Мәһір – қыздың тұрмыс құрғаннан кейінгі ақысы. Ерлі-зайыптылар үйленбей тұрып, неке барысында немесе үйленгеннен кейін де мәһір ретінде не беретіндеріне өзара келісулеріне болады. Бірақ, осы келісім жасалғаннан кейін, мәһірге белгіленген нәрсені күйеуі өз қалауымен өзгерте алмайды. Алайда, сол белгіленген нәрсеге қосып тағы да артық зат беремін десе өз еркі. Сондай-ақ, әйел де некелесу барсында белгілі бір мәһір көлеміне келіскеннен кейін қайтадан ойын өзгертіп мәһірдің көлемінен артық нәрсе сұрай алмайды. Бірақ құны одан төмен нәрсеге өзгертуіне болады.
Ерлі-зайыптылар өзара келісе отырып, алдыңғы келіскен мәһірді басқа нәрсеге де ауыстыра алады. Бірақ, мұндай жағдайда екеуінің де келісімі, ризашылығы қажет. Бұны айтып отырған себебіміз, сұрақта «мәһір ретінде» емес, «мәһірдің орнына» делінгендіктен, мәһірге басқа нәрсеге келісіп, бірақ кейіннен оның орнына қажылыққа алып баруға болады ма деген мағына да шығатын сияқты. Сондықтан жоғарыдағы мәселелерге тоқталдық.
Ал енді, қажылық мәселесіне келетін болсақ, жоғарыда да айтылғандай, ханафи мәзһабы бойынша мәһір ретінде материалдық нәрсе белгіленуі қажет болғандықтан қажылық мәһір ретінде саналмайды. Сондықтан, екі жақ қажылыққа келіскен болса, бір ғалымдардың көзқарасы бойынша күйеуі қажылық шығынын есептеп, әйелінің қолына қажылық құнын беруі тиіс. Ол қаражатты алған әйел қаласа қажылыққа барады немесе өзіне қажет басқа да мақсатта пайдалана алады.
Ханафи мәзһабындағы екінші бір көзқарас бойынша қажылық мәһірге жатпайтындықтан, оның орнына қажылықтың құнын емес мисли мәһір берілуі қажет. Ал мисли мәһір дегеніміз некелесуді ниет еткен қалыңдыққа белгілі бір аймақта берілу әдетке айналған мәһір көлемі болып табылады. Яғни, сол тектес қыздарға қоғамда қандай мәһір беріліп жатса, сондай мәһір көлемін белгілеп беру қажет.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы