Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлының төрағалығымен өңірге қарасты қала, аудан, ауыл мешіттерінің жылдық есебі тыңдалды.
Қорытынды жиынға Ақтау, Жаңөзен қалалары мен Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы және Түпқараған аудандарындағы құлшылық үйлерінің бас имамдары қатысып, 2021 жылы атқарылған іс-шаралар есебі туралы баяндама жасап, ҚМДБ тарапынан бекітілген үлгіге сай презентациялар көрсетті.
Қала, аудан және ауыл имамдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан берілген тапсырмаларға сәйкес, жұмыстың жеті бағыты – ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие – Ихсан ілімі, дін мен дәстүр сабақтастығы, жат діни ағымдармен жұмыс, мешіт жанындағы еріктілер топтарының қызметі және өзге де бағыттар бойынша толық әрі нақты ақпарат берді.
Жиын соңында келесі жылы жұмыс жоспарына қатысты имамдардың ұсыныстары мен пікірлері ортаға салынды. Өңірдің бас имамы Әнуар Ізімбайұлы жылдың жалпы есебін жариялап, имамдар жұмысының кемшілік тұстарын атап өтіп:
«2022 жылы да ҚМДБ Маңғыстау облыстық өкілдігі қайырымдылық және діни сауат ашуға қатысты жобаларды, мешіт-медреселер салуды және қалпына келтіруді, дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және өзге де бағыттағы жұмыстарды жоспарлап отыр. Бұл – өте маңызды мәселелер, сол себепті баршаңыздан жауапкершілікпен қарауды сұраймын» деді.
Жиын қорытындысы бойынша жұмыстың жеті бағыты бойынша ерекше белсенділік танытқан имамдар мен дін қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталды.
Дерекөз: muftyat.kz