Жалпы, Ислам діні қанды тамақ ретінде пайдалануға қатаң тиым салады. Қанды жеуге немесе ішуге болмайды, харам. Ғалымдардың жасаған зерттеулерінің нәтижесінде қан құрамында көп мөлшерде зәр қышқылы бар екенін анықтаған. Бұл – өте улы зат. Оны қорек ретінде пайдалану денсаулыққа едәуір зиян тигізеді. Демек, шариғат талаптарына сай арнайы тәсілмен бауыздамай малды токпен немесе басқа да жолмен өлтіру арқылы сойғанда қан толық шықпайды. Тек аз мөлшері ғана шығады, басым бөлігі ағзаға қалып қояды.
Шариғат тәртібі бойынша бауыздау
Шариғат терминінде бауыздау деп арнайы әдіспен мал союды айтады. Нәтижеде, малдың денесінен қан толығымен дерлік шығады. Ол үшін тамақтағы басты тамырды кесу қажет. Сонымен бірге, басқа тамырларға тиіп кетпеу керек. Бұл ми мен жүрек арасындағы байланыстың үзілмеуіне септігі тиеді. Ал, жүректің қағысы болса қанды толығымен сыртқа айдап шығады. Осылайша, малдың ағзасында қан айтарлықтан қалмайды. Еті қызғылт емес, ақшыл боп болады. Алайда, бауыздағанда үлкен тамырмен қоса басқа да тамырлар кесілсе, малдың ағзасында қан қалып қояды.
Басқа тәсілдің барлығы тиым салынады
Бауыздаудан басқа тәсілдің барлығы да дұрыс емес. Малды балта, ток немесе басқа да ауыр затпен қатты соққы беріп есеңгірету арқылы бауыздау харам. Ең әуелі бұл асқан қатыгездік әрекет. Екіншіден, бұл жағдайда қан тамырда сол күйінше қалып қояды. Осылайша, малдың етінде зәр қышқылы сақталады. Ал, бұл адамның денсауылығына өте зиян. Мәселен, батыс еуропа елдерінде бауыздау әдісі өте сирек қолданады. Ол елдердегі ет тұтынушылары арасында белең алған дерт аяқ-қол буынының ісінуі. Өйткені, еттегі қышқыл буындарға отырады. Міне, сондықтан шариғат бойынша бауыздау әдісі малдың етін таза және пайдалы болуында үлкен маңызға ие. Демек, Исламдағы әрбір бұйрық пен тиым адам игілігі үшін екенін аңғару қиын емес.
Әрбір тиымның тиімді жағы бар
Шариғатта қатаң тиым салынған әрбір іс-әрекет адамға зиян болғандықтан екені мәлім. Әрине, бізді жаратқан Алла Тағала бізге ненің зиян және ненің пайдалы екенін бізден жақсырақ білетінінде дау жоқ. Олай, болса адал боп тұрған асымызды өз қолымызбен харам етпейік. Әйтпесе, оның салдарының ең жеңілі денсаулықтан айырыламыз. Ал ауыры ақыретте күтіп тұр.
Руслан ҚАМБАРОВ,
исламтанушы