшін күрес жолында мақсатына жете алмады. Тарих бізге екі мағына ұсынады: біріншісі, біз тарихтан өнеге аламыз, екіншісі, тәжірибе жинаймыз. Алайда, хәкім Абай айтпақшы «қазаққа қазақ дос болмаса, істеген ісіміздің бәрі бос» болмақ.
Отанымызды Мәңгілік ел етуде бізге отаншылдық таным, ғылым мен материалдық байлыққа ұмтылыс аса қажет. Тарихтың талай зұлматтары қазақтың тізесін бүккізгенде, оған жалқаулығымыз бен енжарлығымыз себеп болды.
Мәшһүр Жүсіп бабамыз: «Ұшқан құсты торға түсіретін де, қашқан аңды орға түсіретін де – тамақ. Адамның жауы – иегінің астында», – дейді. Яғни, ішкі жалқау құлқың. Мәңгілік ел болуды армандасақ, рухымыз мықты болуы қажет.
Тарих – тек жеңімпаздарды ғана ұнатады. Мойындасаңыз да, мойындамасаңыз да, шындық осы.
Kazislam.kz