Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленген Махмұд Сабырхан биіктерді бағындырып келе жатқан жас спортшы. Шымкенттік жігіттің қолғап түйістіруін көпшілік екі дүркін олимпиада чемпионы, украиналық Василий Анатольевич Ломаченкоға ұқсатып жатады. Тіпті «Қазақтың Ломаченкосы» деп атап жатқандар да бар. Өзіндік тактикасымен талайды тамсандырған боксшымен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– Махмұд Айдарханұлы, Сербияда өткен әлем чемпионатында әр раунд сайын қарсыластарыңыздан басым түсіп, еркін жеңіске жетіп отырдыңыз. Сондықтан болар, жанкүйерлердің барлығы Сізді «алтын» алады деп болжады. Ал жапондық боксшымен болған соңғы шешуші сәт баршасын өзгертіп жіберді. Қай жерден қателестіңіз?
– Жалпы біз әлем чемпионатына үлкен дайындықпен бардық. Бес рет кездесуге шығып, төртеуінде жеңіске жеттім. Бірінші жекпе-жек ешқандай қиындық тудырмады. Екінші айқаста қарсыласымнан 4:1 есебімен басым түстім. Үшінші, төртінші кездесулерде де жеңіске жетіп, финалға шықтым. Бұл төрт кездесуім де өзіме қатты ұнады. «Баркер» кубогын алып қайтамыз деп ойладық. Дегенмен, ақтық сында жапондық Тамоя Цубойға есе жіберіп алдым.
Біршама қателіктер кетті. Қазір жаттығуды бастадық, шаршы алаңда жіберген қателіктеріммен жұмыс істеп жатырмын. Алдағы уақытта жаттығуды күшейтеміз. Мен негізі бұл жарысқа тек жеңіс үшін барған болатынмын. Сондықтан әлі де финалдағы жеңілісім үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын.
Алла қаласа, бұл жарыста кеткен есемді, 2023 жылы Ташкент қаласында өтетін әлем чемпионатында қайтарамын. Сонда «алтын» аламын деп уәде беремін.
– Жанкүйерлердің көпшілігі «Махмұд қарсыласын «менсінбей» шықты» деген пікір білдірді. Шынында да солай болды ма?
– Ондай ойда болған жоқпын. Негізі бразиялық пен үнділік қарсыласым мықты еді. Соларды еркін жеңдім. Ал жапондық боксшыға келгенде тактика жағынан ұтылып калдым. Яғни, жапондық бокшысының бойы кішкентай болды. Ал мен өзімнен бойы кішкене қарсыласпен шығып көрмегенмін. Маған ыңғайсыз болды. Қазақстандағы қарсыластарымның баршасының бойы менімен бірдей немесе ұзын. Сондықтан менде тактикалық қателіктер кетті. Қазір өзімнен бойы кішкентай қарсыластармен кездесіп, тактикамды түзетіп жатырмын.
– Бокста кімдерді үлгі тұтасыз?
– Негізі маған екі дүркін олимпиада чемпионы, украиналық Василий Анатольевич Ломаченконың бокстары қатты ұнайды. Сол кісінің рингке шыққан сәтіндегі видеоларын көп көремін. Тактикаларын қолданғанды ұнатамын. Жанкүйерлерім де мені сол Ломаченкаға ұқсатып жатады. «Қазақтың Ломаченкасы», «Машина» деп лақап атпен атап жатқандарын есітіп қуанып қаламын. Сондай-ақ, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Данияр Елеусіновтің бокстары ұнайды. Жалпы өзім құрмет тұтатын біршама боксшы ағаларымыздың айқастарын үзбей көріп отырамын.
– Жалпы боксқа қалай келдіңіз?
– Мен Төлеби ауданына қарасты Маятас ауылында дүниеге келгенмін. Ауылымызда 2012 жылы жаңа мектеп салынды. Содан бокс үйірмесі ашылды. Оған дейін спорт үйірмелері болмаған еді. Сабақтан соң, сенделіп жүрген бізге спортпен шүғылдануға үлкен мүмкіндік туды.
Бүгінгі жаттықтырушым Ильяс Оралбеков ағайым сол жерге келіп, үйірмеге шақырды. Бардық. Бокс үйірмесінде жылға жуық жаттыққаннан соң, аудандық жарыстарда топ жара бастадым. Шымкент қаласында үздік шығып, республикалық жарыстардан жеңімпаз атанып келдім.
– Алғашқы шаршы алаңға шыққан сәттер есіңізде ме?
– Иә, есімде. Төлеби ауданында ұйымдастырылған аудандық жарыста қарсыласымды жеңіп, бірінші орын алдым. Медаль берді. Қатты қуандым. Содан боксқа деген қызығушылығым арта түсті. Қасымдағы достарыммен медаль алудан жарысатынбыз. Содан «әр жарыстан медаль алуым керек» деген өзіме талап қойдым. Қазір 100-ге жуық медалім бар.
– Естуімізше отбасыңызда спортқа қызығушылар көп екен. Бір үйдегі үш ағайынды жігіт былғары қолғаптың шебері атаныпсыздар. Жалпы ата-анаңыз ұлдарының спортпен шұғылдануына қарсы болған жоқ па?
– Иә, үйде үш боксшы бармыз. Ағам Мырзахан да бокспен шұғылданған. Тек отбасылық жағдаймен өзге салада қызмет атқарып жатыр. Төрехан есімді інім 3 дүркін Қазақстан чемпионы болды. Дубайда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Қызылордада өткен Қазақстан чемпионатында «Үздік боксшы» атағын жеңіп алды.
Ал әкем күреске қатты қызығады. Үйде бізге күрес үйрететін. Мені де күрес үйірмесіне бермекші болды. Бірақ ауылда ондай мүмкіндік болмады. Содан боксқа бардым.
Жалпы үйде 5 ағайындымыз. Спортпен шұғылдануға ата-анам қарсы емес, қайта қолдау білдіріп отырады. Әр жарысқа баратын кезде қарашаңырақта тұратын Шырынкүл әжемнің батасын алып, жолға аттанамыз.
– Елде болсын, әлемде болсын басты қарсыластарыңыз кім?
– Мен 54 келі салмақта шаршы алаңға шығып жүрмін. Қазір салмақ ауыстыру ойымда жоқ. Сондықтан қарсыластарым 50 келі салмақтың үстіндегі жастар. Ал әлемдік деңгейдегі жарыстарға енді барып жатырмын. Кешегі жапониялық, франциялық бокшылар менің негізгі қарсыластарым деп санаймын. Олардың көпшілігімен кездесу өткізіп жүрмін.
– Олимпиада демекші, жанкүйерлер тарапынан биылғы боксқа көп сын айтылды. Сіз де жанкүйер болдыңыз. Олимпиада ойындарындағы боксшыларымыздың жеңілісін қалай қабылдадыңыз?
– Әр олимпиадада бокстан алтын алу бізде қалыпты құбылыс, дәстүрлі жеңіс болып қалған. Өкінішке орай, биылғы олимпиадада олай болмады. Мен бұл жағдайды түсіністікпен қабылдадым. Шаршы алаңға шыққанда әртүрлі жағдай болады. Оймен арпалысып кету, аяқтың бір орында қатып қалуы секілді жағдайлар көп кездеседі. Рингтегі бір минуттың өзіне үлкен күш, қуат керек. Сондықтан түсіністік танытуымыз қажет.
– Парижде өтетін олимпиадаға дайындықты бүгіннен бастап кеткен боларсыз?
– Олимпиада шыңын бағындыру – әр спортшының арманы. Менің де алдыма қойған мақсатым сол. Қазір дайындықты бастадық. Ташкентте өтетін әлем чемпионаты мен Парижде өтетін олимпиадада алтын алу үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын.
– Жанкүйерлердің қолдауы әрқашан алға жетелейтіні анық. Сербия елінен кейінгі жеңісіңізден соң, жанкүйерлеріңіздің қатары көбейген болар?
– Жанкүйерлеріме ризамын. Барлығы өз құттықтауларын жазып жатыр. Жалпы мен бұл жарысқа «алтын аламын» деп барған болатынмын. Мақсатым 20 жасымда чемпион атану еді. Бұл межені орындай алмадым. Мүмкіндік болмады. Сондықтан көңіл күйім де түсіп кетті. Тіпті телеарнаға сұхбат берген сәтімде көзімнен жас шығып кетті. Әлем чемпионы атанып, алтын алған Сәкен, Теміртас ағаларыммен елге бірге келдік. Жанкүйерлер ешқайсымызды бөліп жармай, бірге күтіп алды. Ризамын.
Қазір М. Әуезов атындағы ОҚУ-дің 3-курс студентімін. Бірге оқитын достарым да теледидар алдында отырып, маған жанкүйерлік жасады. Отбасына менімен бірге оқитынын айтып мақтанады екен. Оның барлығы маған күш-қуат береді.
Инстаграмда да оқырмандарым бірден 16 000-ға дейін көбейді. Желі арқылы да жазып, құттықтап жатқан замандастарым көп. Баршасына рахметімді айтамын.
– Сербиядан келген соң, ауылдастарыңыз жиналып Сербия есімді жылқы мінгізді. Қазір көкпарға шығып, бәйге шауып жүрген боларсыз?
– Сербиядан келген соң, Маятас ауылындағы ағаларым, жалпы ауыл халқы жиналып, шапан жауып, ат мінгізді. Оған Сербия деп ат қойдық. Сондай-ақ, менің атымнан көкпар берді. Оған еліміздің әр аймағынан шабандоздар келді.
Қазір Сербия үйде. Атқа мініп көрдім. Тамаша, ұнады. Әкем де шабандоз. Көкпарға шығып тұрады. Төрехан інім де атқа қатты қызығады. Қазақстан чемпионатынан келе салысымен, медалін үйге қойды да Сербиямен серуендеп кетті. Қолдау көрсетіп үлкен сый жасаған жерлестеріме ризамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Жаттықтырушы Ильяс Оралбеков: Сербиядан үлкен тәжірибе жинап келдік
«Махмұд Сабырхан – әлемдік аренаға шығып жүлдегер атанған алғашқы шәкіртім. Маған 10 жастан бастап жаттығуға келген болатын. Бірінші кезде қарсыластарына өте ыңғайсыз еді. Қарсыласы ұрғанда тигізбейтін. Жұдырығын өткізіп жіберіп, өзін ұратын. Сол жағы өте ұнады. Өзін мықты жақтарынан көрсете алды. Содан бері 10 жыл өтіпті. Қазір Махмұдтың жасы жиырмада. Осы уақыт ішінде 3 дүркін Азия чемпионы, 4 дүркін Қазақстан чемпионы болды. Жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері, ересектер арасына кіргеніне бір жыл толғанда күміс жүлдегер атанды.
Аллаға шүкір, жетістіктері жақсы. Біз Сербия жерінде өткен әлем чемпионатынан үлкен тәжірибе жинап кайттық. Махмұд – мықты боксшы. Алла қаласа, олимпиада чемпионы атанып, атақты боксшы болатынына сенемін. Болашағынан үлкен үміт күтемін».