Бүгін Маңғыстау облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Ақтау қаласындағы орта мектептердің зайырлылық және дінтану пәндерінің мұғалімдері мен психолог мамандарына «Діни конфликтінің себептері мен алдын алу жолдары» тақырыбында семинар өтті.
Семинарды Алматы қаласы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл» орталығының директоры, теолог Нүсіпханов Тимур Нүсіпханұлы жүргізді.
Бүгінгі шарада мұғалімдерге діни конфликт және әлеуметтік-мәдени конфликт ұғымдарының мәні туралы айтылды. Елімізде әлеуметтік-мәдени конфликтілер мен оның астарындағы діни факторлардың көрініс беру үрдісі кездеседі. Бұған ықпал ететін жағдайлар анықталып, алдын алу бағытында мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқан шараларды айтуға болады.
Бүгінгі семинарда педагогтарға діни фактор негізінде туындаған конфликтілердің қоғам үшін қауіптілігі жөнінде тың ақпараттар берілді. Сонымен қатар жастар арасында әртүрлі діни жанжалдың алдын алу бағытында әдіс-тәсілдер беріліп, туындауы мүмкін діни мәселелерді ымыра, келісім және татулық арқылы шешу жолдары айтылды.
Шара соңында Маңғыстау облысы дін істері басқармасы тарапынан қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.