Адам баласының қажетіне жаратылған жануарлар шариғат жолымен сойылмайынша халал болмайды. Абдулла ибн Омардан келген хадисте былай делінген: «Бізге екі ғана өлексе халал етілген, екі өлексе дегеніміз: өлген шегіртке мен өлген балық». Яғни балық пен шегірткені союдың мүлдем қажеті жоқ. Ал, басқа жануарлар болса, міндетті түрде сойылу керек.
Алла Тағала айтады: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды. Және буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал харам …» Бұлардың бәрін жеуге болмайды, «… бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандардан басқа».
«Ей, иман келтіргендер! Сендерге рызық етіп берген адал (астарынан) жеңдер және егер Аллаға ғана құлшылық ететін болсаңдар, (өздеріңе берілген адал асқа) шүкірлік етіңдер»–деген.
Малды Алла Тағала адам ырзығы үшін жаратқан десек те, оның өзінше тәртібі, міндеттері бар. Сондықтан мал сою кезінде сақталу қажет болған негізгі екі шартына тоқталайық.
Бірінші шарт: Мал соятын адам ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман болуы керек. Мал союшы есін білмейтін бала болса, бауыздалғаны харам. Ал егер үлкен, яғни жеті жастан асқан әрі союдың мәнісін түсінетін болса, бауыздалғаны халал болады. Сол сияқты есі дұрыс емес адамның сойғаны харам.
Екінші шарт: Малды «Бисмиллә» деп сою керек және «Аллаһу Акбар» деп қосса абзал болады.
Ерекше ескеретін қағида, малды іліп соятын болса, артқы аяғынан іріп бастау керек. Сосын артқы аяғынан іліп қойып төмен қарай терісін сылиды. Тері бағалы материал болған. Оны тұздау, өңдеу бөлек тақырып.
Мал етін қажетіне қарай бөледі. Қол-қол, сан-сан қылып бөлу, бірден жіліктеп қақтау, қазанға сала беретіндей етіп бөлу сияқты түрлері кездеседі. Қазіргі заман сұраныстары мен қажеттіліктеріне байланысты фарш, стейк сияқты асханалық талаптарды да ескеріп бөлшектеу түрлері көбейген. Уақ малдардан бөлек жылқы, түйе, ірі-қара еттерін жіліктеу ерекшеліктері бар.
Мал етін бөлшектемей тұрып бірінші өңешін байлап алады. Өйткені өңештен жыны ағып кетсе бүкіл етте исі қалып қояды. Жалпы ішек-қарны, қаны, жыны төгілген жерді көміп немесе әбден сумен шайып кетіреді. Ол жерді басуға, отыруға, жатуға болмайды. Малдың қаны, жыны аққан жерге жын жиналатынын дінімізде, дәстүрімізде ескертеді.
Егер құрбандыққа шалынатын мал болса, оны мал шалушы адамның отбасы, балаларына қойдың жүнінен ұстатып қойып бауыздаған. Жалпы, балалардың жануардың жаны ауыратынын сезіп өскені жөн. Мал жанының оңайлықпен шыға қоймайтынын, денеге салған жарақаттың қаупі туралы түсініп өседі. Көзімен көріп қолымен ұстап отырып сезінеді.
Кейінгі кездерде жасөспірім балалардың бір-біріне аяусыз қатыгездікпен жарақат жасап, аяғы қайғылы жағдайларға әкеп соғып жатқанының куәсі болып жүрміз. Компьютерлік ойындардағы қан мен шынайы қанның иісін ажыратып үйрету арқылы ата-аналар балаларын қатыгездікпен жасалатын қылмыстардан сақтап алдын алып отырады.
Қазір көпшілігі үйінде мал союды тоқтатқан. Дайын базардағы етті сатып алғанды ыңғайлы көреді. Қалалық өмір, көпқабатты үйлердің өмір салты мал сою әдебін, дәстүрін ұмыттырды. Сондықтан қазақпын деген әрбір адам мал сою әдебін білгені абзал.
Бақтияр ОСПАНОВ,
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің дінтанушы ғалымы,
Қызылорда облысы