Өмір мен мән-мағына – егіз дүние. Өйткені мәнсіз, мағынасыз зат пен құбылыс болмайды. Материалдық әлемдегі әрбір зат рухани әлемнен бірнәрсені ишаралайды. Әр құбылыстың бастауы мен нысана-мақсаты бар. Яғни, өмірде «кездейсоқ» деген нәрсе жоқ, әр «кедейсоқтың» тасасында заңдылық немесе бір мән бар. Сол мәнді түсінген кезде сана кеңейіп, иман артады. Әрине бұл тұжырым «Әлемнің Ұлы Жаратушысы бар» деген имани танымға негізделген.
Мән дегеніміз – заттың мағынасын, құбылыстың құндылығын ашу. Ал құндылық – көрнекі әлемнің құпия қасиеті, шынайы бағасы; Жаратушы белгілеген құны. Сол себепті мән табу – жасырын тұрған құндылықты табу. Яғни құбылыстың тасасындағы Жаратушының хикметін түсіну, жарығына жақындау…
Заттың мағынасы, құбылыстың құндылығы анықталғанда – өмірдің мәні артады; адамның қадір-қасиеті ашылып, тіршілігіне береке кіреді…
Мән табу – Мұратты айқындау, мақсатты белгілеу деген сөз. Мәңгілік Мұрат-мақсаттан бөлек кішігірім мақсаттар, тіпті біркүндік, бір сәттік мақсаттар болатыны секілді, әр оқиға мен әр сәттің өз мәні бар. Тіршілік мақсаттары өмірлік Мұратына бағынған, бағытталған адамның мәнсіздік дертіне ұрынбасы анық…
Мән табу, мағынаны түсіну – қуатты арттырып, жігерді жаниды. Мәнін ұғынған жан: өмірді – мүмкіндік, сынақты – шыңдалу, қиындықты – асу, қателікті – сабақ деп біледі…
Мән табу – тұтас Жүйенің тәртібін ұғыну, Бөлшектердің жұмысы мен өзара байланысын бағамдау. Сол себепті Адам өзін – ғажап Бірліктің бір бөлшегі екенін түсінген, сезінген кезде: қауіпсіздікті, қамқорлықты, тыныштықты – Бақытты сезінеді. Иман келтірудің бір мәні де – осында…
Мән-мағынаны адам ойлап таппайды, іздеп табады; іздеу жолында ақыл-парасатын қолданады. Мән дүниемен бірге жаратылғандықтан, ол ашылады, түсініледі, сіңіріледі. Яғни мән-мағына – жеке адамның деңгейіне-қабылдауына қатысты құбылғанымен, обьективті күйінен айнымайды: шынайы Мән – адамның (жаратылыстың) бәріне ортақ…
Өмірдің, тұтас Тіршіліктің түп мәні немесе ең Жоғарғы Мән – Алла Тағаланың сыры. Оны толық түсіну – ақылының өзі жаратылған пенденің еншісіне бұйырмаған дүние. Хақ Құдайдың затын, ақиқатын толық түсіну мүмкін еместігі секілді, Түп Мәнге жету де – беймүмкін, тек жақындау ғана бар. Бас иіу мен сену бар. Ал бас иіу мен сенуді Иман дейді…
Мән табу – саналы ғұмыр кешу деген сөз; әдеттің құлы, кездейсоқтықтың құрбаны, жағдайлардың тұтқыны болудан, бір сөзбен айтқанда: бейшаралық пен мағынасыздықтан құтылудың Жолы. Мән табу: ойыңда – айқындық, ісіңде – нақтылық, сөзіңде – нәр, көңіліңде – тыныштық, өміріңде – жүйе, тіршілігіңде – береке, айналаңда – нұр барлығының белгісі.
Мағына іздеу, мән табу – ойсыздықтың, адасудың, азғындаудың алдын алады; көкірек көзінің ашылуына, жүрек қайратының оянуына, бойдағы қасиеттің артуына ең басты себепкер! Түйіндесек: Мән-мағына іздеу – ғибадат-құлшылықтың негізі, ар-иманның азығы мен нұры. «Дін ұстану, Құдайды іздеу» дегеніміз де – осы…
«Олар Алланы түрегеп тұрып, отырған күйі және жамбастап жатып еске алады, әрі аспандар мен жердің жаратылуы жайында ойланып: «Уа, Раббымыз, Сен мұны бекерге, мақсатсыз жаратпадың. Сен мақсатсыз, мәнсіз іс істеуден (барлық кемшіліктен) пәксің! Бізді тозақ отынан сақтай көр!» – деп тілейді».
(«Әли Имран» сүресі, 191-аят.)
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ