Мюнхендік Баварияның мұсылман жұлдызы Садио Мане биыл Африканың үздік футболшысы атанды. Ол осы жылы Сенегал құрамасы сапында Африка ұлттар кубогын ұтып, әлем чемпионатына жолдама алған болатын.
Мане бұл атаққа таласта “Ливерпуль” сапында өнер көрсететін мысырлық Мұхаммед Салах пен челсилік Эдуард Мендиді артқа тастады.
“Мен үшін бұл үлкен қуаныш”, – деді ол Caf Awards сыйлығын алып тұрып.
Айта кетсек, Садио Мане мықты футболшы болумен қатар, атымтай жомарттығымен де танымал. Филантроп жұлдыз өткен жылы өзінің туған қаласы Банбали қаласында аурухана құрылысына 500 000 фунт стерлинг бөлді (шамамен 600 000 доллар). Ал 2019 жылы сол қалада мектеп салу үшін 250 000 фунт стерлингті қайырымдылыққа жұмсады.