– Балалық шағыңызды Кеңес үкіметінің тәрбиесінде өткіздіңіз. Сіздің қатарластарыңыздың басым көпшілігі орыс тілді, Кеңес тәрбиесін алған азаматтар.Солардың ішінен суырылып шығып, дін жолын таңдауыңыздың сыры неде?
– Пайғамбарымыздың бір хадисінде «Әр дүниеге келген сәби мұсылман болып туылады…..» деген. Яғни, иман әр адамның жүрегінде. Бірақ оны бірі білсе – бірі біле бермейді. Имандылық мұсылман баласына ана сүтімен дариды. Күндердің күнінде бүр жарған гүлдей жарқырап шыға келеді.
Ал, медресеге бар деп ақыл айтқан ағам Сәдуақас қари. Әрине, араб тілі қазақ тілі емес екені түсінікті жайт. Үйреншікті тіл емес. Уақыт өте тереңіне үңілген сайын қызықтырып, имандылық дәрістер үйіріп әкетті. Ислам діні мұхит сияқты. Еліктірді. Аллаға шүкір, жиырма жылдан астам уақыт өтті.
Дін саласында қызмет етудегі басты мақсатым – халқымыздың бір кездері көз жазып қала жаздаған имани құндылықтарына қайта оралуы үшін шама-шарқымша өз үлесімді қоссам деген ізгі ой болатын.
– Қызметін атқарып келе жатқаныңызға 20 жылдың жүзі болыпты. 20 жыл ішінде мешітте ауыз толтырып айтарлықтай қандай өзгерістер болды?
– 20 жыл тарих үшін қас-қағым сәт болағанымен, еліміз үшін толағай табыстарға толы болғаны баршамызға мәлім. Сол табыстардың қатарында, діни өмірімізде де айтарлықтай үлкен өзгерістер болды. Ең бастысы, халықымыздың діни сауаты артты, намазхан бауырларымыздың саны едәуір өсті, діни сауатын ашуға ниетті азаматтардың саны ұлғайды.
Сонымен бірге халқымыздың дәстүріне айналған діни жоралғыларымыз өмірге оралды. Мәселен, дүниеге келген сәбилерге азан шақырып ат қою үрдісі, неке қыйдыратын жас жұбайлар көрсеткіші еселенді.
– Кезіндегі Ақмола қаласында бар жоғы жалғыз мешіт болатын. Ал, қазір мешіттің саны көбеюмен қатар, намазханалар саны да артып келеді. Сіз, имам ретінде намазханалар жайында не айтасыз?
– Намазханалардың болғаны, әрине, орынды. Алып шаһарлар үшін қандай да болмасын намазханалар керек-ақ. Елміздегі әр елдімекендегі намазханалар әр дәрежелі Дін істер басқармалары жағынан жіті қадағаланып отырады. Бұл жөнінде пікір айту имамдардың құзыретінде емес.
– Имам болған жылдар ішінде шамамен қанша адамға Құран әліппесін үйреттіңіз?
– Имамдық – біле-білген адамға ұлағатты қызмет. Әрдайым адамдарды ізгілікке, өскелең мораль мен ұлы құндылықтарға насихаттап отырасың. Өміріңнің әрбір сәті шәкірттерге білім беруімен де құнды әрі мәнді өтеді. 20 жылдық ғұмыр белесінде қанша адамға Құран үйреткенім есімде жоқ. Дегенмен, алдыма келген азаматтарды ешқашан кері қайтарған емеспін. Бұл менің имам әрі азамат ретіндегі қасиетті борышым деп есептеймін.
Ал, медреседе сабақ берген кезеңде алдымда отырып дәріс алған азаматтар аз болған жоқ. Солардың біраз бөлігі бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде діни салада белсенді жұмыс істеп жүр.
– Сіз азан шақырып, атын қойған сәбилер қазіргі күнде жоғарғы оқу орындарында оқып жүр. Соларды көргенде қандай сезімде боласыз?
– Пәлендей өзгеше сезім бола қояды деп айта алмаймын. Дегенмен, өмірдің өтіп бара жатқанын, адамдық ұлы мұрат болып саналатын «Алла ризалығына» жетудің мүмкіндіктері де бірінен кейін бірі жылыстап бара жатқанын сезінгендей боласың.
– Қоғамда имамдарды бес уақыт намаз өткізіп, шәкірт тәрбиелеп, қала берді, неке қиып, Құран оқып, жаназа шығарып қана жүретін адамдар ретінде қарайтын көзқарас бар. Айтыңызшы, басқа қандай функцияларыңыз бар?
– Имамдар тек сіз айтқандай ғана міндеттермен шектелмейді. Діни рәсімдерден бөлек, жаңжалдасқан ерлі-зайыптыларға дұрыс бағытта кеңес беру, әлеуметтік ортада болып жатқан келеңсіз жағдайларда бітімгершілікке шақыру, ақпарат құралдары арқылы уағыз-насихат жұмыстарын жүргізу, әр түрлі психологиялық кеңестер беру, басқа діни ағымдардың жетегінде жүрген азаматтармен етене араласып, сұхбаттаса жүріп, дұрыс бағытқа баулу, әр дәрежелі оқу орындарында имандылық тақырыбында лекциялар оқып, пікірлесу, т.б халықтың мұң-мұқтажына қол ұшын беру – имамдық қызметтің жазылмаған кодекстері деуге болады.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қарамағында сонша жылдан бері бір орында жұмыс жасап келе жатқаныңыздың сыры неде?
– Мүмкін, оған менің бір жерде ұзақ жылдар бойы мол тәжірибе жинақтап, халықпен етене, тығыз байланыста болып, мұң-мұқтажына ортақтаса білгенім себеп болған шығар.
– Көкейіңізде жүрген жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз?
– Атадан қалған асыл мұраны сақтап, ақылды ұрпақ тәрбиелеу – қасиетті парызымыз. Туған ел, туған жер үшін жасалатын жақсылықтардың барлығы ізгі ниеттен, иманнан туатыны даусыз. Расул (с.ғ.с); «Отанды сүю – иманнан» деп хадисте бекер айтпасы анық. Имамдық қызмет барысында ұлағатты шәкірттер тәрбиелеп, халық кәдесіне сапалы қызмет жасай беру – менің басты жоспарым болды. Бұл – әрбір имамның көкейінде жүрген асыл масқат.
– Отбасыңызда балалар қалай тәрбиеленуде?
– Үйде де, түзде де ана тілінде сөйлейміз. Ұрпағымыз инабатты, кішіпейіл, еңбек сүйгіш болып өссе дейміз. «Атақ-даңқ – мұз, байлық – тұз, бала – артыңда қалар із» деген дана сөз бар. Ұл-қызымыз ұлтының қанға сіңген асыл қасиеттерін, ана сүтімен дарыған адами құндылықтарды бойына сіңіріп өссе құба-құп.
– Әңгімеңізге рахмет!
Cұхбаттасқан Оразбек Сапархан